Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарықты жырымдап бере ме?

Жарықты жырымдап бере ме?

Мемлекетіміз өркениетті елдер қатарына қосылу үшін өзекті деген мәселелер бірінші кезекте шешімін табуы керек. Олардың қатарына – жол, ауыз су, жарық секілді адамның қалыпты өмір сүруіне қажетті дүиелерді жатқызуға болады. Алайда, соңғы күндері жарықтың сөнуі, қуатының кемуі сынды түйіткілдер жиі орын алып тұр. Бұл жағдай алғашқы рет емес, деп тұрғындар әлеуметтік желілерде жарыса жазуда. Сонымен «Жарықтың жиі өшуіне не себеп?» деген сұраққа жауап іздеп, аудандағы электр торабына хабарласқан едік...
Соңғы уақытта ауданда жарықтың сөнуі жиілеп кетті. Жарқырап тұрған жарықтың беймезгіл уақытта жылп етіп өшуі көптің ренішін тудыруда. Бұл мәселені алдын-ала Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы орын алады. Әлемдік тәжірибе ең оңтайлы жолды ұсынады – бейбіт атом. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» жыл бойы Қазақстанда қауіпсіз және экологиялық атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеуі тиіс», деп айтып өткен еді. Жасыл сутегі өндірісі перспективалы бағыт болып табылады. Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Демек, бұл республика бойынша бас ауыратын күрделі жүйе.
Қызылорда облысындағы жарықтың жетіспеушілігіне байланысты энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев «облыстың жалпы электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 172 МВ құрайды. Оның 29 процентін «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесі қамтыса, 6 процентін «СКЗ-U» ЖШС өндіреді. Қалған 65 проценті сырттан алынады. Электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Самұрык-Энерго» акционерлік қоғамына қарасты Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2 және Мойнақ ГЭС электр станцияларының электр энергиясын өндіру көлемінің шамадан тыс жүктелуіне байланысты шектеулер қойылды. Бұндай шектеулер облыста 3 қарашадан басталды. Алдағы уақытта оңтүстік аймақтарда электр энергиясын өндіруші станциялардағы энергия тапшылығы және қуаттың жетіспеушілігінен уақытша шектеулердің орын алатындығын хабарлаймыз. Шектеулер уақыты 17:30-дан 20:30-ға дейін болады» деп мәлімдеме жасады.
Енді ауданға оралайық. «Жарық неге сөне береді?». Осылай деп шағымданған Шиелі кенті Жүргенов тұйығындағы 5-пәтердің 18 тұрғыны бұл жағдайдың көктемнен бері қайталанып жатқанын алға тартады. Айтуларынша жарықтың кешкі уақытта қуаттылығы төмендеп кетеді екен. Тоңазтқыш, теледидар қоспақ түгілі, оқушылар мектептен келген уақытта сабақ қарауға мүмкіндік болмай қалады. Жел тұрса, жылп етіп, өшіп қалатын жарық мәселесі тек биыл ғана орын алып тұрған жоқ дейді, олар.
Жоғарыда айтып өткендей, барлық жұмыс жарыққа тікелей байланысты. Қолдағы «қалтафоннан» бастап, теледидар, компьютер, тоңазытқыштар электр желісінсіз жұмыс істемейді. Кейде жарық «жылп» ете қалып, қайта жанғанда осы құрылғылардың күйіп кетуі әбден мүмкін. Ал, оның шығындарына ешкім жауап бермейтіні анық. Сондықтан кент және ауылдық округтерде аудандық электр торабы әуе желілерін жаңарту, бағаналарды ауыстыру жұмыстарын қолға алуын сұрайды.
– Елімізде электр энергиясын диспечерлік реттеу жұмыстарын негізінен «KEGOC» АҚ акционерлік қоғамы жүргізеді. Акционерлік қоғам «Электр энергиясына неліктен шектеу жасады» десеңіз, біріншіден электр энергиясының тапшылығы, екіншіден елімізде электр қуатын пайдалану тым жоғарылап кетті. Әр аудандарға электр қуаты негізінен өзінің тапсырысы бойынша беріледі, және қазіргі таңда аудандардың электр қуатын пайдалану мөлшері тапсырыстан асып тұр. Сол себепті тікелей «KEGOC» АҚ тарапынан, орталық диспечерлік пункке тікелей тапсырма беріліп, жарық белгілі бір уақытқа өшірілді, – деді Шиелі аудандық электр торабының басшысы Нұржан Мейрамбайұлы.
Сонымен қатар, кент ішінде 70 процентке дейін жаңарған электр желілер де бар. Алдағы уақытта мердігер мекемемен 10 кв желілерді жаңарту үшін тиісті жұмыстар жүргізілмек екен. Атап айтар болсақ, Жуантөбе мен Майлытоғай ауылына жаңадан трансформатор орнату керектігін тиісті сала мамандары тілге тиек етті.
– Осы аталған ауылдық округтердегі электр желілері әлі күнге жаңармаған. Сол баяғы ескі күйінде. Біздің мекеме сол желілерді жұмысқа жарамды күйде ұстап тұру үшін жауапты, алайда инфроқұрылым жүргізуге қауқарымыз жетпейді. Ол тікелей ауылдық округ әкімдерінің бюджетке беретін сұранысының аясында жүргізіледі. Бұл тәжірибені іс жүзінде пайдаланған ауылдық округтер де бар. Атап айтсақ, Ақмая, Сұлутөбе елді мекендері көше жарығының есебінен қосымша қуат беретін трансформаторлар сатып алып, орнатуда.Бүгінгі таңда, Шиелінің шанхай бетінде орналасқан А.Тоқмағанбетов көшесіне жарық сымдарын тарту көзделіп отыр, – деді сала басшысы.
Сөз басында электр қуатын үнемдеу жұмыстары жүргізілетін айтып өткен едік. Өйткені, Мойнақ су электр станциясында ақаулар пайда болған. Уақытша орын алған ахаудың салдарынан Шиелі ауданы бойынша – Алмалы, Ботабай, 1-май, Бірлестік, Бестам, Қарамұрын, Сұлутөбе, Бала би, Тартоғай, Досбол би, Қарғалы, Жансейіт, Телікөл елді мекендерге уақытша шектеу қойылғанын айта кеткенді жөн көрдік.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
16 қараша 2021 ж. 465 0