Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресейден келген реңді көліктің әлегі көп

Ресейден келген реңді көліктің әлегі көп

Соңғы жылдары елде көліктің саны артып келеді. Соған қарай темір тұлпардың төңірегіндегі мәселе де көбейді. Дәл қазіргі басты түйіткіл - ешбір жерде тіркеуі жоқ Ресейден келген көліктер. Бұған дейін сапалы әрі тиімді бағада автомобиль іздеген халық түрлі жолын тауып, көрші елден арғымақ тасымалдап әлекке түскен еді. Енді олардың дені ешбір елде тіркелмегені, тіпті кейбір көліктің қылмысқа қатысы бары анықталып, «біреудің қаңсығын таңсық көрген» жұрт әлекке қалуда. Сондықтан да, осы мәселеге байыппен үңіліп, байсалды зерттеу жасауды жөн көрдік. Әлқисса…
Алдымен «Koleso.kz» бағдарламасын ашып, жарнамаларды жата-жастана ақтарып шықтық. Несін жасырайық, біздің елде тіркелген нөмірі бар көліктің құны шарықтап тұр. Жарнамаларға көз жүгіртіп отырып, бағасы арзан тұлпарға көңіл аудара қалсаңыз – Ресей нөміріндегі көлік. Жылы да жаңа, бағасы да әжептеуір арзан. Осыдан келіп тәуекелге басамыз… Әйтпесе бұған дейін де елде бірнеше рет шеттен келген көлікке қатысты дау болғанын ешкім ұмытпады.

Ресей көліктерінің не құдіреті бар?
Ресейден көлікті сатып алу да, оны елге әкеліп сату да оңай. Алдымен көлік иесі мен сатып алушы екеуара сату-сатып алу келісімшартын жасайды. Шекарадан өту де айтарлықтай қиындық тудырмайды. Қолыңда жеке құжатың, көлікке қатысты техника құралының ­паспорты мен куәлігі болса жеткілікті. Бұны бір деп қоялық. Екінші себебі – бағасы. Көршінің көлігі біздің елдегі көліктердің құнынан екі есеге дейін арзан тұрады. Үшінші әрі ең бастысы – ол жақтың көліктерінің «кузовы» күтілген, салоны сыланып-сипалған, жүрісі жетілдіріліп, қозғалтқышы қуаттандырылған. Яғни, сапасы мықты. Міне, сондықтан да халықтың дені көршінің көлігіне құмартып отыр.
Десе де бейресми дерек көздеріне сүйенсек, көршілес елден келген арзан тұлпардың дені – апатқа ұшырағандар. Кәнігі маманның әрлеуімен «ине-жіптен жаңа шыққандай» кейіпке енгізіледі-мыс. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дейді дана қазақ. Осы жерден бір ойланып алған жөн ау…

Сандар сөйлейді
Республика көлемінде 8-17 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шара аясында аудан тұрғындары тізгіндеген 3 автокөліктің ешбір елде тіркелмегені анықталып, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық талаптарына сәйкес айып алаңына қойылған. Жүргізушілерге құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, айыппұлдар төленген соң, көліктері айып алаңынан шығарылады. Дәл қазір аудан аумағында Ресейден келген 46 көліктің «ауада жүргені» анықталып отыр. Яғни ешбір жерде тіркеуде жоқ. Жол полициялары профилактикалық шара аясында жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген 17 көлікті анықтады. Оларға хаттама толтырып, тиісті шаралар көрілген.
Жалпы ҚР Ішкі істер министрлігімен жүргізілген талдау нәтижесінде республика бойынша Ресей Федерациясынан әкелінген автокөліктердің 88 мыңы есептен шығарылған. Яғни, не Ресейде, не Қазақстанда тіркеуде жоқ. Осы темір тұлпарлардың 6 мыңнан астамы Қызылорда облысы тұрғындарының пайдалануында. Шиеліде Ресейден әкелінген 872 көлік бар.
Одан бөлек іздеуде жүрген, ұрланған, жалпы «қылмыстық автокөлік» санатына енгізілген көліктер де бар. Жуырда Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көлікке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат берген. Бұл көліктердің белгілі бір қылмысқа қатысы бар, я болмаса, сол қылмыс нысаны болып саналады. Осы тізімдегі автокөліктердің қазіргі уақытқа дейін 200-і табылған. Қылмысқа қатысы бар көліктің 11-і біздің облыстан іздестірілуде.
Жалпы алғанда, ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынған талап Жол жүрісі туралы Заңының 63-бабында көрсетілген. Яғни, елге әкелінген автотехникалық құралдар міндетті мемлекеттік тіркеуге алынуы тиіс, ал халықаралық қозғалысқа қатысты мемлекеттердің құзырлы органдарында тіркелген көліктерге 1 жыл көлемінде жүруге рұқсат етілген.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экспорттық бақылау басқармасының басшысы Қайырбек Дүрменбаевтың айтуынша, мемлекеттік көліктерді алғаш тіркеу құны 729 тг, 2 жылдан 3 жыл аралығындағы көліктер үшін 145 850 тг, 3 жылдан жоғары жеңіл көліктерді тіркеу 1 458 500 тг.

ЗАҢДЫ БІЛМЕУ, ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БОСАТПАЙДЫ
Бұл жағдай бірер жыл бұрын ғана шумен аяқталған армениялық көліктердің оқиғасын еске түсіреді. Ол кезде де халық сол мемлекеттен көлік тасып, өзі мінді, өзгеге сатып кәсіп қылған еді. Кейіннен көпшілік техникаларын тіркеуге қоймай, наразылық акцияларын өткізді. Соңында сары нөмір тағатын болып мәселе шешілді. Бәлкім сол кезде қарапайым халық сабақ алу керек пе еді?
Не де болса «Ресейлік есептегі» автокөлік иелерінің алдында енді тек бірер таңдау ғана қалды. Не алым мен салымды төлеп «KZ» деген нөмір тағады, немесе сатып алу-сату шарты қолында болса, Қазақстаннан темір тұлпарын шығарып, Ресейге апарып сатады не өзге жолын қарастырады. Ал, құжаты жоқ не дұрыс емес азаматтарға тіптен қиын. Олар басы бүтін көлігін бөлшектеп сатпаса, басқа амал жоқ. «Арзанның сорпасы татымас» деуші еді атам қазақ. Біз бұл қағиданы естен шығарғандаймыз.
P\S. Айтпақшы, бірер күн бұрын құзырлы органдар жол полициясы Ресейден келген көлікті ереже бұзбаса тоқтатпайтынын мәлімдеген еді. Бірақ бұл «ауада жүрген көлік» иелерінің мәселесі шешілді деген сөз емес.

Гүлхан ЯХИЯ
12 қараша 2021 ж. 615 0