Арман жетелеген бала
Жетiге толысымен ата-ана бауырынан ажыраған, содан берi соқтықпалы өмiрi өкiметтiң босағасында келедi. Қазiр бәрiне көндiктi, көмбiстiкке үйрендi. Бүлдiршiн кезiнде тым-тым қиын едi. Не шара, тәңiрiнiң салғанынан шығар.
Соңғы кезде ой иектеп, бір сәт «оңаша» қалдырмайды. Ұдайы жадына оралатыны — өткен ғұмыры. Санасында сартаптанған сол бір шақтарды екшесе, көбіне өкінішке келіп ұрынады. «Ең құрымағанда әкем май-май жаман тракторшы болсашы — ауылдың орталығында үйi бар, өркениетке бiр табан жақын тұратын» дейді опынып. Құдай дiңкесiн құртқанда, пешенесiне ондай да бақ жазылмапты. Әйтпесе, осынша аңқасы мен кенезесi кепкен сағыныш шiлдесiн кешiп, зарығу мен торығуды басынан өткермеген болар едi.
Әкесi мен шешесi тоз-тозы шығып, жылына тоқсан тоғыз рет көшiп, естерi бiр жиылмай топалаң тигiр қой соңында жүре берiптi. Балаларының жайынан гөрi, алдыларындағы бiр отар саулықтың амандығын көбiрек тiледi.
Қабағынан қар жауып, кiрпiгiне мұз қатқан бiрмойын басқарманың пысы, оларды осыған мәжбүр еттi. Ұлдарына деген сағыныштан бауыр еттерi езiлсе де барғызбасы барғызбай, мәңгүртке айналған пышанадай мал соңында мәңгiрiп жүре берген. Еркесiн бiр көруге мұстақ жүрек анда-санда бүлк етiп бұлқынады да, сыздап, жауатын күндей бiраз түйiлiп барып басылады.
Ата-анасының жайын екiншi сыныпта оқып жүргенiнде бағамдады. Сонда алғаш құйтақандай жүрегiмен бейнет пен бодандықтың салмағын сезiне бастады. Өзiнiң әлдекiмдердiң балаларымен тең емес екенiн, ешкiм айтпаса да iштей бағамдады.
Сосын, пионерлер бөлмесiне кiрiп ап, оптимистік рухта салынған суреттерге тереңiрек үңiлетiн. Аяғындағы кiсен шынжырды төске сап ұрғылап үзiп жатқан, итаяқтай кеудесi жалаңаш кедейдiң бейнесi назарын көбiрек өзiне аудартатын. Сөйтсе, ол болат шынжыр ешқашан үзiлмейдi екен. Оны үзу — тек суретшiнiң мәңгiлiк арманы.
***
Ащы шаң кеңсiрiктi кеулеп, қолқаны қабады. Отардың соңында кiлең тоқты-торымдар қалыпты. Малдың аяғынан көтерiлген тозаң жүздерiн тұтап, кiрпiктерiне дейiн әппақ боп қонған.
Күз маусымының алғашқы айы басталса да етектiң тымырсығы буып, быршытып барады. Самайынан жылымшыланып тер ақты. Тiлi аузына сыймай, таңдайы кептi. Ақсақ саулықты түртпектеп қасына таянған әкесi:
— Шаршадың ба? — деп, еркелете күлдi. Шамасы тер мен тозаң баттасып, бет әлпетi айғызданып кетсе керек. — Қазiр бiраз жүрiп барып, қонамыз. — Шынашақтай ұлының сәл-пәл сабыр сақтауын өтiнген сыңайы.
Қызыл iңiр төңіректi жайлап, көз әбден байланғанда олар отарды ашықтау алаңқайға иiрдi. Әкесi сары түйенi шөгерiп, үстiне артқан оны-пұныны жерге түсiрдi.
Сиырлардың iшiндегi жол бастайды-ау деген қақсалдарын кез жарым темiр қадаларды жерге сiңiре қағып, тастай етiп байлап тастаған.
— Әйтпесе, бұл қу сасықтар қыстауға тартып, беталбат босып кетер.
Cексеуiлдiң бұтағындай мүйiздерiне оралған бұйдаларын шешiп жатып, қажығаны ма, әлде мүшел жасқа ендi таянған ұлын ес көргенi ме, күңкiлдеп қойды.
Ал құла бие мен кер биенi тура iргеге арқандаған. Бұлар тұрса, жылқының бiрде-бiреуi тырп етпейдi. Көк айғыр бос. Жалы күжiрейiп, сырт көзге сес. Жылқыға үрген иттердiң өзiн тарпа бас салып қуып, жеткенiн жеткендей желкеден алып лақтырып жiберетiн әдетi бар. Абалаққа да солай шығар, үйiрiнен бiр тайды қасқыр тартып, бiр құлынды итқұс жеген емес, әйтеуiр.
Атқа мiнген бөгде адамды да үйiрiне жолатпайды. Әлдебiреудiң қарасы көз ұшынан көрiнсе одырайып шетке шығып, олай-бұлай ойқастап жүредi. Тезегiн тастап, бұрылып барып дым ала көкке мұрынын шүйіреді. Әлгi адам үйiрiне қасқайып тура сап келе жатса, әр адымын бағып дөң үстiнде мелшие қарап, сiлейе қатады да қалады. Ақыры оның ниетiне көзi жеткен соң, құйрықты тiгiп бар пәрменiмен қарсы құйғытады.
Сол аққан бойда тарпа бас салып, атын бiр сауырлап өтедi. Екiншi қайырылып келгенде азулы айғырдың азуы батқан ат, иесiнiң тiзгiн тартқанына да бой бермей ала жөнеледi. Есірік неме осы мезетте тағы да сауырлатып, күректей тiстi көмiп, көмiп жiбередi. Содан кейiн-ақ, айғырдың кергiсiне талай түскен ат құйрығын шыжбыңдатып, шыбын-шiркей лаға безеді. Ер үстiндегi адам да қапелiмде айласы таусылып, жан ұшыра алып қашқан атының бiр жерге барып арандамауын ғана тiлеп, тақымын қысқаннан басқа шарасы таусылады. Ала көз неме дұшпанын засырықтан өткiзiп барып, «бұл жерде көк айғырдың үйiрi жатыр, аяғыңды аңдап бас» дегендi аңғартып, керi оралады.
Ондайда сырына кәнiгi көршi-көлеңдер, әудем жерден аттарынан секiрiп түсе қояды. Жануар, жаяу кiсiге жаңағыдай қаһарлы айбат шекпейдi, бiраз айналшақтап жылқыға қарай құйғыта жөнеледi. Аса көкiрегiн қыжыртқан кегi болмаса, төтеннен адамға тиiспейдi. Сондықтан да астындағы атына тiс батырып, аулаққа қуып тастайтыны.
Тек иесiне ғана үйiрiн айдатады. Онда да алыстан орағыта қарсы алады. Жанына таянғанда қожасы екенiн таныған соң, басын бiр-екi рет шұлғып, қапталында қала бередi. Дегбiрсiздене дәмiл-дәмiл тезек жаңартып, жер тарпиды. Әбірәйім ондайда «әй! әй!» деп дыбыс шығарып, жайқап қояды. Жылқыны жинап, үйге қарай айдағанда онша жақатпайды. Құлағын жымырып, өрiстегi малдың мазасын алғанына шамданатындай. Әйтеуiр үйге жеткенiнше қитығып, онша бейiл еместiгiн аңғартып бағады.
Жініккен неме Әбірәйімнің өзiн қуып кеткенi бар. Қаперiнде ештеме жоқ, торы құнанды мiне сап жылқыға барды. Көктем уағы болатын. Әдеттегiдей көк айғыр сонадайдан қарсы беттеді. Баяғысынша жанына таяп кеп басын шұлғып едi, тай кезiнде әбден тiсi өтiп запыс болған құнан, аузын мәймеңдеттi де тұра ала қашқаны. Дүбінген дөкір де қапталдаса дөйиді. Құнан бас бермей құйын-перен ағызады.
Бiрақ, естi жануар бой салып қуаламады, соның өзiнде бiр шақырымдай апарып тастаған едi.
Бiрде қызық болды. Сәуiр айы. Қой төлдеп жатқан. Таңға жақын ит үрiп, адам айқайлап, жылқы тұяғының дүбірінен қыстаудың астаң-кестеңi шықты. Бiр екi атты қораны шыр көбелек айналып, құйындатып жүр. Бiрдемелердi айтып байбаламдайды. Әйткенмен оны тырылдап жарық берiп тұрған матордың үнi мен арпылдаған иттердiң шарқая дауысы жұтып қойып, Әбірәйімге жеткiзбейдi.
Салт аттыларды ендi таныды. Бiреуi — басқарма да, екiншiсi — зоотехник. Осы уақытта қораның бұрышынан ағараңдай бiр нәрсе андыздата тура осылай төпеді. Көк айғыр екенiн бiрден білді.
Ана екi салт атты ағызып, келесi қапталды айнала қашып барады. Түсiне қойып, Әбірәйім айқайға басты. Оны құтырып, құйрығын тiгiп алған дүлей қаперiне қыстыратын көрiнбедi. Қасынан ойнақты салып, дүрсілдетіп өте берді.
Сосын тепелектiң аузын ашпақ боп базға қарай жүгiрдi. Қақпаны ашқаны сол едi, дүбiр де келiп жеттi. Қыстауды және бір айналып шыққан әлгi екеуі бiрден бітеу қораға қойды да кеттi. Соңдарынан өкшелеген айғыр далада жалғыз қалды.
Басқарма мен зоотехник әптігін баса алмай булығады.
— Қас қылғандай тура жолдың үстiнде көк айғырдың үйiрi жатыр екен, — сөздi ырс-ырс етiп етжеңдi басқарма бастады, — тұтқиылдан атып шығып, атымызды сауырлап, айдады да кеттi, әкеңнiң аузы... қасқыр жегiр!
— Ақсақал осыны пiштiрiп тастамайсыз ба? — деп килiктi сiреңкенiң талындай жiңiшке, суылдаған зоотехник. — Мынау тажал ғой, адамды мертiктiрсе қайтесiз?
— Иә, қайта атымыз жығылмай, аман-есен келдiк. — Ашуы басылмаған басқарма әлi ентiгiн тыямаған қалпы кiжiндi.
— Мен жалғызiлiктiмiн, — Әбірәйім сөздi әрiден қозғады, — өкiметтiң қойын бағамын. Ол — жылқымды бағады.
— Сiз де қай-қайдағыны айтады екенсiз, — дедi басқарма жақамай.
— Қайуанға не шара ендi, мен соған үйретiппiн бе адам қу деп! — Әбірәйімнің үнi қатқыл. — Көзiн құртайын, ана қоспа бiр-екi жылқыларыңды алып кетiңдер құлын-тайымен. Егер оны қасқыр жесе, мен сойып жеп алғандай көрер едiңдер. Қысыр қалса, «бiр айғыр табылмады ма» деп, тағы да бiраз жерге апарасыңдар.
— Қойдық, қойдық. Бұл кiсiлерге бiрдеме айтсаң, өзiңе әкеп тiреп қояды әйтеуiр, — деп, зоотехник шiңкiлдедi.
Сөйтсе олар, шопандардың қоғам малына түнде қалай қарайтынын, қойды қалай төлдететiнiн әдейi бақылауға шыққан екен. Құдай атқанда көлденең көк айғырдың үйіріне жолығыпты. Тек қана машинамен жүрiп, атқа да көптен мiнбей кеткен немелер естерiн әзер жиып отыр.
Сондағы сол көк айғыр дәл қазiр маңдайдағы толған айға қарап, есiнеп тұр жануар.
— Аралтай.
Әкесiнiң майда қоңыр дауысы естiлдi. Жасарал орауыз құнанының арқасы көтерiлiп кетпесiн деп, сәл тершiген шоқтығын алақанымен шапаттай дегдіткен.
— Болды ендi, жiбере сал. Барған соң әбден суытамыз, — дедi мұның iсiнiң бәрiбiр лаж емес екенiн аңғартып.
Шөккен сары түйенiң iргесiне тоқымды жайып, оның үстiнен аткөрпенi төсеп қойыпты.
— Кел, таба нан мен қарбызды соғып алайық. Сосын тынығамыз.
Бала көтерiп келген ерiн бiр түп шиге сүйеп қойды да, әкесiнiң қасына қисайды. Әкесi қашаннан бергi серiгi көнелеу бәкiсiмен қарбыз тiле бастады.
Ашығып қалыпты, қарбыз бен нанды аузына бұрамалай тықты. Дәмi қандай, тiлiн үйiрiп барады. Бағана жолшыбай таныс шопыр ұшырасып, сол машинасына тиелген көкаланың екеуiн «шөл басыңыздар» деп ұстатқан.
Бiр кезде тояттады.
— Иттер қайда екен? Алыпсоқ, кә! — дедi әкесi. Сол-ақ екен Мойнақ пен Құтпан үшеуi де жеттi тарсылдатып. Оларға бiр-бiр тiлiм нан кесiп бердi.
— Барыңдар ендi орындарыңа.
Үшеуiне кәдiмгi түсiнетiндей-ақ тiл қатты. Жоқ, олар ұғынды. Әлде, «қанағат — қарын тойдырадымен» жалтақтамай кетiп бара ма, алды-алдыларына тарасты.
Ердi жастанып, тоқымды төсенiп, әкесi екеуi қатар қисайды. Жылқының пысқырғаны, қойдың қылғына жөтелгенi аракiдiк естiледi. Ай да ұясына батуға тақау. Тек көкте шашылған сәруар жұлдыздар баданадай ап-анық көрінеді.
— Екi-үш күн сабағыңнан қалып қойдың-ау, балам, — үнiнен қынжылыс аңғарылды. — Жарайды, мұғалiмдерiңе айтып түсiндiрерсiң. Сенiң сабағыңнан қалмауыңды ойлап, басшыларға ертерек жайлаудан түсiрулерiн айтып едiм, қаперлерiне алмады ма, әлде жағыдай солай болды ма... — Кейiстiк пiшiнмен сөзiн аяқтады.
Зәумен ит үрдi. Әкесi жатқан қалпында ерден басын сәл көтерiп:
— Айтақ! Айтақ! — деп, айқай салды. Аса күдiктi ештеме жоқ сияқты, абалақ болса Мойнақтың үру мәнерi өзгерiп кетер едi. Әупiлдеген ит сәлден соң саябыр тапты. Шөптi түбiнен бырт-бырт үзген жылқының оттағаны естiледi.
— Сабақты жақсы оқу керек, — деп үнсiздiктi бұзды әкесi.
— Мен өскенде ұшқыш боламын. Бiрақ, төртiншi сынып ауырлау сияқты, өйткенi жылдың аяғында бiрiншi рет емтихан тапсырамыз ғой.
— Бар күшiңдi сал, Бауыржан Момышұлы сияқты азамат болшы.
Бiраз үнсiздiк орнады. Бір кезде әкесi басын көтерiп, малдасын құрып отырды да, қалтасынан «Беломорын» шығарды. Жасарал ендi оның асықпай темекi тартатынын бiлдi.
Дәл жандарындағы сары түйе дамылсыз күйiс қайыруда. Екi ұртын толтыра шайнаң-шайнаң етедi де, әлгiсiн бiр қауым уақыттан соң жұтып жiбередi. Лездiң арасында өңешiмен бiр буылтық ұртына қарай қайта жүгiрiп келе жатады. Осы екi ортада сәл саябырлап, қайыра күйiске кiредi.
Жануардың бұлардың босағасына бiткенiне де он шақты жыл болды. Бiрақ бiр де бiр рет боталамады. Қыстың iшi қырауда қалшылдап «ауыратыны» бар. Сидаға қасынып, ескi қораның құламай қалған қамыс қабырғасына артылып, кейде үстiне шөгiп изеңдеп әтүйірінен айрылады. Үйден тысқа табалдырықтан аттап шыға келсең, баласына ма көзi қанталаған қалпы аузы ақ көбiктенiп, тайраңдап тұра жүгiредi. Жандары қалмай тым-тырақай бас сауғалай безеді.
Содан бұрнағы жылдары қыс iшiнде күйлеп, әбден мазасы қашқан соң Әбірәйім, хайуанға жаны ашып келеге түсiрмек ниетпен Сағабүйеннiң түйешiсiне апарды. Дәл уақтысында қолы қайдан тисiн, сәуiр айында жетелеп барып едi. Көптi көрген түйешi шал:
— Жануар, жалғанда жүйрiк мал екен. Тұқымын алатын-ақ, бiрақ мұндай паң ұлықты кiм қадiрлеп жатыр қазiр, — деп кейiп, үнсiз томсырады. Бiраздан соң барып қайта сөзiн жалғады. — Кезiнде Молықбай қобызшы мiнген сағыз қурайдың сарысындай саңлақ түйелер ғой бұлар.
Қызыл iңiр түсiп, көз байланып қалған кез едi. Кәрi көк ат пен сары түйе қатар байланып, қасынысып тұрды. Мұндай етенеліктің себебi, жетiм бота осы аттың бауырында өсiп тайлақ болды. Ақырдан бiрге жем жедi, астаудан бiрге су iштi. Айнала асыр салып ойнақтады, бұла неменiң еркелiгiн көптi көрген кежiр кешiре бiлдi.
Бiр күнi Жасарал уiлдеген үннен көзiн ашты. Үйде жалғыз өзi ұйықтап жатыр екен, бәрi әлдеқашан тұрып кеткенге ұқсайды. Далаға атып шықты. Айтқандай-ақ солай, күн шақырайып төбеге кеп қалған. Шешесiн iздедi, сонадайда бұзауларды айдап жүр. Солай қарай беттедi. Бiрақ жаңағы үн көңiлiн өзiне аудара бердi, әлi басылатын сиқы көрiнбейдi. «Бу-у-уу. Бу-у-уу». Төңірегiне қарап қойды, ештеме байқай алмады. Шешесiнiң қасына таянып:
— Тәте, мынау не? Ненiң дыбысы? — дедi шыдамсыздана кiлтипанның кiлтiн ашпақ боп.
— Ой, ол ана, сары тайлақ қой.
— Оған не болды?
— Әкең көк атты арбаға шегiп, орталыққа кеткен. Атқа iлесiп қалмайтынын бiлгеннен кейін, қораға байлап тастаған. Содан тымбай боздап, осы, жердiң сүйегiн суырған соң, жаңа босатып едiм... ендi өрiстi басына көтеріп жүр.
Бала қалт тоқтай қап сонау, сонау бұйрат-бұйрат жоталарға қадалды. Биiк-биiк шилердiң өзi аруанадай көрiнiп кетедi. Әйтеуiр ақыры тапты-ау, сарғыш қана қалқыңқы бойы қылт етiп байқалып қалды. Өзi назардан жасырынса да, боздаған үнi құлақтан үзiлмедi.
Шешесi екеуi үйге қайтты. Түс ауа сары тайлақ та жеттi. Қарақаттай көзiнен жасы түйдек-түйдек тамады. Сояудай кiрпiктерiнiң бiр-екi тұсына тарыдай тамшылар мөлдiрей iлiнiпті. Жасаралдың қараптан-қарап жаны ашыды.
Күзге салым тайлақтың аяғы қыр жiлiншiгiнен сынды. Бұлар онда күземде отырған.
Сейтбек деген сиыршы болушы едi. Дойырдың дойыры. Астындағы аты аяңдап келе жатып, жазатайым сүрiнiп кетсе де шықпыртып, бишiктiң астына алады. Ойыншыл бота оны қайдан бiлсiн, тайраңдай ойнақтап үйiне бара берiптi. Дөкiр неме, балтаны алыпты да жiберiптi. Болаттың қайта жүзi тимей шүйдесi соғылса керек, бiр жола шауып түспей, мертiктiрiптi. Жануар сол жерiнде омақаса асады.
Мұның бәрiн Әбірәйім әудем жердегi өз үйiнiң есiгiнiң алдынан көрiп тұрды. Тайлақтың аяғының майып болғанын да бiлдi. Еш ың-жыңсыз келдi де, жылап жатқан жануардың сынған аяғының сүйегiн оңшап, ағаштан жонылған кепiл қойып, таңа бастады. Сол уақта Сейтбек те именшектене қасына таянған.
— Науаға артылып, аттың жемiн жей бердi, — дедi ақталған сыңайда.
Әбірәйім тiс жармады.
— Содан үркiтiп жiберейiн деп лақтырып едiм...
Әбірәйім тағы да тiс жармады.
— Әбеке, аяғын таңып болып қалыпсыз ғой. Тайлақ ендi жолдың үстiнде жатпасын, ана лапастың қасына көтерiп апаралық. Түйе малы сұмдық әйеншек келедi. — Кiнәлi екенiн сезiнiп, жуып-шаюда.
Төрт жiгiт көтерiп тайлақты көлеңкеге әкелді. Ертеңiнде машинаға тиеп, Әбірәйім қыстауына салып жiбердi. Қыстау да онша алыс емес едi. Жасарал шешесi екеуi күнде су тасиды, жем-шөбiн беріп кетедi. Байқұс анасы белi кирелеңдеп, қос шелектi меймiлдете көтерiп барады. Күн ыстық, қайтарда ұлын арқалап қайтады.
Жануар, орынынан тұрысымен ақсаңдай басып көк атқа барды. Екеуi айқасқан қалпы ұзақ қасынысты.
... Мiне тағы да көк ат екеуi танымас жерде қатар байлаулы тұр. Төңіректi қараңғылық жайлады. Иелерi тысқа шығатын көрiнбейдi.
— Дұрыс болған екен, сары түйенi табынға әкегенiң, — дедi маңғаз сөйлейтiн Камал түйешi. — Екi жыл айтып жүрiп, зорға әкелдiрдiм-ау.
— Қу қойдан шығуға мұрша жоқ, әйтпесе көкейде жүрген нәрсе ғой.
Дастархан жайылып, шай келдi.
— Баяғыда, — деп бастады шал — Молықбай қобызшы сары түйесiмен Лепсiден Тасөткелге барып, қайтадан Ақсуды жағалап отырып
Балқашқа Құрақсудың төңірегiне келедi екен. Екi орта шамамен 60-65 шақырымдай, барып қайтқаны 120-130-дай болады. Сондай аралықты бiр күнде басып өткен түйе, нағыз желмая ғой. — Нұры тайған көзiне от пайда боп, «бу-булап» желтоқсанда құтыратын өзiнiң бураларындай желпiнiп апты. — Сенiң сары түйең соның тұқымы. Тұқымы тұздай құрыған шығар деп ойлаушы едiм жануардың. Түйенi мал деп бiлмейтiн сiздердiң шаруашылықта мұның соқа басы сопиып қайдан, қалай шыққанына қайранмын?
Сөзге сараңдау Әбірәйім тыңдағаны болмаса, өз тарапынан желпiнген шалдың тақымына су бүркiп, түйе туралы әңгiменi гөйiте түспедi.
Дастархан жиналды. Бұлар көлiктерiн жайғауға сыртқа беттедi.
Таңертеңiнде бұйрат-бұйрат қызыл құмды бетке алып, түйе жетелеген екi салт атты табынға қарай кетiп бара жатты.
Жануарлар топтанып жайылмай, тым-тырақай пышыраған. Үйдей-үйдей маялар бейғам қалпы, болар-болмас жыбырлап қозғалады. Топтанған шоғырдың iшiнен бiр-екi әппақ аруаналар қылаңытты. Олардан оқшауырақ маңда сықпыты ерекше қызыл нар көрiндi. Жалғыз өркешiнiң өзiне ие бола алмаған ба, онысы қисайып құлап қалыпты.
— Бiздiң өңiрдегi бiрiншi әрi соңғы тұяқ. — Қамшысымен нарды нұсқады. — Ботасынан алақаныма салып бағып едiм, құдай атқанда бұлар түйеге шөкпейдi екен. Қыста қаңтарда көзi шатынап, шудасы көк моразға малынып, әй селкiлдеп кеп жынданады. Жыны буып құтырғанда қызыл өңешi, әукесiне дейiн салбырап түсiп кетедi. Өкпесiн көрiктей етiп, өңешiн iшiне тартып алады. Бiрақ бәрiбiр бос әурешiлiк, көбiгi көпiрген езуiнен қызарып кеспелтек бәле қайта қылтия көрiнедi. Көп ұзамай ырыққа бағынбаған қалпы сала құлаш боп салбырайды да жүредi.
— Бұл жануарды қайдан таптыңыз? — Сөзге шорқақ Әбірәйімнің өзiн жаңағы әңгiме қызықтырса керек, көкейiне келген сауалын ірікпеді.
— Үлкен ұлым Күртінің баласын алып едi. Ол жақта түйе көп екен. Осыны бота кезiнде жерсiнуi тез ғой деп, әкелiп ем. Жеткенiмiзше қып-қызыл машақат болды.
Әңгiмелесе аяңдап, екi өркешiнiң әр қайсысы он жасар баладай, тiзесiн қаққан шудасы мөлiдей қара бураның қасына таянды. Ол маңғаздықпен мойынын бұрып қарады. Онша жақамағандай сағызша созылған ерiнiн шүйiрдi. Бұларға қарай бiр-екi адым изең-изең басып жүрдi.
— Әй, әй! О, шелегiң түскiр!
Иесiнiң қаһарынан ығады екен, сап тиылды.
— Осы бураның қасына жiберелiк, келеге түскеннен кейiн келесi жылы аласың.
Әбірәйім аттың үстiнде тұрып, сары түйенiң ноқтасын сыпырды.
— Бар, жануар. — Бураға қарай айдады. Сол екен қаба шудалы да маңғаз басып қасына таянды.
— Жүр, ендi кете берелiк. Әйтеуiр, қайырып ұстап қалса жарады. — Түйешi атын тебiнiп, iлгерi озды. Әбірәйім да iлестi.
Көз байлана атының ақ сабыны ақтарыла, қыстауға жеттi. Жануардың мына жол күшiне тиiп, қиналғанын байқап, таң асырып тастады. Таңертең ертемен тұрып сыртқа шыққан, мiне қызық, сары түйе көк аттың қасында тұр. Басын шайқады, есіл еңбегiнiң текке төгілгенін ұғынды.
Содан кейiн бұл шаруаға аса ден қойған жоқ.
Сөйтiп, сары түйе бiр боталамай-ақ кетiп барады. Жануар, мiнiп алсаң әлдебiр жарбай түйедей бақырып-шақырып, ерқаштылық танытып мазаңды алмайды. Жайқалып салады да отырады, салады да отырады.
Кеңес өкiметi орнап жатқанда түйеге пулемет артып ап соғысқанды кинодан көрiп едi, сол есiне сап ете түстi. Iзiнше:
— Әйе, орыстар мен қазақтар соғысса, қайыссысы жеңедi? — дедi балалық аңғырттықпен.
— Әрине, қазақтар, — дедi әкесi мүдiрместен, ұлының сәби көңiлi жасып қалмасын дегенi болса керек.
Керзi етiгiнiң қонышына түкiрдi де, темекiнiң тұқылын соған басып сөндiрдi. Абайламаса өрт шығарып алулары мүмкiн, күз — қиын. Бағана, шай қайнатып iшпегендерi де сол.
— Бауыржан атаң сияқты алғыр да қайсар болсаң, құдай өзi қолдайды. — Әлгiндегi үзiлiп қалған әңгiмесiн қайта жалғады. — Ол жаңбырша жауып тұрған оққа көлденеңдеп атпен шапқан кезде, бойына бiр де оқ дарымайды. Оқ қағары бар. Тәңiрдiң өзi сеп боп тұр.
— Алпамыс батыр сияқты ғой, оқ өтпейтiн.
— Иә. Баяғыда қазақ даласында күнәға ұшыраған адамды жүйрiк атқа мiнгiзiп, сұр мергеннiң алдынан көлденеңдеп шаптырады екен. Сонда садақшы мүлт кетпей атып түсiрсе, айыбының ақиқатқа айналғаны — өледi. Оқ қияс кетiп тiрi қалса, «жаны сауға» деп, айыбын кешiп, со бетiнде еркiндiкке жiберген. Ол бiрақ, жалғыз жебе, ал Бауыржанға мың, миллион қорғасын түйiршiктерi борады. Әйткенмен, ешқайсысы бойына дарымады. Себебi, Бәукең, Отан үшiн жанын жалдап, ақ ниеттiң ақжолтайшысы болып жүр.
Ұйықтап қалған жоқсың ба-ей? — деп, ұлының бетiне үңiлдi.
— Жоқ.
Шынында да ұйқы қашып кеткен. Алпамыс сияқты оқ өтпейтiн, осы заманда өмiр сүрiп жатқан батыр атаны көргiсi келдi. Тосыннан сол уақ, қанаттың сусылы естiлдi. «Тру-тру» деген үнi де құлаққа шалынды. Бала тұңғиық көкке тесiле қарады. Қанша ындынын салғанмен, тырналар тiзбегiн көре алмады.
— Жарықтық, қыс биыл ерте түсе ме? — деп қалды әкесi. Баласы үндемедi.
Ебiден бiр баяу жел көтерiлдi. Салқындық сезiледi.
— Со-л-а-ай. — Тосыннан тың әңгiме бастарда әйесiнiң осы сөздi айтатын әдетi. — Мысалы, қара жолдың бойында жолыққан кез-келген жылан — күнәһар. Оның әйтеуiр бiр айыбы бар.
Қызық басталған әңгiме елiтiп, ұйқысы тiптi шайдай ашылды.
— Жыландар патшалығы сол айыбын жуу үшiн әлгi күнәһар жыланды адам аяғы көп жүретiн қара жолдың бойына жiбередi екен. Белгiлi кесiммен. Үш күн десе, үш күн жолдың табанында жатуы тиiс. Адам көзi шалса, өлтiредi. Өлтiрмеген пенде, Мұхаммед пайғамбардың үмбетi емес.
— Неге?
— Бiрде Мұхаммед пайғамбарымыз келе жатып, сондай күнәлi айыртiлдiге жолығып, өлтiрмей жерден көтерiп алыпты. Тiлдесiп, мән-жайға қанғаннан кейiн, «жарайды, мен сенiң жаныңды қидым, бар» дептi жеңiне кiрiп кеткен әлгiге. Сонда жылан: «жоқ, түспеймiн» дейдi. «Неге?» деп таңданыпты пайғамбарымыз. «Бiздiң сертiмiз сондай, ендi мен сенi шақпай кетпеймiн». «Мә олай болса, шақ» деп, сұқ саусағын шошайтыпты. Осы кезде жылан дыз еткiзiп шағып, жерге түсiптi. Пайғамбарымыз сол заматында қамшымен бiр тартып заһарды өлтiрiп, үшке бөлiп, үш жерге көмiптi. Содан былай «қара жолда кездескен жыланды өлтiрмеген пенде, менiң үмбетiм емес» деп айтып, кейiнгiге аманат қалдырған екен.
Мiне, балам, қазақтың жүрiп өткен жолында талай жылан да кездестi, ылаң да кездестi. Сабақты жақсы оқы, сонда ғана Бауыржан сияқты оқ қағары бар қасиетке ие боласың.
Тосыннан иттер шабалана жөнелдi. Мойнақтың үрiсi өзгердi. Әлдеқайдан бөрi ұлыды. Қойшы айқайға басып, қосауыз мылтықты аспанға екi дүркiн гүрс-гүрс атты.
Баланың жүрегi шайлығыңқырап қалды. Оны да бiреу айыбын өтеу үшiн, қорқаулар жортатын қара жолдың бойына тастап кеткен сияқтанды. Тұла-бойы тiтiркендi. Қазiр келiп ана абалақ, тұщы етiне қанды шеңгелiн салатын тәрiздендi. Көңiлi алабұртып жатқанда тағы да қанаттың сусылы естiлдi, тағы да «тру-трулар».
Әкесi бiраздан соң қасына қайтып оралды.
— Жарықтық, биыл қыс ерте түсе ме, қыркүйектiң басында-ақ тырналар лек-лек боп кетiп жатыр ғой, — дедi күңкiлдеп. — Жарайды, ұйықта, алаңдама. Мен қасыңда боламын.
Сол-ақ екен көзi жұмыла бердi.
Түнi бойы түсiнде қайтқан тырналарды көрдi. Ертеңiнде де тырналар легi тынбады. Бiрақ, ол, келесi жылы осы жолмен соқа басы сопиып, отардың соңынан қара тұяғынан хал кете iлесiп, жалғыз келе жататынын бiлмептi...
***
Арада жылдар өттi. Есейдi. Еңбекке араласты.
Бiрде дәлiзге шыға келiп едi жасыл шибарқыттан шапан, ақ киiзден қалпақ киген ақ сақалды шал жылы ұшырады. Ерiксiз алдыға жылжи берiптi. Жақындағанда өз көзiне өзi сенбей, аңырып тұрып қалды. Кәдiмгi ауылдағы — «жас молда» атанған сары шал. Өлiк қайдан шықса сонда жүретiн кiсiнi республикалық жастар мекемесiнен көремiн деген ой қаперiне келген бе?
— Ассалаумағалейкүм!
— Алейкүммассалам!
Қария бетiне жалтақтап, қарай бердi.
— Танымадыңыз ба? Әбірәйімнің баласымын ғой.
— Менiң құрдасым Әбірәйім ба?
— Иә.
— Ой, бәрекелді. Марқұм қатты қалжыңдасушы едi. — Сәл ойланып, бөгелдi. — Мұнда бiр шаруамен келiп қалдым. Негiзi ораза айтқа муфтиге пiтiр-садақа әкелгенмiн, ендi қайтып барамын, — деп сыртқа беттедi.
Жiгiт соңында қала бердi.
Ол емпең қағып нөпiрге сiңiп кеткенiмен, шытырманы мол өткен күндер көкiрегiнде ерiксiз сайрап тұрды.
... Жетпiсiншi жылдардың ортасы-тұғын. «Жас молда» ол кезде ауылдағы мектеп-интернаттың ат арбасын айдайтын. Шаруасы — күнiне бiр рет ырдуанды толтыра дүкеннен нан әкелу. Шабдарының делбесiн қағып, анадайдан бала көрсе «әй, былай тұр жолдан!» деп ақыратын ақия. Онысы — алдын ала сақтанғандығы. Әйтпесе, жүгермектер қаумалай қоршап, бақырған-шақырғанына қарамай бiр-екi бөлке қара нанды суырып алып қалады. Егер де оларды тұра кеп қуса, қалғанынан да айырылатыны ақиқат. Сондықтан жақсылап бiр сыбап ап, жуып кеткендi бишiкпен салып жiбередi. Әккi балалар кейде қулыққа көшiп, «ата, құдай жоқ!» деп айқайласа:
— Мынау не дейдi, ей?! — деп арбасынан ерiксiз түсiп, соңдарынан доң лақтырады. Осы кездiң өзiнде-ақ қалтарыста тұрғандар және бiр-екi бөлкенi жымқырып кететiн.
Интернаттағы тірлік бір көріністен кейін бір көрініске жалғаса беруші еді.
... — Роза, Роза! Мамаң келдi! — дейдi безек қағып кiшкене сары қыз.
Сосын әлгi шақырушы қызбен Роза қатарласа сыртқа шыққанында, ұл-қыздары аралас бiр топ бала әлдекiмдi орталарына қоршап алыпты. Солардың арасынан «әне, Роза!» деген жарқын дауыс та естiлдi. Ту сыртын берiп тұрған адам бұрылғанда барып, ол шешесiн таныды. Ышқына «мама!» дедi. Сосын аяғы жерге тимей үкiдей ұшты. Ырқына көнбей көзi боталап, кеңсiрiгi удай ашып сала бердi. Зәумен, алды тұманданып, ештеңе көрмедi, әйтеуiр, ана көкiрегiне құлап бара жатқанын аңғарды. Маңдайы мен бетiне ыстық ерiннiң табы тигенiн сезiндi.
Мауқы басылғанмен, шешесiнiң мойнынан құшағы әзер жазылды. Анасы да жалма-жан сөмкесiн ашып, асып алған етiн, құрт пен жентiн қызына ұстатты. Көзiн сатып жанында үйiрiлiп тұрған балаларға да қолына iлiнгенiн тарата бердi, тарата бердi.
— Әй, неғып тұрсыңдар?! — деген зәрлi де зiлдi әйел дауысы ұйыған шуақты сәттi шақ-шәлекей еттi. — Кәне, сыныпқа жүрiңдер!
Үнiнiң қаһарлылығы сынатын көрiнбейдi. Тайсақтаған бүлдiршiндер өктемдiктен ығып, ыдырай бастады.
— Сiз кiмге келдiңiз? — дедi сосын барып бейтаныс адамға көңiл аударып.
— Амансыз ба! Роза Үсенованың шешесiмiн.
— Балаларды жинап алып сәлем-сауқат таратқаныңызды қойыңыз! Бұлар аш емес, күнiне үш уақыт тамақ iшедi.
Кейін есейгенде теледидардан өңкей бала маймылдардың арасына әбжылан кіріп кетіп, олардың біртін-біртін әлгі бәледен жылыстай бой тасалағанын көргені бар. Дәл сондай үрпиген үрейлі бүлдіршіндер жан-жаққа бытырап кетіп бара жатты.
Қызымен табысқан ананың көңілі екіұдай халде қалды.
... Шiңкiлдек Төренi бүгiн не жын ұрғанын қайдам, тәрбиешiнiң «қабырға газетiн шығар» дегенiне қасарысып, құлақ аспады. Өмiрi жылылық танытпайтын қатал Қанипа тiлiн алмағанның басынан сипай қояр ма екен?
Кешкiлiк балалар шешiнiп, жата бастағанда тәрбиешi келдi. Әйел болса да өңi сұп-сұр, мейiрiмнен мақұрым жан-тұғын. Жолындағы алғашқы баланы «аяқ киiмiңдi неменеге орнына қоймағансың?» деп, үлкен алтын сақинасымен төбесiне тоңқ еткiздi. Әбден запыс болған неме қолы ербең етiп, басын жасқай бердi.
— Әй, Рамазанов, айтқанды неге орындамадың?! Жүр былай!
Шiлтiк байқұсты бiлегiнен тартып қап едi, құлауға шақ қалды. Тiл алмай тырмысқанымен, секпiл бетiне үрей жүгiрiптi. Дамбалшаң селтиген сарыны желкелеп, киiм жинайтын бөлмеге алды да жөнелдi.
Өңгелерiнiң дымдары шықпай пысып, көрпенiң астына домалана сүңгiді. Ат шаптырым бөлменің іші жым-жырт. Әлденеден секемдене жасырынатын тәрізді. Сол сәтте оқыс шар еткен үрейлi үн естiлдi. Ысылдаған ызбардан құттары қашқан үрпек бас ұлдардың жүректері селк етті. Төренiң дауысы екенiн айтпай-ақ ұғынды. Сәл қозғалса соның кебiн киемiз бе деп, бұғына түседi.
Еңкiлдеп жылаған қалпы Төре бөлмеге ендi. «Не болды?» деп сұрауға бұлардың дәрменi жоқ, тiлдерiн тiстеген күйi тынды. Оқта-текте төсектiң шиқылдағаны, Төренiң солығын баса алмай өксiгенi болмаса, басқадай бейсауат дыбыс бiлiнбейдi. Үрейге оранып жатып, ұйықтап кетiптi.
Таңертеңiнде бiлдi, Төренiң жауырынына қызған үтiктi басып алыпты. Алақандай жерi күлдiреп, суы шығып тұр. Бейшара бала жейдесiн қорыққанынан терiсi сыпырылғанына қарамай кидi. Бiрақ көзiнiң аясына ызалы жас лықсып, мелдектей мөлдіреген едi.
... Көктем шығып, күн жылына бастаған кез. Болмашы уақыт табылса, жапа-тармағай футбол ойнайтын. Доптары да бiр керемет: ескi малақайдың iшiн жүн-жұрқамен тығындап, сым темiрмен шандып тiгiп тастайды. Олары тез жыртыла бередi. Дегенмен, бiр желпiнiп алғанға жақсы-ақ.
Маңдайларынан тер шыпылдап, кешкi асқа барар алдындағы сапқа тұра қалды. Жасарал ойынның қызығын айтып, әркiмге бiр сөйлеп жынына тисе керек, кенет, қос құлағынан бiреу шап берiп ұстады да, көкке көтердi. Түбi шытыр-шытыр еттi. «Тамырлары үзiлiп жатқан шығар» деп шошыды. Жаны мұрынының ұшына келiп, бебеулеп барады. Әйткенмен, тез арада жерге түсiре қоятын әлгі әбілет жоқ, төмендетiп барып, қайта аспандатады. Ойнап тұр.
Баланың бақырған дауысы шығып кеттi. Сол сәт әлеуеттi қол жiбере салды. Шалқасынан құлады. Тұра берiп едi жамбасты ала және бiр тептi. Екпетiнен түстi.
Кенжеахмет деген екiншi тәрбиешiлерi бар едi, бұл соның қарулы қолы екенiн бағана-ақ аңғарған. Әдеттегiсiндей бүгiн де көзi шатынап, қызара бөрткен. Ақаңнан тартып алғаны бұрқыраған демiнен сезiледi.
Дуылдаған құлағы жастыққа тигiзбей, түні бойы ұйықтай алмады.
... Ауыздығымен алысып, алып қашқан жылдар біраз межеге әкелсе де, сол күндердiң кермек дәмi таңдайынан кетер емес. Интернат — үй-iшiн сағынып жүрген сәбилер жүрегiндегi мұңның мекенi сияқты болады да тұрады...
Биттайынан сарайын бiтiстiре тұтаған нәрсе — зарығу мен сарығы басылмас сартап сағыныш еді. Сағыныш шарасыздықтан туатын күй. Шарасыз бейшара тек қиялымен ғана насатты шаққа құлаш ұратын.
Жасаралдың да кiшкентай кезiнен қауашақтай кеудесiн сан қилы асқақ қиялдар кернейтін. Ол арманға ұласатын... Арман демекшi қажытпай, талдырмай әкеле жатқан да бiрiншi құдай, екiншi — арманы.
Соңғы кезде байқағаны, дәулеті мен мансабы сай басшылардың балаларында арман болмайды екен. Оларда жатқан бiр өктемдiк. Ендi қайтсiн, әкелерiнiң бойында бес еркектiң буы бар. Ылғи топ алдында күпiнiп сөйлеп, емеурінмен іс тындырып, iсiнiп-кеуiп жүргенiн көредi. Барлығы қоғадай жапырылып, дүние өздігінен келіп жатады.
Сондықтан әлгiлердiң қолы бiр нәрсеге жетуі үшiн, алдына мақсат қоймайды. Көңiлi қаласа орынынан тұрады да, ниетi ауған нәрсесiн еш қиналмай ала салады. Ындыны құласа болды.
Оларға бәрі әп сәтте орындалып, кез-келген дүние ыңғайына жығыла беретін. Содан кейін, қиял мен арманға берілу — жындының iсi тәрізді.
Өйткені олар кеңсірігін ащы тозаң кеулеп — түшкіріп, өкпесін аптап ыстық қауып — тұншығып, тілі таңдайына жабысып — шөлдеп, жол азабын шекпеген. Немесе, түтеген боран адастырып — ақылын алып, сақылдаған аяз қалшылдатып — жанын қуырып, жапан далада қорқаулардың арасында жалғыз қалып — үрей мен қорқыныш зәреңді үйіретін өткелектің неше қилысын көрмеген. Жаны қарқараға таянып — қыстығып, жат босағада жүрмеген. Сағыну, зарығу сияқты түрлі адами күйзелістерді басынан кешпеген. Тек көргендері — қолпаштау мен айырықша қамқорлық.
... Жасаралды бүгін де қол жетпес асыл арман тербетіп жүр. Қазiргi арман-тiлегі мүлде бөлек. Ол жөнінде әзірше ешкімге тіс жарғысы жоқ...
1998 жылғы тамыз.