Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кавасаки синдромы қаншалықты қауіпті?

Кавасаки синдромы қаншалықты қауіпті?

Аурудың жас талғамайтыны әу бастан белгілі. Алайда батпандап кіріп, мысқылдап шығатын коронавирус індетінің ұрқы тіптен жаман болды. Аты аталған ауру жолында кездескеннің барлығын жалмады. Жер бетіндегі жұмыр басты пенделерді бай немесе кедей, жас яки кәрі деп бөліп-жармады. Тіпті тұрған елін де, жұтқан ауасын да талғамады. Аллаға шүкір, қазір елімізде індетпен ауырғандардың беті бері қарап, ахуал тұрақталып келеді. Ауданымызда да коронавирус дертімен ауырған соңғы науқас жазылып шықты. Бір өкініштісі, бұл ауру түрі балаларға да қауіп төндірді. Деректерге сүйенсек, елімізде 114 бала коронавирус індетін жұқтырған.
Бала – адамның бауыр еті. Шаңырақта сәбидің шырылы естілсе болды, ересектер де безек қағып, жандарын шүберекке түйіп отырады. Ақ жаулықты аналар болса «Баламның табанына кірген тікен, маңдайыма қадалсын» деп тілейді. Демек әр ана осындай қысылтаяң шақта өзі үшін емес, баласы үшін қорқуда десек қате емес. Алайда жүрегін кір, жүзін мұң шалмаған баланы аурудан сақтаудың өзі қиын. Себебі оның сәби жүрегі дерттен сақтануды яки қорқуды білмейді. Қандай бала болсын бір мезгіл сыртқа шығып, асыр салып ойнағысы келеді. Алаңда достарымен доп теуіп, құмнан қала тұрғызуды аңсайды. Осындай сәтте балаға ешнәрсе болмайтын шығар деген жаңсақ ойдың жетегінде кететіндер де бар. Баласының көңіліне кірбің ұялағанын қаламаған ата-ана оны сыртқа шығарғанды қалайды. Алайда, дәл қазір Қазақстандағы ата-аналарды алаңдатып отырған коронавирус індеті емес, кавасаки синдромы.
Соңғы күндері елімізде коронавирус жұқтырған балаларда Кавасаки синдромы пайда болғаны туралы хабар тараған еді. Әдеттегідей халықтың басым бөлігі бұл дертке де иланбады, әртүрлі әлеуметтік желіге биологиялық қару, саясаттың сандырағы деп қауесет таратты. Бірақ ілуде бір кездесетін бұл синдромның қазіргі қауіпті індетпен тұспа-тұс келуі мүмкін екенін осыдан үш ай бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом ескерткен болатын. Жай ғана ескертіп қоймай, бүкіл елдің дәрігерлеріне вирус жұқтырған балаларды мұқият бақылауға шақырған. Себебі мамыр айында Еуропа мен Солтүстік Америкада қабыну жағдайымен ауруханаға түскен балалар дертінің кейбір белгілері Кавасаки синдромымен сәйкес келген. Сондай-ақ бұған коронавирус дертінің де тікелей қатысы болуы мүмкін.
Өкінішке қарай, Қазақстанда қауіпті індетпен қабаттасып келген осы синдром байқалуда. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов үш жеткіншекте Кавасаки синдромының анықталғанын өткен аптада мәлімдеген еді. Аурудың бұл түрі Нұр-Сұлтан, Алматы және Петропавл қалаларында байқалған. Бұдан бөлек өткен аптада Ақтөбеде КВИ жұқтырған балаларда да қабыну синдромы байқалып, оның Кавасаки ауруына ұқсайтыны хабарланды. Аталған аймақтың денсаулық сақтау басқармасының басшысы дерегіне сүйенсек, бұл ауруға шалдығу күдігімен бес бала ауруханаға жатқызылса, оның екеуінде аталған синдром анықталған.
Коронавирус індеті талай ауруды қоздырып, қауіпті зорайтқаны белгілі. Осының салдарынан көпшілік Кавасаки синдромының белгілерін байқамай қалуда. Оның үстіне ел арасында індет енді балаларға жұғады деген қауесетке байланысты ата-аналар қай сөзге сеніп, қай сөзге сенбеу керегін білмей, шатасуда.
Бірақ мамандар бұл дертті пандемияға дейін болған, өте сирек кездесетін дерт дейді. Сирек кездесетіні сонша елімізде жылына әрі кетсе екі-үш бала ғана ауырған. Осы орайда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаева Кавасаки синдромының белгілері туралы тарқатып айтты.
– КВИ жұқтырған балаларда кездескен белгілер Кавасаки ауруының нақ өзі емес. Мұны Кавасаки ауруының симптомдары деуге болады. Яғни уақытша Covid-19 індетімен қабаттасқан мультижүйелік қабыну синдромы. Бұл аурудың белгілері індеттің жеңіл және симптомсыз түріне шалдыққан балаларда байқала бас­тауда. Кавасакиге ұқсас синдромның нағыз Кавасаки синдромынан айырмашылығы – осы. Синдром дене қызуының көтерілуінен басталады, сол кезде жөтел, ентігу пайда болуы мүмкін. Нақты Кавасакидің ауруына ұқсас белгілердің бірі – бөртпе, тілдің, еріннің қызаруы, алақанның ісінуі. Сондай-ақ мультижүйелік қабыну синдромы кезінде балада конъюнктивит білініп, лимфа түйіндерінің үлкеюі мүмкін. Балалар кеудесі қысылып, жүрек тұсы, іші ауырып, құсу, жүрек айну, диарея сияқты жайсыздыққа тап болады, – дейді Р.Боранбаева.
Тағы бір айта кететін жайт, Кавасаки синдромы – жұқпалы емес. Оны емдеуге және баланы аман сақтап қалуға болады. Тек ата-ана салғырттық танытпай, балада синдромның симптомдары байқалған сәтте бірден дәрігерге хабарлау керек.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
19 тамыз 2020 ж. 362 0