Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ат тергеу дәстүрін қолданып жүрсіз бе?

Ат тергеу дәстүрін қолданып жүрсіз бе?

Шыр етіп дүниеге келген сәттен қапсыра құшағына алатын, бесік жырымен құлақ құрышыңды қандырып, әлдилейтін әжелердің ұрпақ тәрбесінде атқарар рөлі өте зор. Тәй-тәй қадам басып, жүре бастағаннан-ақ әжелеріміздің бауырына тығылып, басқан ізін аңдып, етегіне оратылып жүру біздер үшін керемет еді. Арасында балалықпен бірнәрсе бүлдіріп қойып, әже артына тығылатын сәттеріміз күні бүгінгідей есімізде. Бар тәттісін немереге беріп, бойындағы тәлім-тәрбиесін үйіп-төгетін әжелер шынында асыл ғой, шіркін! Бала күнімізден әжеміз туған-туыстар жөнінде әңгіме қозғалса, «Ерке қыз», «Бұзық жігіт», «Сырғалым», «Батырым», «Көркем», «Күлімкөз», «Жәудіркөз» т.б. әртүрлі есімдермен түрлендіріп айтатын. Нағашы әжеміздікі тіптен қызық-етін. Қайын інілерін «Бөп», «Бау», «Бип» деп атап күлкіге қарық қылатын. Өздерінің азан шақырып қойған аттары бола тұра, неге есімдерімен атамайды деп әжелерімізге таңқалатынбыз. Кейін ес біліп, етек жинаған сәтте, әжелерімізден бұның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан «ат тергеу» деп аталатын дәстүр екенін білдік.

Халқымыз үшін сыйластықтың орны бір төбе. Қылықты қыз баласы ақ босаға аттап, келін болған сәттен бастап әдебімен сыйлы, мінезімен көркем, келісті. Бүгінгі біз қаузаған салт та сыйластықтан бастау алады. Жас келіннің әдептен аттамай, күйеуінің туыстарын атымен атамауы­ кішіпейілділік, сыйластық, ізеттілік сияқты қасиеттердің көрінісі емес пе? Міне, сондықтан келіндер «көргенді қыз екен», «тәрбиені жақсы сіңіріпті» деген сияқты үлкендерден мақтау, мадақтау естиді. Шынында қыз баланың әрбір қадам-әрекетінен, сөйлеген сөзінен тәрбиенің деңгейін көруге болады. Әсіресе, ат тергеу дәстүрінде келіннің сөзге шешендігі, тапқырлығы, ерекше қасиеттері, болмыс-бітімі, даналығы сыналады. Әжем «Әйел тіпті өзінің ер-азаматының атын тергеген. «Отағасы», «Екі баламның әкесі» деп ат қойып, айдар таққан» дейтін. Дегенмен ат тергеу дәстүрі адамдарға ғана қатысты емес. Мысалы, қазақ қорасан, шешек, оба, қызылша сияқты аурулардың атын атамай, «жаман ауру, «атыөшкір» деп те қойған. Сондай-ақ аталған дәстүрді ұшқан құс пен жүгірген аңға да қолданған. Оны бір ғана қасқырды «көкбөрі», «итқұс» деп атауынан білуге болады.
Иә, қай салт-дәстүрді алсақта, берер тағылымы тереңде жатыр. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да осыны ашып түсіндіреді. Қазақта «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деуші ме еді? Шынында, өкінішке қарай өскелең ұрпақ ата-бабадан мирас болып қалған кейбір салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан хабарсыз. Сондықтан қолдан келгенше ұлтымызды ұлықтайтын, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды ұмытпайтын жалынды жастарды тәрбиелейік. Өйткені, болашақ жас ұрпақтың еншісінде. Өзінің салтын сақтап, дәстүрін дәріптеп өскен әрбір адамның еліне, халқына, Отанына пайдасы тиері анық.

Фариза КЕНЖЕШОВА
25 шілде 2020 ж. 1 095 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930