Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Электронды үкіметке басымдық берілді

Электронды үкіметке басымдық берілді

Егемендік алғалы елімізде қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер болды. Соның ішінде мемлекеттік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, мемлекетті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды. Қазіргі таңда заман талабына сай аталған жүйені жетілдіру қажеттілігі тууда Мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыру, халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында игі бастамалар жүзеге асырылуда. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан 2050» Стратегиясында: «Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші» деп атап өткен. Осыған байланыс­ты мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына басты назар аударуымыз қажет.
Шынында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі. Бейсенбі күні Шиелі ауданы әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Н.Талқанбаевтың қатысуымен мәжіліс отырысы өтті. Шиелі ауданының мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен халыққа қолжетімділігін саралау мақсатында жұмыс сапарымен келген облыстық департамент басшысы әуелі Халыққа қызмет көрсету орталығының Шиелі аудандық филиалы және «Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мен «Шиелі ауданаралық аурухана» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жұмысымен танысты. Сондай-ақ Шиелі аудандық көші-қон қызметі бөлімшесі және аудан әкімдігінің «OPEN SPACE» стилінде жұмыс істейтін мемлекеттік мекемелердің жұмысын бағамдады.
Аталған мәжіліс отыр­ысында 2 мәселе қаралды. Бірінші 2019 жылдың 9 айында көрсетілген мемлекеттік қызмет түрлері жайында аудандық аппарат басшысы Ғ.Күлбаев баяндама жасады. Хабарламашының мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 9 айында аудан әкімдігіне қарасты жергілікті атқарушы органдардың аудандық бөлімінде 37 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген. Сондай-ақ мемлекеттік коорпарация арқылы көрсетілген мемлекетік қызметтер саны 2628 болса, бұл барлық көрсетілген қызметтердің 10,4 пайызын құрайды. Электронды түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 9794, яғни 15,2 пайыз. Ал қағаз түрінде 39 605 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп, барлық қызметтің 69,4 пайызын құрауда. Елбасының «ХХІ ғасыр барған сайын күрделеніп бара жатқан бүгінгі заманғы мемлекетті басқаруға жоғары талаптар қояды», – дегені есімізде. Дегенмен мемлекеттік қызметте қағаз бастылықтан арыла алмай келе жатқанымыз рас. Оны баяндамашының мәліметі де нақтылай түсті. Осыған байланыс­ты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Н.Талқанбаев:
– Мемлекет басышысы электронды үкіметті дамыту, халықтың компьютерлік сауаттылығын көтеру, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жөнінде қадау-қадау тапсырма жүктеді. Олардың орындалуы – басты назарда. Мемлекет басшысының мұндай саясаты еліміздің одан әрі өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына, сыбайлас жемқорлық көріністері мен бюрократтық тосқауылдардың азаюына негіз болады деп есептеймін, – деп сала басшыларына қағазбастылықтан арылуды тапсырды.
Екінші мәселе бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің бас маманы Н.Сүлейменов мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы және қолжетімділігіне мониторинг жасау төңірегінде сөз қозғады. Жалпы электронды қызмет көрсету үлесі бойынша жасалған мониторингке назар аударар болсақ, Қазалы ауданы 69,6 пайыз, көрші Жаңақорған ауданы 63 пайыз, Қармақшы 62,6 пайыз, Арал 61,8 пайыз, Сырдария 56,4 пайыз, Шиелі 53,7 пайыз, Жалағаш 53,2 пайызды құрап, соңғы үштіктер қатарынан қара көрсетіп тұрмыз.
Электронды мемлекеттік қызмет түрін түсіндіру мақсатында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Шиелі аудандық бөлімінде жыл басынан бері 29 іс-шара ұйымдастырылып, 1473 адамды қамтыған. Ал дәл осы көрсеткіш 35 мың тұрғыны бар Жалағаш ауданында 7 мың адамды қамтыса, Сырдарияда 4700 адам қатысып, халыққа түсіндіру жұмысы кеңінен жүргізілген. Ал Шиелі ауданаралық аурухана дәрігерлеріне осы кезге дейін 1345 адам тіркелсе, оның 191-і ғана электронды қызмет түрін пайдаланған. Күн сайын жаңашылдыққа бет бұрып, жаһандануға қадам басқан мемлекеттің мақсаты – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы үдеден шығу үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске қосты. Бүгінгі таңда үйден шықпай-ақ, ұзын-сонар кезекті күтпей-ақ, саусақпен түртіп сан түрлі қызмет алуға болатынын Үкімет те, БАҚ өкілдері де жиі айтып, жариялап келеді. Дегенмен әлі де аудан тұрғындары «egov.kz» порталының мүмкіндіктері мен «damumed» мобильді қосымшасын пайдалануды жетік меңгере қойған жоқ. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында халықпен тиімді кері байланыс орнатып, ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыны ескере отырып Шиелі ауданы әкімдігінің ақпараттық ресурстарын өзектендіру мәселесін де қолға алу қажеттігін ескертті. Яғни, 3 күн ішінде ақпарат салынып, өзектендіру жұмысы қолға алынбаған жағдайда тәртіптік шара көретін болады. Мәжіліс отырысында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аталған сала басшыларына осы бағытта басымдық таныта жұмыс істеуін қатаң тапсырды. Яғни ендігі жерде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиімділігінің басты көрсеткіші болады және ол мемлекеттік тұтынушы ретінде тікелей халыққа арналады. Ел Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру маңыздылығын ерекше атап көрсетіп келеді. Нақтырақ айтар болсақ, алдағы уақытта мемлекеттік қызмет түрлерінің 90 пайызы цифрлы жүйеге көшетін болады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

16 қараша 2019 ж. 564 0