Jańǵyrý – jazýdan bastalady
Деректерге сүйенсек, бүгінде әлемдегі 70% ел латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен айналысуда. Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт секілді түрлі саладағы ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы әліпбидің негізінде таралады дегенді білдіреді. Демек, латын әліпбиі Қазақ елінің де әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының басым бағыттарының бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге арналды. Ауданда бұл үрдіс кезең-кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстары көптеп ұйымдастырылып, айтылған ұсыныс-тілектер де қаперге алынып келеді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Гүлназ Достиярова:
– Жуырда ғана Мәдениет және спорт министрлігінен «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Елбасы Жарлығының алғашқы кезеңін іске асыру бойынша тапсырма келген болатын. Соған сәйкес қазіргі таңда кент ішіндегі барлық мемлекеттік және кәсіпкерлік нысандарды аралап, мекеменің атауын латын қарпімен жазуға ұсыныс айтып жатырмыз. Одан бөлек Көкшоқыдағы «Арман» мәдениет үйі мен полиция бөлімшесінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мекеменің атауын латын әрпінде жазу – ең алдымен тұрғындардың назарын аударуға, жаңа әліпбиді күнделікті тұрмыста пайдалануды қалыптастыруға қажет. Кәсіпкерлердің көбі жаңалықты қуана қабылдап, өзіне тиесілі нысанын атауын тез арада латын әліпбиімен жазып қоятындарын айтуда. Дегенмен, «Маңдайшаны ауыстыратын артық ақша жоқ» деген сылтаумен қарсы шығып, сөзімізді ескермей жатқандары да кездеседі. Қалай болғанда да латын әліпбиіне көшу заман талабына айналып отыр. Ерте ме, кеш пе бәрібір жаңа жүйеге үйренуге тура келеді. Сондықтан аудан тұрғындарын бірігіп, ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамыз, – дейді.
Латын әліпбиіне көшу жұмыстары бойынша ауылдар да шет қалып жатқан жоқ. Тіпті Бала би ауылы елді мекеннің кіре берістегі атауынан бастап аялдама мен бірқатар ақпараттық маңдайшаларды латын әрпімен жазып үлгерді. Жаңалықты жатсынбай, алғаш болып іске асырған ауыл басшысы Аманкелді Өмірәлі:
– Нысандардың атауын біртіндеп латын графикасына көшіру туралы хабар келгеннен ауыл тұрғындары бірауыздан қолдады. Ең алдымен жаңа әліпбиді ауылдың атауынан бастауды жөн көрдік. Алдағы уақытта барлық ғимараттың атын латын графикасына ауыстыру бойынша жұмыстар жалғаса береді. Өзге әріптестерімді де жаңа әліпбиге көшу жұмысына белсенді атсалысуға шақырамын, – дейді.
Қазіргі таңда ғаламторда мәтіндерді латын гарфикасына аударуға арналған «kazlatyn.kz» бағдарламасы іске қосылған. Одан бөлек латын графикасындағы қазақ әліпбиін үйрену үшін ұялы телефонға «play маркет» арқылы «jasyryn sóz», «zerek bala», «sózá lemi», «sózdi tap», «ı les» секілді ойын түріндегі қосымшаларды жүктеп алуға болады.
Н.Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.
Сондай-ақ Елбасы өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті.
Қазақ жазуы тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жетті. 1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылған. 1929-1940 жылдары аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданып келеді.
Латынға Түркия 1928 жылы көшсе, Өзбекстан мен Әзірбайжан КСРО ыдырағаннан кейін ауысты. Cол елдердің тәжірибесіне қарасақ, мысалы, Өзбекстан 1928 жылға дейін араб әліпбиін қолданған. 1928-1940 жылдары аралығында жазулары латын әліпбиі негізінде болған. 1940-1992 жж. кириллицаға ауысса, 1993 жылы өзбек тілі қайта латын тіліне көшіп, қазіргі кезге дейін қолдануда. Сол сияқты Әзірбайжанда 1925 жылдарға дейін ресми әліпби рөлін араб тілі атқарды. 1926-1939 жылдары латын әліпбиін қолданса, 1940-2001 жылдары кириллица, одан кейін 2001 жылы қайта латын әліпбиіне көшті.
Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог, ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі». Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес.
Түптеп келгенде, латын әліпбиіне көшу – түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады.
Gúlhan IaHIIa