Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Смартфон сан соқтырмасын десеңіз...

Смартфон сан соқтырмасын десеңіз...

Елімізде смартфон пайдаланатындардың саны жыл санап артып келеді.

Ақылды телефон әсіресе жастар өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Дұрыс қолдана білсең ақылды телефонның көмегі аз емес. Ал оған тәуелді болып қалсаңыз, оқыс жағдайға тап болуыңыз да мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24»

Заманауи гаджеттердің ортамызға дендеп енгенін мына көріністерден-ақ байқауға болады. Ерсілі-қарсылы ағылған жүргіншілердің басым бөлігі – смартфонмен. Қоғамдық көліктің ішінде, жолдың бойында, бағдаршамнан өтерде болсын құлаққаппен жүру дағдыға айналған.

  БЛИЦ: 

– Күніне 1-2 сағат, көп дегенде 3 сағат тыңдаймын.
– Жәй тыңдауға тырысамын. Бірақ күнде тыңдаймын. Білем зиян екенін.
– Наушник жоғалса біз іздей бастаймыз. Үйде қалып қалған болса ерінбей үйге барып алып сосын барып шығамыз.

Әлеуметтік желідегі әңгімелер, кино мен әсем әуен елітіп әкететіні анық. Алматыда жуырда ғана смартфоннан көз алмаған бір бойжеткен автобустан құлап ауыр жарақаттанды. Құлаққап кигендерге көлік жүргізушілері де сақтықпен қарайды. 

Қанағат Пәтіхан, көлік жүргізушісі:

– Әрине кедергі келтіреді. Құлаққа салып алған наушникпен жүргіншілер жолынан өткен кезде жан-жағына қарамайды Музыкасын тыңдаған күйі жолдан тура өте шығады.

Әлемнің көптеген мемлекеттерінде көше қиылыстарында, жаяу жүргіншілер жолында «Құлаққапты шешіңіз» деген жазулар бар. Бұндай белгілер елорда көшелерінде де кезігеді. Алматы қаласында әзірге қолданыс таппай отыр.

Алексей Алексеев, журналдың бас редакторы, сарапшы:

– Екі апта бұрын Алматының орталық көшелеріне «Жүргінші құлаққапты шеш. Алдыңа қара» деген жазуларды жаздық. Бірақ әкімдіктегілер өшіріп тастауымызды бұйырды. Жолда арнайы белгілерден бөтен ешнәрсе болмауы керектігін айтты. Мұндай әдіс көптеген елдерде қолданылады. Смартфонды көп қолдану мойын омыртқасы мен көзге зиян. Ал құлаққапты қатты тыңдау акуистикалық жарақатқа әкелуі әбден мүмкін.

Құрманай Солтанбаева, отоларинго́лог:

– Біз келешекте кереңдік ғасырға келе жатырмыз. Көп адамдар қазір оның зияндығын түсіне бермейді. Бізде құлақ, мұрын ауруларының жағдайында «акуистическая травма» деген түсінік бар. Сол акуистикалық жарақат күнделікті білінбейді, бірақ жүйкеге зор зиян тигізеді. Күннен күнге гаджеттердің алуан түрі шығып жатыр. Тәуелділікке жол бермеудің бір амалы балаларды ерте кезден бастап өзін-өзі шектеуге бейімдеу.

«Смартфонды қолданудың мәдениеті қалыптаспайынша, олардың кесірінен болатын келеңсіз жайттар жиілей береді», – дейді сарапшылар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

24.kz
27 шілде 2019 ж. 584 0