Ерекше кітапхана ауданға көрсетілді
Елбасы кітапханасы аудан тұрғындарына көшпелі экскурсия ұйымдастырды. «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасы шеңберінде өткен көшпелі тақырыптық экскурсия барысында өңір тұрғындары тың деректермен танысып, әдетте музейлерде ұстауға болмайтын жәдігерлерді қолмен ұстап көру мүмкіндігіне ие болды.
Елбасы кітапханасының бірегей қорларын көпшілікке көрсету мен насихаттауды кеңейтуге бағытталған іс-шара аудандық мәдениет үйіндкездесумен басталды. Ауқымды шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директоры Әмірхан Рахымжанов, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қатысты. Аудан тұрғындары және мектеп оқушыларымен кездескен Әмірхан Рахымжанов алдымен көшпелі көрменің мәні мен маңызына тоқталды.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы – мәдени-ағартушылық, ғылыми-білім беру, талдау орталығын қамтитын және бірегей жәдігерлер мен тәуелсіз Қазақстанның тарихы бойынша құнды құжаттарды сақтайтын жалғыз кешен. Елбасы кітапханасында Президенттің ордендері мен үлкен наградалары, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап жинаған 30 мыңнан астам кітап қоры сақталған. Біздің жетекші мамандар Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесуге үлкен дайындықпен келді. Қызылордалықтармен бірге бірнеше кездесулер мен семинарлар, түрлі тренингтер, сондай-ақ конференциялар өткізіледі, – деді Әмірхан Рахымжанов.
Расыменде, облыс бойынша Шиеліден бастау алған ауқымды шара аудан тұрғындары үшін үлкен құрмет, мәртебе. Сондықтан болар, мемлекет басшысының тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсететін бұл жоба бүкіл ел тұрғындарының назарына ұсынылып келеді. Елбасының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы қайраткерлігін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен насихаттайтын бұл көшпелі жобаның маңызы зор. Бұл көрме әрі қарай Қармақшы ауданында жалғасын тауып, 9 сәуірден бастап Қызылорда қаласының тұрғындары тамашалайтын болады.
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, сыр өңірінде өтіп жатқан көшпелі экскурсияның маңыздылығына, Тұңғыш Президенттің еңбек жолына тоқталып, кемеңгерлігін тілге тиек етті.
– «Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік жолындағы барлық маңызды құжаттары топтастырылған бұл көрменің орны ерекше. Өскелең ұрпаққа үлкен тәлім, тағылым, жігер сыйлайтыны анық. Мұндай шараның біздің өңірде өтіп жатқандығы қуантады», – деді аудан әкімі Ә.Оразбекұлы.
Шарада Елбасы кітапханасы директоры Әмірхан Рахымжанов ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесін ұйымдастыруда белсенділік танытып, елеулі үлес қосқаны үшін аудан басшысы Әшім Оразбекұлын алғыс хатпен марапаттады. Одан кейін, Елбасы кітапханасы атынан бірнеше кітаптар табысталып, лентасы қиылды.
Шараға келген мектеп оқушылары Тұңғыш Президенттің жүріп өткен жолдары жайлы баяндайтын сирек кездесетін бейнешежіре, фотосуреттер және архивтік құжаттармен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, іс-шара қонақтарына Елбасы туралы деректі фильм көрсетілді. Осылайша, көшпелі экскурсия жәдігерлерін тамашалап, Елбасы киген мантияны үздік оқушылар киіп көру мүмкіндігіне ие болды.
Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесін тамашалауға аудан жұртшылығы белсене қатысты. Келушілерге Н.Назарбаевтың комсомол-металлургтен бастап, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес төрағасы және ҚР Тұңғыш Президентіне дейінгі еңбек жолы жайлы баяндайтын маңызды материалдар ұсынылды. Сондай-ақ, жұртшылық назарына Президенттің сирек кездесетін бейнешежіре кадрлары мен фотосуреттер көрсетілді. Жиын соңында Әмірхан Рахымжанов қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты Сыр елінің көшпелі көрме жобасын жалғастыру – үлкен маңызға ие екендігін айтты.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.