"Қаңлы" атауы қайдан шықты?
Әбілғазы Баһадүр Хан жазған шежіреде «Қаңлы» туралы былай дейді: «...Түріктің неменесі Аланчы Ханның (басқа деректерде Алаша Хан) егіз балалары болған: Татар мен Мұңал (Моғұл), елін осы екі баласына бөліп қалдырып кеткен. Кейін, бұл екі елдің хандары арасына от түсіп соғысып кетеді. Мұңал Хан қаза тапқаннан кейін, оның ақиқат орнатушы ұлы Оғыз Хан Татар Ханға аттанады. Татар Хан Қытайға (China) жақын орналасқан Джурджут қаласы маңында болады. Оғыз Хан Татар Ханды жеңгеннен кейін, оның байлығын алып кетпек болады. Байлығы өте көп болып, оны қалай тасуды ойлайды. Сол кезде, ақылы мол бір шебер адам, жүк тиейтін арбаны (тиелек) ойлап құрастырады. Бұл арбаларды, барлығы сыйып кеткесін және қатты сықырлайтын болғасын, Күннек атаған. Ал, ойлап тапқан адамды Қаңлы атаған. Барлық Қаңлы ұрпағы осы адамнан тараған...». Бұл оқиға шамамен 5300 жыл бұрын болған, осындағы дерек бойынша. Шәкәрім (Шаһкәрім) Құдайбердіұлы жинап жазған шежіреден: «...Қаңлы сөзінің мағынасы - арбалы дегенді білдіреді. Ескі заманда түрік халықтары Алтайдан күнбатысқа қарай көше берген. Сол түріктің Сақа деген халқы Алатаудың күнбатысында жүрді. Б.д.д. 130 жылдары Тибеттіктер шабуыл жасап, олар тағы да күнбатыс жаққа жылжиды, олардың бір табы Қаңлы руы болды. Бұл жақтағы түрік халықтарын еврей жазушылары кейде Скиф, кейде Сақа деп айтады. Онаң соң 1219 жылы Шыңғыс Хан әскері Орта Азияға келгенде, әр ел толқып тағы көш басталады. Сонда, жоғарыда айтылған Қаңлы табы, ханы Қайы Хан бастап 50 мың үй болып Рұм (Рим) жеріне барады... Біраздан соң соғыс басылған кезде, Қайының баласы Сүлеймен, елін алып қайта келе жатқанда, Ефрат дариясында суға кеткен. Сүлейменнің баласы Тоғұрыл (Тұғырыл) 400 үйдей елімен Таманшы жерінде қалады. 1272-жылы 90 жасында Ер Тоғұрыл қайтыс болып, орнына баласы Ғұсман болады. Ол мықты батыр болып айналасындағы елдерді бағындырады. 1300-жылы бөлек хандық (сұлтанат) құрады, содан бастап Ғұсман (Осман) Империясы басталады, еуропалықтар Оттоман Империясы деп атайды, халқы Ғұсман жұрты деп аталып кетеді...» Өткен ғасырдағы революция кезінде, Осман (Ғұсман) жұрты өздерінің бұрынғы аты, түп атасы атымен Түрік аталып, мемлекетін Түркия атайды. * Археологтардың зерттеуі бойынша, тұңғыш арбалар қалдықтары Орта Азияда табылған, олар шамамен 6000 жыл бұрын жасалынған. Тұңғыш арбалар екі доңғалақты болған, доңғалақтары тастан кейде ағаштан жасалынған... Яғни, жоғарыдағы айтылған мәліметтермен сәйкес келеді.
https://massaget.kz/blogs/25193/