Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекқор жастар – ел болашағы

Еңбекқор жастар – ел болашағы

Осы мақаладағы барша қоғамдық институттар, жеке тұлғалар, қазақстан қоғамындағы кез-келген азаматтардың өмірлік бағыт-бағдарына балайтын негізгі түйін қоғамдық тұрақтылықты сақтау, соған өз үлесін қосу болып табылмақ.
Мақаланың «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» атты бесінші бағытында бұған арнайы тоқталып, тиісті түсініктемесі де берілген. Онда «Эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзіміз жетті... Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз. Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі» – болуы қажеттігін дәлелдеген.
Сөзсіз қосыламыз. Әлемнің әр түкпірінде, әр уақытта болып жататын саяси толқулар, шерулер мен төңкерістерге қамтылған контингентке зер салар болсаңыз орын алған сол саяси толқуларға мүмкіндігінше молырақ тартылатын әлеуметтік топ – жастар екендігін байқайсыз. Ел болашағы – жастар.
Ендеше, жастардың қуатын дұрыс мақ­сатқа, тәуелсіз елдің революциялық емес эволюциялық дамуына пайдалану, олардың әлеуетін Қазақстанның өсіп-өркендеп, дамып, әлемдік көшбасшы елдердің қатарынан көрінуіне бағыттау күн тәртібіндегі мәселенің біріне айналмағы керек. Бұл бағытта тиісті жұмыстар да жасалып жатыр.
Салауатты өмірмен сапа
артатын болады
Шиелі ауданында да жастарға тиісті қолдау кеңінен көрсетіліп келеді. Олардың әлеуетін қоғамдық-көпшілік, саяси-мәдени шараларға, айналаны көркейту-көгалдандыру т.б қоғам болып атқаратын ауқымды жұмыстарға жұмылдыру жолға қойылған.
Аудан әкімдігінің жанындағы жастар ісі жө­ніндегі кеңес бар. Тоқсанына бір рет өткізілетін бұл кеңесте жастар мәселелері тұрақты қоз­ғалып, жастарға қажетінше көмек-қолдау көрсетуге кеңестер беріледі.
Жуырда осы кеңестің отырысы аудан әкімі Әшім Оразбекұлының төрағалығымен өткізілді. Онда 5 мәселе қаралды. Кеңесте аудандық «кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі», «денешынықтыру және спорт бөлімі», «жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі», «ішкі саясат бөлімі» мен «Жастар ресурстық орталығы» басшылары баяндама жасады. Жыл көлемінде аудандағы жастар саясатын ілгерілету бағытында атқарылған жұмыстар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде өткізілген шаралар және оларға жастардың қамтылу деңгейі сөз болды.
Кеңес отырысында көрсетілген деректерге сәйкес ауданда 18-29 жас аралығындағы 16 964 азамат бар.
Шиеліде 21 390 адам ерікті түрде спортпен шұғылданатын болса, бұлардың ішіндегі 11 200 адам жастар.
Салауатты өмір салтына бет бұрған жас­тардың қарасы жыл өткен сайын көбейіп келе жатқандығы сөз болды. Кәсіпкерлік саласында да жастар қатары белең алған.
Мектептерде спортзал кешке ашылып, Мем. қызметкерлер спортпен шұғылданатын болды
Кеңес барысында бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, аудан мектептеріндегі спорт залдар мектеп бітіріп кеткен ауыл жастарына қолжетімді болмай жатыр екен. Кейбір мектеп директорлары «спорт залды бүлдіресіңдер» – деп кешкі уақытта ауыл жастарын сол залға кіргізбейтіндігі сөз болды. Бұған аудан әкімі арнайы тоқталып, білім бөліміне тиісті тапсырма берді. Барлық мектептердің спорт залдары кешкі сағат 19.00-ден кейін ауыл жастарына есігін айқара ашуы тиіс. Қолы бос ауыл жастары кешкілік салауатты өмір салтымен айналысамыз десе не үшін өздерінің түлеп ұшқан мектептері есігін тарс бекітіп, қарсылық танытуы тиіс?
Мемлекет салауатты өмір салтымен барша қазақстандықтардың шұғылдануын көздеп, қажетті материалдық көмектерін беріп жатыр. Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында ауданның бірқатар ауылдық округтерінде заманауи спорт кешендері салынып, алды пайдалануға берілуде. Ақмаядағы спорт кешені пайдалануға берілді. Балаби ауылындағы жастардың да өз сарайлары бар. Алғабаста, Еңбекшіде салынып жатыр. Келер жылдары Бестам, Жөлек, Бекежанов ауылдарында да спорт кешендері салынбақшы. Аталған ауылдардың әкімдері мен белсенді кәсіпкерлері барынша жүгіріп жұмыс жасап жатыр. Туған еліне, туған жеріне қызмет етіп, ондағы жастарға жағдай жасауды қолға алды. Ал, мектеп директорлары не үшін салауатты өмір салтымен айналысамын деген жастарға қырын қарауда?
Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы осы мәсе­лелерге арнайы тоқтала келе салауатты өмір салтымен тек жастар ғана емес барша азаматтар, аудан тұрғындары айналысып, тиісті спорт кешендері барша тұрғындарға қолжетімді болуы керек деді.
Сонымен қатар, аудан әкімі аппаратының басшысы Ғ.Күлбаевқа қосымша арнайы тапсырма берді. Енді бұдан былай аудан әкімі аппараты мен тиісті бөлім қызметкерлері де аптасына бір рет жұмыстан тыс уақытта салауатты өмір салтымен айналысып, спортпен шұғылдануы қажет. Кент орталығындағы спорт кешендерінде осындай шараны ұйымдастыруды қадап тапсырды. Ия, айтса айтқандай басқа аудандар мен облыс орталықтарында, қалалардағы мемлекеттік мекеме қызметшілері де аптасына бір рет спорт сарайларына бас сұғып, жұмыстан тыс уақытта денетәрбиесімен айналысып жатады. Бұл азаннан қара кешке дейін кабинетте, орындықта отырып, жабысқан жауырын мен сірескен денені бір сәт болса да шынықтырып, денсаулыққа пайдасын тигізетіні анық. Оның үстіне мемлекеттік мекемелерде де жүздеген жастардың еңбек етіп жатқанын ескерер болсақ, аудан әкімінің бұл ұсынысы мен көтерген бастамасын әбден орынды деп айта аламыз. Енді тек соны іске асыру қалды.
Тазалық жанашырлықтан бастау алады
Жастардың айналаға, қоршаған ортаға деген қамқорлығы, тазалыққа мән беруі, жүрген жерінде соны үндеуі де күн тәртібіндегі өзекті мәселенің біріне айналғаны анық. Кеңесте бұл мәселе де көтерілді. Бүгінде аудан орталығы Шиелі кенті қанатын кеңге жайып, үлкейіп келеді.
Келесі жылдан бастап Шиелі кентінің бірқатар мөлтек аудандарында кенттің келбетін келтіріп, сәнін арттыратын бірнеше заманауи скверлер салу жоспарға енгізілген. Кәдімгі ірі қалалардағыдай шағын демалыс парктері, ол жерлерге келген кісіге оты­ратын орындықтар, түнгі жарық шамдары, денешынықтырумен айналысуға мүмкіндік беретін шағын спорттық жабдықтар да сол скверлердің айналасынан орын алмақ. Жан-жағы гүлзарлармен абаттанып, таза ауада демалғысы келген кісілердің, қариялардың, жас балалардың көңілінің қошын келтірмек.
Ал енді осындай игілікті нысандар пайдалануға берілгенде біз оны өз орнымен пайдалана аламыз ба? Әлде жабайылыққа салынып сындырып, бүлдіріп, айналасын қоқыстап, шашып-төгіп, ластап, орындықтар мен шамдарын қиратып жарамсыз етіп тастаймыз ба? Мәселе осында болмақ. Мемлекет, жергілікті билік, елағалары жанашырлықпен жасап берген дүниені ұқсатып ұстай аламыз ба? Орнымен пайдалануды білеміз бе? «Біле алмаймыз-ау» – деген күдік басым бізде. Неге? Себебі, Шиелінің орталық алаңындағы орналасқан Мұстафа Шоқай бабамыздың ескерткішіне біз қандай құрмет танытып жатырмыз. Осы ескерткішке келген жастар тәу етіп, тәуелсіздікті аңсаған арда азаматтың рухына тағзым етіп, өздерін егемен елдің ертеңгі болашағы тәртіпті-тәрбиелі азаматтардың қатарынан көрсетіп кетудің орнына, келген келін кердеңдеп, жастар жын-ойнақ жасап, аққайнар атып, стақан сындырып, сусындардың құтыларын лақтырып, жеген кондитерлік тәттілердің қорапшаларын шашып, орталық алаңды бүлдіріп кетіп жатады. Ескерткіштің алды осындай көргенсіздік әрекеттерді жасауға арналмаған болар ағайын. Отбасы құрып, үйленген жастар келсін. Сыпайы ғана бір минут үнсіздікпен тәуелсіздіктің құрбаны болған арда азаматты еске алсын да жөніне кете берсін. Жалпы үйде, отбасында әке ұлға, шеше қызға осыны ұғындырып, тиісті тәрбиесін беріп отырмаса «әй дейтін әжені, қой дейтін қожаны» көрмегендерден небір көргенсіз әрекеттердің шыға беретіндігін бүгінгі қоғам көрсетіп отыр. Олай болса, қоғамның кез-келген игілігіне жанашырлық көзқарасты қазірден бастап қалыптастырмасақ, ертеңгі күні бүгінгі жасалған барлық жақсылықтар мен материалдық игіліктеріміздің құны көк тиын болып қала бермек. Жастар саясатында да осыған баса мән берілуі қажет.

Флешмоб пен акция жастарды жолға салмайды
Қазір әрбір даталы күндер мен өзекті мәселелерді алаулатқан-жалаулатқан бірқатар флешмоб акциялармен өткізіп, көтерілген проблеманы жылы жауып қоя салатын заман емес. Немесе сөзге шешен бірқатар жас­ты ортаға шығарып, ұрандатып сөйлетіп қойғанымен күрмеуі қиын күрделі мәселе шешімін таппақ емес. Жастар мен әлеуметтік жобалардың әлеуетін тәрбие мәселесіне бағыттаудың күні келді. Жылдық жоспары жасалып жатқанда келер жылдықтағы өзекті мәселелер сараланып, тиісті қаржы сол салаға бағытталып, қажетінше әлеуметтік жобалар қабылдануы керек. Әрине бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес, бар. Дегенмен деңгейін арттыра беру керек.
Жалпы кеңес отырысында тиісті бөлімдерге бірқатар арнайы хаттамалық тапсырмалар жүктелді. Онда, жас кәсіпкерлердің санын арттыру, оларға қаржылай қолдаулар көрсетудің заңды тетіктерін қалыптастыру, жастар мен жасөспірімдердің спорт нысандарына қолжетімділігін арттыру, кентке «Стрит воркаут» спорт алаңдарын салу жөніндегі нақты ұсыныстар жолдау, NEET санатындағы, мүмкіндігі шектеулі, жазасын өтеп келген жастарды қоғамға бейімдеу және оларды тұрақты жұмыспен қамту, аудандағы жастар ұйымдарын тарта отырып, қоғамдағы маңызды мәселелерге үнқату секілді мәселелер алдағы жұмыстың жоспарына енгізілмекші болды.
Жастарға бір сыйлық керек
Айта кететін бір мәселе, осы жиынның соңын ала аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Әбдіқадіров еңбек майданында жүрген жастарды қолдау мақсатында аудан әкімдігінің «Ыбырай Жақаев» атындағы жастар сыйлығын тағайындау туралы ұсынысын келтірді. Облыс әкімінің «Сыр үміті» атты жастарға арналған сыйлығы бар, бірқатар аудандарда да бұндай атаулы сыйлық тағайындалғандығы сөз болды. Ендеше Шиелі ауданында да осындай жастарға арналған сыйлықтың болғаны жөн деді. Бұл да жөн.
Дегенмен, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы М.Мақаш бұл ұсынысқа өзіндік пікірін білдірді. Яғни, «бүгінгі таңда «Ыбырай Жақаев» атындағы облыстық сыйлық тағайындалған. Ендеше, аудандық деңгейде екінші рет ондай қайталама сыйлық тағайындау өзекті емес. Аудан әкімдігінің жастарға арналған сыйлығы қоғамдағы сан-салалы бағытта еңбек етіп жүрген жастарға бағытталуы тиіс. Тек қана күріш, егін алқап­тарындағы жастардың контингентіне тоқтап қалуға болмайды. Өндірісте, индустрия­да, түрлі компанияларда, тау-кен саласында, ғылымда, өнерде, шығармашылықта жүрген жастарды толық қамтуы тиіс. Ал, бұл талаптан шығатын бір тұлға бар бізде. Ол биыл ғана 90 жылдығы аталып өтілген Шахмардан Есенов», – деді.
Ия, айтса айтқандай Ш.Есенов атындағы жастарға арналған аудандық сыйлықты тағайындау шындығында бүгінгідей сананы тұрмыс билеген заманда өз маңызын жоймақ емес. Аталған тұлғаның бір бойынан барлық талапты таба аласыз. Ауылдың, Шиелі топырағының қарапайым баласы. Еңбек етті. Тау-кен саласында ірі жаңалықтар ашты. Қазақ ғылымын өрге сүйреді. Шығармашылыққа қамқор болды. Ел басқарды. Ең жас министр атанды. Бұның барлығы ештеңе емес. Ол, бір өзі тайсалмай, қызметтік мансабына нұқсан келетіндігін білсе де бүгінгі Қазақстан Республикасының мұнайлы облысы Маңғыстау аймағын Қазақ елінің құрамында сақталып қалуына еңбегі сіңді. Ұлтжандылығын, елжандылығын дәлелдеді. Мансап пен атақ ел абыройынан артық емес екендігін көрсетті. Жастарға әбден үлгі болуға лайық тұлға. Олай болса, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы М.Мақаш көтерген ұсыныс оңынан келіп тұрғандығын біз де қуаттап, мақаланы осымен тәмәмдадық.
Нұрболат Сәдуақасұлы.
26 желтоқсан 2017 ж. 1 509 0