Мәрияның күнделігі
Мұстафа Шоқай қазақ тарихында саяси қайраткер, түркі халықтарының біртұтас идеясының авторы және сол үшін күресуші ретінде аты қалды. Ол Кеңес Үкіметі кезінде халық жауы атанып, қуғынға ұшыраған, күні кеше ғана есімдері ақталып, халқына оралған Алаш қайраткерлерінің бірі. Осындай тұлғалардың келбетін, рухани құндылықтарға толы жан дүниесін ашып көрсететін тағы бір қыры – өмірлік серігі, қиын-қыстау күндері қолдаған жұбайлары болатын...
Жуырда ислам.кз порталынан жерлесіміз М.Шоқайдың жары Мәрияның жазбаларын көзім шалды. Онда, қазақ зиялысының мінез-құлқы, кейбір қасиеттері, дінге деген құрметі жақсы бейнеленген. Сондықтан, көпшілік назарына ұсынғанды жөн санадық.
Қазақ зиялысы басына іс түсіп, Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын құлатуына байланысты Мұстафа Шоқай шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. Сол мезетте Мәрияны кезіктіреді. Орыс қызымен студент кезінен, яғни 1916 жылдан бері таныс болатын. Мәрияның күйеуінен ажырасқанын біліп, өзіне тұрмысқа шығуына ұсыныс жасайды. Алайда, көңілі қалап, ұнатқан қызына үйленгісі келгенімен дінге келгенде табандылық танытады. Басына небір нәубетті күндер туып, қоныс аударып жүрген жағдайына қарамастан болашақ жарының мұсылман болғанын қалайды. Сондықтан, орыс қызына сондай талап қояды. Бұл туралы Мәрия өзінің 1963 жылы жазған естелігінде: «Біз Мұстафа екеуміз үйленбекші болдық. Екеуміздің дініміз екі бөлек болатын, мен – христиан, Мұстафа – мұсылман. Мұстафа менің мұсылман болуым керектігін айтып тұрып алды. Бір күні ескі күймеге отырып, ескі шаһарға бардық. Ол жерде имам біздің некемізді қиды. Екі өзбек куәлік етті. Бұл 1918 жылдың 18 сәуірі еді», – деп жазады.
Міне, осы дерекке қарап-ақ, Мәрияның Исламды қабылдағанына шүбә келтіре алмаймыз. Тіпті, ол үйленгендерінен кейін Мұстафаның ауылына барғанда орамал тартып, дәрет алғаны туралы да жазады: «Мұстафа алғашқы аялдаманы имамның ауылында жасайтынымызды айтты. Имам қазақша дін қызметіндегі адам дегенді білдіреді. Мұстафа «Қазір оның ауылына жаяу жүріп баруымыз керек, басыңа жаулық салып, қазақ әйелдері сияқты үстіңе камзол киесің, қол-аяғың көрінбейтін болсын», – деп түсіндірді. Қазақ әйелдері салт бойынша бастарына үлкен ақ жаулық байлайды. Менде орамал үшін пайдалана қоятындай ақ төсек жаймасынан басқа ештеңе жоқ еді. Соны басыма байлап, үстіме түлкі терісінен жасалған тонымды киіп алдым. Мұстафа маған имамның үйіне қалай кіруім керектігін түсіндіріп, ішке еніп кетті. Мен киіз үйге елу адымдай жетпей тұрып қалдым. Біраз тұрып қалғандай едім. Ми қайнатқан ыстықта үстімдегі киімім де әбден абыржытты. Қазақ әйелдері бет-жүзін жауып жүрмейді, үнемі ашық ұстайды. Қазақтар әйелді өте құрмет тұтады. Еркектер өз араларында әйелдер туралы әңгіме айтпайды. Мұстафа әлі имамның жанында, мен сыртта тұрмын. Біраздан кейін киіз үйден бір топ адам шыға келді. Мен де оларға қарсы жүрдім. Мұстафаның айтқанын орындауға тырыстым. Өмірімде бірінші рет қазақтардың киіз үйін көрдім. Тазалығына таң қалдым. Сөздің шыны, біз қатардағы бір адамның емес, имамның үйінде едік. Жас қыздар өз араларында сыбырласып, ара-тұра маржандай тістерін көрсетіп күліп қояды. Мен де оларға қарап күлімсіредім. Осылайша арамызда үнсіз достық байланысы пайда болды, мен жуынғым келетіндігімді айтып су сұрадым, әрине, ыммен. Маған бір құмғанмен ыстық, екіншісімен салқын су әкелді».
Одан әрі «Көпшілік алдымен дәрет алып, сонан соң бәрі бірдей намазға тұрды. Намаздан кейін еркектер жағы түйелерге қарай беттесе, әйелдер жағы қойлар мен сиырларды саууға кірісті. Мұстафа мені қасына шақырып алды да екеуміз әрі-бері жүріп сейілдедік, ол маған бұл жердегілердің бәрі менің орамал тағысыма, қимыл-әрекеттеріме ырза болғанын айтты. «Бұл уақытқа дейін олар орыс әйелі туралы басқаша пікірде болатын. Өз ұлтымның өкіліне үйленбеуім оларда реніш сезімін тудырғанымен, аз уақытта еуропалық әйелге азиялық әдеттерді қабылдата алғаным үшін мені кешіріп, саған құрметпен қарай бастады. Мен имаммен Петербургтағы өмірім туралы көп әңгімелестім. Ол өте ақылды кісі. Үш рет Меккеге барған. Түрлі елдердің адамдарымен танысқан өзге елдердегі мұсылмандар туралы айта келіп, маған егер сіз бақытты болсаңыз, мен сізбен келісемін, жұбайыңыз өле-өлгенше жолдасыңыз болсын деді. Көрдің бе, сүйіктім, екеуіміздің қосылуымызды рухани ықпалы күшті адамдар да қостады» – деп жазады. Қазаққа келін болып, мұсылмандыққа өткен орыс қызы М.Шоқайдың өмірінің соңына дейін серігі болады.
Түйін: М.Шапиян «Түркістан үшін от кешкен күрескер» атты мақаласында: «Қазаққа келіндік қызметін адал атқарған Мәрия Шоқай бүгінде француз жерінде жатыр. Көрген-білгендердің айтуынша, жан дүниесімен мұсылман болған жеңгеміздің басында крест тұрған көрінеді. Қандай өкінішті! Бірақ, Францияға жолы түскендер тағдырын қазақтың Мұстафадай арысының жолына байлаған сол бір орыс қызының басына барып, зиярат етіп, Құран оқымай кеткен емес» – деген дерек келтіреді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.