Бізде комментаторлық кәсіби деңгейде дамымаған...
Ермек Төрениязов – «QAZSPORT» телеарнасының редакторы:
Бізде комментаторлық кәсіби деңгейде дамымаған...
Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған әлеуметтік желіні қолданбайтын адам некен-саяқ. Керек ақпаратты алу үшін әлеуметтік желіні жиі тұтынатындардың қатарында мен де бармын. Фейсбук желісінде отырып спорт комментаторлары жайындағы пікірлерге көзім түсті. Бірі көңілтолмаушылық білдірсе, бірі ұнататын комментаторларының атын жазып әлек. Сол сәтте ойымызға жерлесіміз, Еңбекші ауылының тумасы, «QAZSPORT» телеарнасының редакторы Ермек Төрениязов сап ете қалды. Тез арада байланысқа шығып, қазақ комментаторларының жай-күйін білмекке хат алмастық. Осылайша, виртуалды сұхбатқа ұласқан тұшымды әңгімемізді халық назарына ұсынғанды жөн көрдік...
– Спорт ойындарын комментатордың сүйемелдеуінсіз тамашалаудың өзі қызықсыз. Тіпті, елестете алмаймыз. Елімізде бірнеше телеарналарда спорттық шараларды, әлемдік біріншіліктердің майын тамызып, құлақ құрышын қандырып, көрерменнің қызығушылығын оятқан кәсіби спорт шолушыларының қатары қалыңдап келеді. Ал, сіз бұл салаға қалай келдіңіз?
Шынымды айтсам, спорт журналисі боламын деп ойламадым. Ауыл балалары жиылып алып, топырақ үстінде, жалаң аяқ доп теуіп, футбол ойнаумен қас-қарайғанша далада жүрсек, түнде көк жәшіктегі футбол ойынын тамашалаумен жастыққа бас қоятынбыз. 1998-2000 жылдары өткен әлем чемпионаты, Еуропа біріншіліктерін теледидарға телміріп отырып көретінбіз. Сондағы футболист болам деген арманым, журналист болуға жетелеген шығар деп ойлаймын. Содан, 2003-2007 жылдары әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетіне түсіп, диплом алдым. 3-4 курс оқып жүрген сәтімде 1-2 телеарналардан тәжірибеден өткенім бар. Солай, спорт журналистикасына бет бұрып, «Алматы» телеарнасындағы спорт бөліміне жұмысқа қабылдандым. Осы жерде 4-5 жылдай тәжірибе жинақтап, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының спорт шығармашылық бірлестігіне ауыстым. Осы жерден алғашқы комментаторлық жұмысым бастау алды. Ұлттық арнадан УЕФА чемпиондар лигасын тікелей эфирде көрсететін. Алғашқы рет эфирге шығып, ойын жүргізген сәт ешқашан ұмытылмайды. Неапольде Наполи мен Шелси арасында өткен ойын болатын. Қасымда әріптесім Есей Жеңісұлы. Екі қарсыластың бүкіл тарихын зерттеп, ең көп дайындалған ойынымда осы болды. Бірақ, сол дайындықтың шамамен 10 пайызын ғана жеткізе алған шығармын. Эфирдің 70-80 пайызын Е.Жеңісұлы өзі алып шықты. Қобалжып, су терге түскен мен үшін трансляция бітпестей көрінді. Тіпті, сол мезетте комментаторлықты қоя салам-ау деген ой да болды. Алайда, ойын біткенде Есей ағамның «жақсы, жарадың бала» деген бір ауыз сөзі мерейімді көтеріп, төбем көкке екі елі жетпей қалды. Сол сөз шеберлігімді шыңдап, тәжірибемді толықтыруға себепкер болды. Одан әрі, 2014 жылы футболдан Бразилияда өткен әлем чемпионатында алғаш рет қазақ телевизиясы тарихында стадион орталығында, оқиға орнынан, тікелей эфирде жұмыс атқардық. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы олимпиада ойындарында репортаждар жасадық. Жалпы спорт әлемінде, спорт журналистерінің арманы болған үлкен додаларда қызмет атқару бақыты бұйырды бізге. Сол жарыстың қайнаған қазанынан ақпарат тарату кез келгеннің қолынан келе бермесі де анық. Биікке шығып, бір белесті бағындыра алсам, ұстаздың берген батасы деп білемін.
– Жеке өміріңізге тоқталар болсақ, Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаева апамыздың немересі екенсіз. Еңбекке ерте піскен, үлгілі үлкен шаңырақтан алған тәлім-тәрбиеңіз немесе апамыздың өнегесі жайында айтсаңыз...
Иә, әжем Ұлбала Алтайбаева барша қазақ еліне танымал, нағыз еңбек адамы деуге болады. Осындай, үлгілі азаматшаның ұрпағы болу көп жауапкершілікті артады. Атам Сұлтанхан Төрениязов та ақсақалдар кеңесінің төрағасы болған, әділ, турашыл жан. Осы кісілердің ұрпағы үлкен бір рулы елге айналып, тамырын тереңге жаюда. Әкем: «Мектеп бітірген соң Алматыға оқуға көршіммен бірге аттанбақ болдым. Сонда бір танысымыз оқуға түсуімізге жәрдем бермек. Үйдегілер хабарласып еді, бір ғана баланы оқытуға мүмкіндіктері барын жеткізді. Ал, олар екеуі бірдей оқи алмаса керек емес деп, ойланбастан жауап қайырды» – дейтін. Осыдан-ақ, қара қылды қақ жарған әділдігін аңғаруға болады. Жалпы, атам мен әжемнің әрбір ісі үлгі-өнегеге тұнып тұратын. Сондай-ақ, есік алдына егетін әжемнің сары әңгелегінің иісі әлі күнге мұрнымнан кетпейді. Бәрінен бұрын пісетін 40 күндік әңгелектің дәмі де ерекше болатын.
– Сізбен сұқбат құруға сеп болған мәселенің бірі – халық тарапынан қазақ комментаторларына көңіл толмаушылықтың болуы. Ойын үстінде статистиканы сөйлетіп, бұрынғы ойындарды тізбектеудің қандай қажеті бар деп ойлайсыз?
Дұрыс айтасыз. Комментатор болу күрделі әрі қиын іс. Мыңдаған жанкүйер болса, мың түрлі пікір де болады. Бастысы, қандай сын, кімдер айтқан пікір екеніне көңіл бөлемін. Сын айттым деп сағыңды сындырмай, сараптап, қателігіңді ашып, көрсетіп жатса түзеуге тырысасың. Ондай сындар болған, әлі де бола береді. Несіп Жүнісбайұлы, Дүрәлі Дүйсебай сынды спорт журналистикасының ардагерлері бағыт-бағдар беріп жөн сілтейді, жекеге жазып та жібереді. Біз сол сыннан нәтиже шығаруға барымызды саламыз. Қазақ комментаторларын сынамас бұрын бір жәйтті ескергеніміз жөн. Бізде комментаторлық кәсіби деңгейде дамымаған. Әуесқой, хобби ретінде ғана бағаланып келеді. Сондықтан, лайықты бағасын ала алмай жүр деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлік мәселе салалық комментаторлардың жоқтығы. Соңғы екі жыл көлемінде футболды қойып, өзіміздің оң жамбасымызға келетін белдесу, жекпе-жек, дзюдо сынды спорт түрлерін де жүргізіп келемін. Осындай салалық комментаторларға басымдық берілсе комментаторлардың да сапасы артады деп ойлаймын.
– Қазақ комментаторларының арасында кәсіби біліктілігімен жаңадан бой көрсетіп жатқан мамандар бар ма?
Біздің көшке қосылып жатқан жас комментаторлар да баршылық. Мысалы, «QAZSPORT» арнасында Ерсін Ерік сынды тәжірибелі, талантты жігіт бар. Сондай-ақ, Абай Айтмағанбетов, Есбол Қарағұлды да айтуға болады.
– Көп көңілінен шыға білген Ермұхамед Мәуленнің ойын жүргізу тәсілі тартымды деген пікірді жиі естиміз. Оның ерекшелігі мен айырмашылығы неде?
Расында көрермендерін ұйыта білетін Ермұхамед Мәуленнің табиғатына тән бір қасиеті бар. Өзіндік мәнері қалыптасқан әріптесімнің әзілмен ұтымды тіркес тауып, ойынды керемет бейнелеп жеткізуін айтқан болар едім. Көгілдір экранда болып жатқан оқиғаға шапшаң сөз тауып кететін тәжірибелі маман деп бағалаймын. Әрине, оның бәрі алдыңғы буын ағаларымыз Амангелді Сейітқан, Есей Жеңісұлы, Жандос Айтбай, Ғалым Сүлеймендерден үлгі алуымыздың жемісі.
– Әрбір азамат туған жеріне ту тігіп, қызмет жасауды қалайды. Алдағы уақытта туған жеріңізге келіп, спорт саласында қызмет ету ойыңызда бар ма?
Әрине, «Ит тойған жеріне, ер жігіт туған жеріне» дейді емес пе? Туған жердің әрбір тау-тасы, топырағы кімге болса да ыстық. Қолым қалт етсе, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылына қарай ат басын бұрамыз. Кіндік қаның тамған жердің көркейіп, гүлденуіне қолдан келсе барынша өз үлесімді қосуға тырысамын. Жалпы, спорт журналистикасы біздің елде керемет дамыған дей алмаймын. Оның үстіне жалғыз спорт арнасы «QAZSPORT» жұмыс жасайды. Алдағы уақытта аудандардан бөлімдері ашылып, дамып жатса Шиелі ауданындағы бөлімге барып жұмыс атқаруға қарсы емеспін. Ол уақыттың еншісінде...
– Уақыт бөліп, әсерлі әңгіме өрбіткеніңізге рақмет. Жұмысыңыз жемісті болсын!
Сұқбаттасқан: Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.