Георгий Жуков ұлттық құрамадан шеттетіле ме?
Қазақстан құрамасы пен Польшаның «Висла» командасының сапында ойнайтын Георгий Жуковтың әлеуметтік желідегі жанкүйерлерге жасаған мәлімдесіне шу тудырды.
– Қазақстанда жүргенімде мені шетелдік ретінде қабылдайтын. Жергілікті футболшыларға көрсетілетін құрмет пен қошемет болған жоқ. Енді Еуропаға оралғанда патриот болып, елді жарнамалауым керек пе? "Қайратқа" алғысымды айтамын. Мені қолдаған жандарға да рақметімді айтамын. Қазақстанда мені бөтен санайтын. Бапкерің (Шпилевский емес) сені қазақ, ал қазақтардың өзі сені легионер деп санаған кезде қиындық көп болады. Өте қиын. Маған оңай болған жоқ. Қазақстанда қоғам, журналистер, мамандар мен комментаторлардың тарапынан ешқандай мойындау болған жоқ. Мен Қазақстанда болмағандаймын, - деп жазды футболшы Instragram парақшасында.
Жанкүйерлер Георгий Жуковтың сөзін әр түрлі қабылдады. Біреулер оның жағдайын түсінуге шақырса, енді біреулері мұндай футболшылар ұлттық құрамада ойнауға лайық емес екенін жазды. Көп уақыт өткізбей Қазақстан Футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин де Георгий Жуковтің жазған сөзіне қатысты пікір білдірді:
– Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қазақстан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Георгий Жуковтің айтқан сөзі таралды.
Футболшымен кездесіп, сөйлесеміз. Тиісті шара қолданамыз. Ұлттық құрамада ойнайтын футболшылар ел намысын абыроймен қорғауы міндет!, – деді ол.
prosports.kz