Бельгияның бас бапкері Қазақстан құрамасына баға берді
2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасын Нұр-Сұлтанда 2:0 есебімен жеңген Бельгия құрамасының бас жаттықтырушысы Роберто Мартинес Қазақстан футболшыларының ойын-өрнегі жайлы сөз қозғады, деп жазады Prosports.kz.
Роберто Мартинес:
- Қазақстан керемет ел екен, мұнда ойнағанымыздың өзі бізге үлкен тәжірибе болғаны анық. Нұр-Сұлтан - аса жылдам қарқынмен дамып келе жатқан қала. Маған жергілікті жанкүйерлердің бізді қалай күтіп алғаны ұнады. Олар командаларын жан-тәнімен қолдады, ол футболшыларыңызға қосымша күш бергені рас. Михал Билек аз уақыт ішінде Қазақстан құрамасын жақсы ұйымдастырған. Бұл оңай шаруа емес, себебі құрама ойыншылары қысқа мерзім ішінде жинала салады. Сіздердің командаларыңыздың ойыны уақыт өткен сайын жақсарып келеді. Бізге оңай соққан жоқ. Ресей мен Кипрге қарсы ойын ұнжырғаларыңызды түсіргенін білемін, дей тұрғанмен ол кездерде де жаман ойнаған жоқсыздар.
- Қазақстан құрамасының қай ойыншысын атап өте аласыз?
- Маған техникасы жетілген ойыншылар ұнайды. Исламханның ойыны ұнады, техникасы өте керемет футболшы. Сондай-ақ Георгий Жуковтың да техникасын мақтай кетейін. Қазақстан құрамасының қорғаушылары да сәтті қорғана білді, әсіресе біздің ойыншылар бірге бір шыққанда олар жақсы қимылдады. Бөле-жармай-ақ қояйын, барлық ойыншыларыңыз жанкештілік танытты.