Бокстан Азия чемпионаты: қоржынымызға екі алтын медаль түсті
Бангкокте өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына екі алтын медаль түсті, деп хабарлайды Olympic.kz. Алдымен 75 келідегі Тұрсынбай Құлахмет ақтық сында үндістандық Ашиш Кумарды жеңіп, өз мансабында алғаш рет құрлық чемпионы атанды. Тұрсынбай Құлахметтің ізін ала Бек Нұрмағамбет те чемпион атанды. 81 келіде жұдырықтасқан қазақ боксшысы финалда филиппиндік Джон Нобель Марвинді жеңіп, құрлық бәсекесінен қара үзіп шықты. Еске сала кетейік, бүгін финалда жұдырықтасқан Зәкір Сафиуллиннің еншісінде күміс медаль бар. Василий Левит, Санатәлі Толтаев және Теміртас Жүсіповтер құрлық додасының қола жүлдегерлері қатарында.
www.24.kz