Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан – Өзбекстан: Байланыстың ортақ нәтижесі

Қазақстан – Өзбекстан: Байланыстың ортақ нәтижесі

Қазақ пен өзбек қарым-қатынасын жақындататын ортақ құндылық көп. Өйткені екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Бүгінде тарихы тамырлас халықтардың мызғымас достығы мемлекеттерді бір мақсат пен мүдде жолына тоғыстырып отыр. Тату көрші, сенімді серіктестікке негізделген берік қарым-қатынастың арқасында бауырлас елдердің арасындағы ортақ келісім де көбейіп келеді.

Қазақстан – Өзбекстан: Байланыстың ортақ нәтижесі

Кеше елімізге ресми сапармен келген Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және мемлекет бас­шылығымен келіссөздер өткізді.
Келіссөздерден кейін баспасөз өкілдерімен тілдескен министрлер ортақ келісімнің маңыздылығына тоқталды. Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу елімізге алғаш ресми сапармен ат басын тіреген өзбекстандық әріптесі мен делегация мүшелеріне алғысын білдірді. Оның айтуынша, мәні зор мұндай кездесулер бекем достықтың жарқын көрінісі мен сындарлы диалогтің жалғасына айналып келеді. 2022 жылы қол қойылған Қазақстан мен Өзбек­стан арасындағы одақтастық қаты­настар және шекараны демарка­циялау туралы тарихи шарттар қазақ-өзбек байланысының жаңа тұғырнамалық парағын ашты.
М.Нұртілеу: «Бахтиёр Саидов мырзамен шағын және кеңей­тілген құрамда дәстүрлі дос­тық, өзара қолдау мен сенім рухын­­да­ғы келіссөздер өткіздік. Біз ық­­пал­дас­­тығымыздың тың бағыт­­тарын айқындап, іргелі міндет­­терді мақ­сат етіп отырмыз. Биыл өтетін жоға­ры деңгей­дегі сапарларға, Мем­лекет бас­шы­ларының көпжақ­ты фор­маттағы кездесулеріне ерек­ше назар аударылды. Эконо­ми­калық ынтымақ­тастықты одан әрі терең­дету перспективала­рын ортаға салдық. Сауда, өнер­кәсіп, көлік және логистика са­ла­ла­рын­дағы өзара іс-қимыл мә­селе­лері жан-жақты талқыланды», деп атап өтті.
Қазақстан Өзбекстанның үштікке кіретін ең ірі сауда серік­тестерінің бірі екенін жеткізіп, соңғы жылдары екіжақты сауда көлемі тұрақты түрде 4 млрд доллардан асқанына тоқталды. «Өнеркәсіптік кооперация саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қазіргі таңда жал­пы құны 156 млн долларды құ­райтын 12 бірлескен жоба іске қо­сыл­ды. Бұған қоса құны 1 млрд долларды құрайтын жаңа 21 жобаны қарастырып жатырмыз. Алдағы белестердің бірі – осы алған екпінді жоғалтпай, екі­жақты тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу мінд­еті тұр. Қазақ-өзбек шекарасында Халық­аралық өнеркәсіп­тік коопера­ция орталығын қосу осы мақ­сатқа бағытталған. Өңір­ара­­лық ын­тымақтастық форум­дарын өт­кізудің маңызды­лығын да бөлек атап өту керек», деді М.Нұртілеу.
Министрдің сөзінше, Орталық Азия аймағы тұрғындарының көкейінде жүрген маңызды мәселе – су-энергетикалық кешені төңірегінде де пікір алмасып, шешу жолдары секілді басқа да бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланған. Бұл бастамаларға сыртқы саяси ведомстволары тарапынан қажетті қолдау туралы уағ­даластыққа қол жеткізілгенін тілге тиек етіп: «Екі мемлекеттің тран­зиттік әлеуетін арттыратын жаңа темір жолдарды салу жобалары ерекше назарға алынған. Өз кезегінде шекара арқылы өзбек тасымалдаушылары үшін тран­зитті жеңілдету бағытында нақ­ты қадамдар жасау туралы уағ­да­ластыққа қол жеткіздік. Қазақ тарапы бұл мәселелерде ортақ мүдде тұрғысынан қарап, өзіміз­дің мүддемізге сәйкес шешуге дайын екендігімізді атап өттім. Шекара арқылы өзбек тасымалдаушылары үшін транзитті жеңіл­дету бағытында бірнеше ұсы­ныс берілді. Оның ішінде шекара­дан өту пункттерінің санын арт­тыру, жаңа жол салу мәселелер секілді көптеген нақты сұрақты талқылап, жақын арада тиісті министрліктер арасында келіссөздер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік», деді М.Нұртілеу. Сондай-ақ ол қазір елімізде 500 мыңға жуық өзбек тұрса, Өзбекстанда 800 мыңға жуық қазақ қоныс тепкен. Олардың барлығы екі елді одан әрі жақындастырып, қос халықтың ортасындағы алтын көпірге айналып отыр.
Өз кезегінде сөз алған Өзбек­стан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов тамырлас ел­дер­дің туыстық әрі дос­тық қа­рым-қатынасын жоғары ба­ғала­ды. Тығыз байланыс әрі қа­рай жал­ғасын таба беретініне сенім білдіре келіп, қазақ-өзбек экономикалық және сауда қатынастары қарым-қаты­на­сы­мыздың маңызды ба­ғыт­тары саналатынын айтты. «Қазақстан – біздің Орталық Азия­дағы ең ірі сауда серіктесіміз. Соңғы жылдары өзара тауар ай­налымы екі есе өсті. Көп ұза­май біз бұл көрсеткішті тағы 2-3 есеге арттырудың жолын қарастырдық. Былтыр қараша айын­да Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қосылған құн тізбегін құру арқылы жаңа на­рық­тарды бірлесіп ашуға және олар­ға бәсекеге қабілетті өнімді экс­порт­тауға мүмкіндік береді», деді Өзбекстан министрі. Оның айтуынша, екі елдің көлік және тран­зиттік әлеуетін арттыру да алда атқаруға тиісті өзек­ті мін­деттердің бірі. Сон­дай-ақ шека­ра­­лас өңірлерде орналасқан өткізу пунк­ттерін жаңғырту, өткізу мүмкінд­іктерін кеңейту, кеден­дік және басқа да қызметтерді цифрлан­дыру мәселелері ортақ шешім­ді қажет етеді. Климаттың өзгеруі су ресурстарын пайдалану мәселе­лерін жаңаша көзқараспен қарау­ға алып келді. Сондықтан кезде­су барысында Орталық Азия­­да­ғы трансшекаралық өзен сула­­рын ұтымды басқаруда за­ма­науи тех­нологияларды ен­гізуге, Халықаралық Аралды құтқару қорының құқықтық және құрылымдық негіздерін нығайтуға баса назар аударылған.
Мәдени-гуманитарлық байланыс өзбек-қазақ қатынастарының негізі саналатынын айтқан Бахтиёр Саидов: «Былтыр маусым айында Өзбекстанда қазақ мәдениетінің күндері салтанатты түрде аталып өтсе, биыл Қазақстанда Өзбекстанның мәдениет күндерін ұйымдастырамыз» деді. Қос халықтың ежелден келе жатқан бір-біріне туыстық қолдауы, сенімді серіктестігі туралы мысал көп екенін жеткізіп, бұл болашақта да екі мемлекеттің тұрақты әрі қарқынды дамуына қызмет ете беретінін айтты. Сөз соңында ол Қазақстан делегациясын Өзбекстанға шақырып, дәстүрлі қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді. 
20 ақпан 2024 ж. 1 810 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031