Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйде балауыз шамды қалай жасауға болады?

Үйде балауыз шамды қалай жасауға болады?


Түрлі түсті балауыз шам

Балауыз шам – мақтадан ширатылған өзегі бар майшам, шырақ. Оны парафиннен немесе ара балауызынан құйып жасайды. Екеуі де балауыз шам аталғанымен олардың айтарлықтай айырмашылығы бар. Балауыз (воск) – араның балауыз безінен бөлінетін зат. Балауыздан жасалатын шам парафиннен жасалғанына қарағанда ұзақ уақыт жанады әрі екі есе жарық болады. Бірақ парафин бәріне қолжетімді, оны дүкеннен арзанға сатып ала аласыз. Әрі парафин шамды бояу қосып, түрлі-түсті етіп жасауға ыңғайлы. Сондықтан шамды парафиннен жасаудың бірнеше әдісін ұсынамыз.
Түрлі-түсті балауыз шам
Мұндай шамға түрлі-түсті майлы борды пайдалана аласыз. Әуелі борды кішкентай бөлшектерге бөліп, парафинмен бірге қағаз стақанға салып, микротолқынды пеште ерітіңіз. Парафинді сатып алмай-ақ орнына үйіңіздегі ескі шамды қолдансаңыз да болады. Бұл қоспаның үстіне аздаған эфир майын қосыңыз. Содан кейін өз қалауыңызға қарай шыны стақанды алып, білте жіптің басын қоспадан аздап тамыза отырып, шыны ыдыстың түбіне бекітіңіз. Енді ерітінділерді өз фантазияңызға қарай кезек-кезек құйып, әдемі балауыз шамды дайындай аласыз. Тек әрқайсының қатқанын күттіңіз. Түрлі-түсті борды пайдаланбай тура осылай түссіз балауыз шам жасауыңызға да болады.
Түрлі-түсті балауыз шам. Фото: Takprosto.cc
Шыны ыдыстың сыртына кофе түйіршіктерін, түрлі тас пен бақалшақты жабыстырып, сәндеп қоюға да болады. Тек сәндеуге пластикті пайдаланбаңыз.
Балауыз шам

Гүл пішіндес балауыз шам
Раушан гүлі пішіндес шам дайындау үшін сізге парафин немесе түрлі-түсті шам, білте, парафинді ерітуге арналған ыдыс, шай қасық, балауыз қағаз (вощеная бумага) және 15 минут уақыт керек.
Әуелі парафинді ерітіп, суреттегідей шайқасық көлемінде қағазға жеке-жеке құйыңыз. Құйған парафин толық кеппей тұрып оның пішінін тезірек раушан гүлінің жапырағына айналдырыңыз. Балауыз кепкенше 10-15 минуттың ішінде жапырақтарды бір-біріне жабыстырып, раушан гүл пішіндес шамды дайындап үлгеріңіз. Тек ортасына білтені қыстыруды ұмытпаңыз.
Фото: Takprosto.cc
Кәмпиттер қосылған балауыз шам
Мұндай балауыз шамды дайындау тез әрі оңай. Еріген парафинге суреттегідей кішкентай кәмпит таяқшаларын қосып, шыны ыдысқа құйсаңыз жеткілікті. Әртүрлі кәмпит таяқшасы шамыңызға өң беріп, оны ерекшелеп тұрады.
Фото: Takprosto.cc
Жемістен жасалған балауыз шам
Бұл шамды дайындауға цитрус жемістерінің біразы жарайды (лимон, апельсин, грейпфрут). Тек қабығы қалың болса болғаны. Мысалы, лимонды екіге бөліп, ішіндегі бөлігінен тазартамыз. Оның бізге қабығы ғана қажет. Тазартылған лимон қабығына ақ немесе сары түсті парафинді ерітіп құямыз. Бұл жағдайда лимон қабығы шыны ыдыстың орнын басады.

baribar.kz
29 қараша 2018 ж. 2 582 0