Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

ТҰМАН

Кейде тылсым сыры көп табиғаттың ғажап көріністері жаныңды ұғардай болып, сенің ойың мен арманыңды алыстарға жетелеп, кейде мұңды күндеріңнің куәгері болып біресе ысып, біресе суып, біресе жылап тұратындай көрінеді. Терезеге тырсылдап тиген жаңбыр, күзді күнгі алтын түстес жапырқтар, адам аяғын алып жүре алмас қалың қар мен долы аяз, теңіздің толқынын жартасқа әкеліп соғар ышқынған дауыл, қызыл қызғалдаққа оранған кең дала, бақшаңдағы гүлдеп тұрған ағаштар мен құстардың дауысы, қызыл күреңденіп атқан таң, теңіз үстінде батып бара жатқан күннің сені қиялға жетелеп, бір бақытқа бөлейтіні жаратылыстың ғажап кездері ғой шіркін!. Қандай күйге түссең де, қиялдарға ерік берсең де, ең бастысы өзіңді жоғалтып алмау, жан көрінбес қалың тұман арасына кіріп кетіп адаспау, адассаң да өз жолыңды тауып шығар жол іздеу сенің жеңісің болмақ. Күләшқа да осындай көріністер ұнайтын. Ол осы күнді күтті. Тұманды күнді күтті. Неге күтті? Неге бұл күнге ғашық? Әңгімені бірге оқиық!!!
Қою тұман. Арасында аздап әр жерден бір жаңбыр тамшылары тамып, күн жауарға ұқсайды. Мұрынға түнгі салқын ауаға араласып жаңбырдың иісі келеді. Тұман арасынан түнгі жарықтар шам секілді бұлыңғырланып көрінеді. Ол осы күнді ұзақ күтті. Тұманды күнді күтті. Оған табиғаттың осындай күйге түскені ішкі әлемі құпияға толы адамның жаны секілді көрінеді де тұрады. Жаңбыр мен тұман аралас ауа. Неге екені белгісіз күн райының осындай кезі жанына жақын болады да тұрады. Осындай күні терезеге телміріп қарап отыратын. Жалғыз қалғанды ұнататын. Кейде сыртқа шығып, өмірінің кейбір сәтін ой елегінен өткізуге үйренген. Бір мұңайып, бір қуанып, кейде көзіне жас келіп, тамағына өксік тығылып тұрғандай күй кешетін кездері де жиі болып тұрады. Кірсіз таза жүрек өзін солай жылатушы еді. Ондайда әжесінің сөзі есіне түсетін. Әжесі көп қиналған адам көз жасын шығарып жылап алса, жеңілдеп, ауыр ойлардан арылатынын айтатын еді. Сол себепті де кейде жазғыз қалғанда жылауға дейін баратын.
Күләш колледждің екінші курс студенті еді. Оқып жатқан мамандығы «шаштараз ісі». Енді бір жылы қалған. Айына он алты мыңдай шәкіртақы алатын. Бұл оқуға да сол үшін түскен. «Тоғызыншы сыныпты бітіріп, он бірінші сыныпқа қалсам, оқуға түсуге емтиханнан өтемін бе, өтпеймін бе?. Өтпей қалсам, оқуға түсе алмай қалатыным анық» деген күдік пен күмәннің арасындағы тұманды оймен арпалысып жүрді. Ал жоғарғы оқу орнында ақы төлеп оқу қиын, әрі жағдайы да келінкіремегендіктен уақытты құр өткізбейін деп осы оқуды таңдаған. Анасының тапқаны пәтерақы мен тамақтарынан артылмайтын. Әкесі бар болса да, отбасын тастап, өзге жанға кеткелі бес жылдың жүзі болды. Қызыма деп алимент төлеуден де бас тартқан. Тіпті алимент төлемесе де, өз балам деп анда-санда керек-жарағын да алып беруге бір келмеген. Күләштің анасымен он жылдай тұрса да, араларында қызынан кейін бала болмады. Күйеуі ер бала болса деп армандайтын. Бірақ ол арманын Күләштің анасы орындай алмады. Бәлкім, екеуінің екі жаққа кетуіне осы да себеп болды ма екен, әйтеуір, мұның соңы екеуінің екі жағаға кетуімен аяқталды. Жалғыз басты ана күн көріп, қызын асырау үшін күні-түні жұмыста. Өздерінің басында баспанасы да жоқ болатын. Қала шетінде біреудің бір бөлме сарайын айына отыз мыңға жалдап тұратын. Сол себепті де әрі тегін, әрі шәкіртақы алатын болған соң осы оқуға түсе салған. Шәкіртақысын ала сала, анасына әкеліп тапсыратын. Аз болса да , бұл да бір жыртық үйге жамау.
Оның арманы мүлдем басқа еді. Оның балалар дәрігері болғысы келген. Алайда медициналық оқу орындарындағы оқу ақысы мұның арманының орындалуына кедергі келтірді. Аздап бет әрлеу мен шашты сәндеп жасауға икемі болған соң, осы оқуға түсе салды. Кейде қиналып кеткенде, әкесін есіне алатын. Жалғыздықтан шаршаған сәби жүрек өзіне қорған болар ер азаматты іздегендей аласұрып, мазасызданып, көкірегі қарс айрылардай болып, біресе бөлменің бір шетіне барып бір уыс болып, тізесін құшақтай отыра қалып өзімен-өзі сөйлесуді әдетке айналдырған. «Неге ол бізді тастап кетті? Өз баласына неге бір қайырылып келмейді? Әкеме бізден кетіп, қайырылып келмейтіндей не істеп қойдық?» деген сұрақтармен өз жүрегі мен жанын өзі іштей тырнап отыратын. Ішіндегісін анасына айтпайтын. Онсыз да қызын ойлап қиналып жүрген анасының уайымын көбейіткісі келмейтін. Оның сырласы да, мұңдасы да тілі жоқ табиғат. Жаңбырлы күн. Тұманды дала болатын. Терезеге қарап отырып, өз бейнесімен өзі сырласатын. Жағдайы болмаған соң құрбылары да жоқ еді. Оқуындағы қыздары мұны шеттететін. Тек бір ғана Жанар есімді қызбен құрбы. Ол бірақ мұның үйінен алыс жерде тұрады. Ол ауылдан барып кеп оқып жүрді. Ішіндегі бар қайғысын терезеге қарап отырып шығаратын. Болмаса көзінен шыққан мөлдір жаспен жуатын.
Бұларға қарайласып, көңіл бөліп тұратын тек Наташа есімді көрші әйел еді. Үйіндегі қысқа дайындаған азық-түлігінен әкеліп тойдырып, кейде киімдер де әкеліп, біраз отырып көңілдерін жұбатар әңгімелерін айтып кететін. Күләштің анасынан оңашада әкелері туралы сұрап қоятын:
– Осы еркектерді түсінбеймін, араздасса сенімен араздасты, ал баланың кінәсі не? Өз баласына көңіл бөле алмаса неге дүниеге келуіне себеп болды? Соңғы кезде осындай еркектер көбейіп кетті ғой, – деп ашу-ызасын бір шығарып алатын. Күләштің анасы бұған өзін кінәлайтын.
– Күйеуім мені тастап кетсе, оған мен кінәлімін. Демек, менің лайықты әйел бола алмағаным, – деп ойлайтын. Жүрегінде күйеуіне деген сезім әлі де өшпеген еді. Оны жаман ойға да қимайтын. Сондай кезде Наташа:
– Сен неге өзіңді кінәлайсың? Кінә ешқашан бір жақты болмайды. Бұл екеуіңнің ортақ кінәларың, қателіктерің, – деп жұбату айтып отыратын. Күләштің анасын қайғыртатыны күйеуінің енді қайтып келмейтіні. Себебі оның ендігі басқа отбасы бар. Жақында ғана ұлды болды. Енді ол жаңа отбасын тастап, келмейтіні анық дейтін.
Бұлардың айрылысуына себеп болған күйеуінің екінші әйелі еді. Өзі жас, жоғарғы оқу орнын жаңа бітірген жиырма бірдегі тұрмысқа даяр тұрған қыз. Ал Жарас болса 30 дан асқан азамат еді. Екеуінің таныстығы әлеуметтік желідегі таныстықтан басталды. Жарас желіні қарап отырып, осы қыздың бір суретіне лүпіл басып қояды. Біраз уақыттан соң ол қыз да Жарастың бір суретін лүпілдетіп қояды. Таныстықты жазып бастаған қыз болатын. – «Сәлеметсіз бе?», – ден басталып, аяғы алғашқы кездесуге алып келді. Жарас қызға өзінің отбасы барын айтпады. Өзін бойдақпын деп таныстырды. Желідегі суретін көргенде лүп еткен жүрек, кездескенде Жарастың сезімін оятып, қызға ғашық болып қалады. Жарастың астында көлігі бар болатын. Өзі бір сауда компаниясында қызмет ететін. Сол қыз кездескелі Жарас үйіне кеш келетінді шығарды. Күләштің анасы сұраса жүмыстарын сылтау етті. Енді бір күні Жарастың телефонынан бөтен қыздың есімі мен оған хабарласқанын көрді. Тек осы болмаса екен деп ойлады Күләштің анасы. Үйіне көрші әйел Наташа келгенде осы әңгімені айтты. Наташа өзі күдік пен күмәннің арасында отырған Күләштың анасының күдігінің үстіне күдік қосып, күйеуін аңдып көруді ұсынды. Бірақ Күләштің анасының олай істегісі келмеді. Неге екені белгісіз Жарастың олай істегеніне аң-таң. Бәлкім екеуінің бір-бірін сүйіп қосылмағанының арты осылай болаған болар деп ойлады. Бұларды қосқан екі жақтың ата-анасы еді. Бірақ Күләштің анасы Жарасқа ұнау үшін бар жағдайын жасап, асты-үстіне түсті. Ешбір сөз қайтарып, Жарасқа қарсы сөйлеген емес. Жарас та анау айтқан сезімі болмаса да, сыйластықтың арқасында осы күнге жетті. Үйленгендеріне он жылдан асқанда Жарасты бұлай болады деп ойламаған еді. Не де болса Күләштің анасы істің ақырын күтті. Ақыры былай болды:
Жарас жұмысынан келіп, Күләштың анасына айтар сөзі барын жеткізді. Ол сөзі Жарастың екінші әйел алсам деген ұсынысы еді. Мұны естіген Күләш бірден жылап жіберді, ол екінші әйелді қаламады. Ал Жарасқа ұрпақ жалғастыратын ер бала керек еді.
– Ендеше ажырасамыз, – деді. Осы сөзді қалай айтқанын өзі де білмей қалды.
– Мен сенің тоқалыңмен тұратын жайым жоқ. Менімен ажырассаң, қызыңды да ұмытасың. Оны өзіммен бірге алып кетемін,- деді. Деді де бөлмеден шығып кетті. Мұны есік сыртында Күләш естіп тұрған. Анасы сыртқа шыққан соң артынан ол да кетті. Ал Жарастың бар ойы екінші аламын деп отырған қызда еді. Оның ойында дәл қазір қызы мен әйелі емес, оқуды жаңа бітірген еліктің жаңа туған лағындай, бота көзді қыз тұрды. Сыртқа шығып кеткен әйелі бірер сағатта қайта оралды. Ол кезде Жарас жатып қалған. Үйге кіре сала киім-кешегін жинап, Күләшті алды да, Жарасқа бір ауыз сөз айтпастан үйден шығып кетті. Міне, сол кеткеннен күйеуімен бір рет те сөйлеспеген, Жарас бір-екі рет қоңырау шалғанда да алмаған. Тек алыс таныстары арқылы естіп тұратын. Оның бақытына кедергі болғысы келмеді.
Кейде оған да өкінеді. Егер сол кезде телефонды көтергенімде қазір басқаша болар ма еді деп ойлайды.
Өзі қаламаған мамандық болса да, Күләш сабағына жауапкершілікпен қарайтын. Үлгерімі де жақсы болды. Оқуын аяқтар жылы бұларды тәжірибеден өтуге түрлі сән салондарына жіберіп, маман ретінде қалыптасуларының алғашқы баспалдақтары басталып кетеді. Осылай тәжірибеден өтуге келіп жүргенде, бұл істейтін жерге Нұрлан есімді жігіт келіп шашын қидырып жүреді. Нұрлан бірден Күләшпен өзі таныстықты бастап, қояр да қоймай әлеуметтік желідегі таныстықты бастайтын өзіне керектерін сұрап алады. Осылайша Нұрлан келесіде телефон номеріңді қолға түсірермін деген ойда болды. Нұрлан өзі құрылыс саласында жұмыс істейтін, Күләштан бес жасқа үлкен жігіт еді. Ол Күләшқа қатты ғашық болғаннан емес, оны жай танып білгісі келгендіктен танысқан. Әрі үйленетін қыз іздеп жүргендіктен көңілімнен шығып қалар деген ойы болды. Ал өзін жападан жалғыз қалғандай сезінетін Күләшқа бұл бір жылылық болып сезілді. Осылайша арада күндер өтіп Нұрлан мен Күләш желі арқылы хат алмасып тұрды. Араға уақыт салып Нұрлан Күләштың шаштаразына қайта келді. Бұл жолы Күләштің телефон номерін сұрап, оны ертең саябаққа кездесуге шақырды. Күләштің де бұл жігітке сезімі ояна бастаған еді. Номерін беріп, кездесуге келетін-келмейтінін анасынан сұрайтынын айтты. Күләш үйіне келіп, анасы жұмыстан келгенше, үй ішін ретке келтіріп, оқудың жайын реттеп қойды. Анасы да жұмыстан келді. Күләш анасына Нұрлан туралы айтайын деп еді, неге екені белгісіз қысылды ма, ұялды ма?, айта алмады. Осы уақытқа дейін де анасымен көп сырласпайтын. Көбіне әкесіне жақын болатын. Алайда әкесі де көп сырласа бермейтін. Онысы ұл баланы қалағандықтан ба, әлде анасымен сүймей қосылғандықтан ба, қызына қатты бауыр баспайтын. Анасына ертең оқудан кеш келетінін, тәжірибеден өтіп жүрген жерінде біраз жұмыстар барын айтты. Алайда мүлдем олай емес еді. Ол Нұрланмен кездесуге баратын еді. Ертесіне ерте оянды. Дала қараңғы. Терезеге қараса қалың тұман екен. Әншейінде төсегінен тұрғысы келмей, әрең тұратын Күләш өзінің қалай ерте тұрып кеткенін байқамай қалды. Заттарын реттестіріп, оқуына шығып кетті. Бар ойы бүгінгі кездесуде. Шаштаразға келгенде де, уақыт өтпей қойғандай болды. Осы кезде Нұрлан хабарласты. Кездесудің уақытын айтып, Күләшқа деген тосын сыйы барын айтты. Бұл сөзден кейін Күләштің жүрегі алып ұшып, кездесумен қоса тосын сыйды да күтті. Түс ауа шаштараздың әкімшісінен сұранып, асыға күткен кездесуге саябаққа қарай жол тартты. Даланың тұманы әлі ашылмапты. Күләш өзін ертегі әлеміндегі аппақ бұлттың ортасында бақыттан басы айналып, қуаныштан шыр көбелек айналып жүрген ханшайым секілді қиялдап, дәл қазір мұның алдынан ханзадасы күтіп алар деген қиялдың арасында келе жатты. Кездесетін жерге де келді. Нұрланды байқай қоймады. Күте тұрайын, келіп қалар деген оймен сол жердегі шағын кофеханаға кіріп отырды. Арада он бес минут өткен соң, телефон қоңырауы естіліп, Нұрлан хабарласты. Өзінің келіп тұрғанын айтты. Күләш сыртқа шықты. Сыртқа шықса қолында ақ раушаны мен шоколады бар Нұрланды көрді. Нұрлан жақындап келіп, қыздың қолына сыйлығын ұсынды да, жылыға кіріп енді ғана қызған Күләштің бетінен сүйіп алды. Күләш ұялыңқырап қалды, «Рахмет!», – деді.
Өмірінде біреуден сыйлық алып көрмеген Күләш үшін бұл үлкен сый болды. Екеуі сол маңдағы кофеханаға кіріп таныстықтарын ары қарай жалғастыра әкетті. Нұрлан Күләштің отбасы туралы сұрады. Күләш өзінің тек анасымен тұратынын, әкесінің басқа әйелмен кетіп қалғанын айтқысы келмесе де, Нұрланнан ештеңе жасырмады. Кеш қарайғанша отырды. Күләш сағатына қарап:
– Менің қайтуым керек, – деді. Нұрлан Күләшті шығарып салып, саябақпен кейін қарай қайтты. Жолда бір қызды жолықтырды. Қыз Нұрланнан жол сұрады. Өзі шашы ұзындау келген, әппақ жүзді, дене бітімі тартымды сұлу қыз екен. Нұрланға бұл қыз да ұнап қалғандай ма, әлде тән құмары ма, әйтеуір бұл қыз туралы өзіне керектерін сұрап алды. Ендігі таныстық осы қызбен жалғасатындай көрінді. Ал Күләш болса, үйіне келіп гүлді суға салып, тәттілерді анасына беремін деп қалдырып қойды. Анасы жұмыстан әлі оралмапты. Телефонды қолына алып Нұрланға өзі жазды. Үйге аман жеткенін, берген сыйлығы үшін тағы да өз алғысын айтты. Нұрлан жауапты қысқа қайырып, қолы тимей жатқандығын айтты. Бұл кезде оның екінші таныстығы басталып жатқан еді. Арада екі күн өтті. Нұрланнан хабар болмады. Тағы өзі жазды. Нұрлан Күләшқа жақсы дос тапқанын айтып, әңгімені басқа арнаға бұрды. Күләштің бірәздан бері қуанып жүрген көңілі бірден қаралы күйге түсті. Бәрін түсінгендей болды. Бірақ өзін бақытқа бөлеген сол тұманды күнді ұмыта алмады. Дала тұманды бола қалса, ақ тұманның арасынан ақ раушанымен Нұрлан шыға келетіндей көрінетін, болмаса тағы бір кездесу бұйырар деп ойлайтын. Өз-өзінен мұңайып, ішіне шер толған қыздың құлағына әлдеқайдан бір дауыстар: «Сен жалғыз емессің! Сенің анаң бар! Сен бәрін соған айтшы! Шығаршы ішке түскен өзіңді адастырар ойлар мен адасқақ сұрақтарыңды! Тыңдашы! Естимісің! Сен жалғыз емессің, Күләш! Анаң бар, анаң!» дейтін.
Бүгін міне, күн тағы да тұманды. Кеш кірген. Терезеге телміре қарап, не анадан, не әкеден мейірім көрмеген Күләш, жүрегі тілім-тілім, көзі жасаураған күйі шыны әйнектің ар жағындағы, кіріп кетсең өзіңді жоғалтып алар әлемнен жылулық пен махаббат іздегендей күйде отыр. Тағы да ар жағы анық емес тұманды ой үстінде.

Сөз соңы немесе эпилог
Өмірде Күләш секілді өзін жалғыз сезінетін сәби жүректер әлі де бар. Анасы секілді күйбең тіршілік деп жүріп, өмірде одан да қымбат перзентін ұмытып кететін аналардың бары да өтірік емес. Ал Жарас секілді ер- азаматтар бұл қоғамда толып жатыр. Әлі де тән құмарына ерік беріп, адасып жүргендері қаншама? Балаға тек ана ғана емес, әкенің де керегін, ер адамның отбасындағы рөлінің анамен бірдей екенін түсінетін уақыт жеткендей.

Ерлан НҰРЛАНҰЛЫ

09 қаңтар 2023 ж. 814 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031