Шүберек байланған ағаш...
Біздің жұрт бұлақ басынан тал-дарақ көрсе мата байлайтыны бар.
– Не үшін шүберек іліп жатырсың, – десең білмейді. Маған дейін бабаларым сөйткен дейді. Бабалары не үшін олай етті екен, себебін білуге ұмтылмайды. Соқыр ілесушілік қана.
Мата-шүберек байлап тастаған ағаштар шіріп, өліп жатыр. Обал, аянышты. Құдайым-ау, қазақ деген табиғатқа қиянатты құптамайтын жұрт еді, тумысынан эколог еді ғой. Не үшін шүберек байлайды?
Былай екен: Бұрынғы заманда сапар өте ауыр-қауіпті шаруа болған. Көп жолаушы, межелі жеріне жетем дегенше бар ақшасын тауысып, түксіз қалатын кезі жиі болған. Жолаушы — мүсәпір деген осыдан қалған. Енді біздің халық, сол түксіз қалған сапаршы, діттеген жеріне жетіп алуына көмек болсын деп, бірер алтын ділдә, күміс теңгелерді түйіншікке байлап, ағаштарға іліп қоятын болған. Мұндай «садақа ағашын» жолаушы тез тауып алуы үшін, көзге тез шалынатын жапандағы жалғыз терекке немесе әйтеуір шөлін басуға келгенде көреді ғой, деп әдейілеп бұлақ басындағы ағашқа байлапты. Жолаушы әлгі түйіншекті бұтақтан шешіп, ішінен ақшаны алатын болған. Әне, мата байлау – ағашқа табыну емес, жолдағы адамға көмектесу үшін туған дүние еді. Кейінгілер мұны білместен теректі шүберекке байлап-матап, өлтіріп жатыр.
P/S: Айтпақшы, садақа ағаш көшпелі өңір Сарыарқадан гөрі, қалалы-шаһарлы Түркістан, Жетісу өлкесінде жиі ұшырасады. Неге? Түсіндірейік:
Арқада жолаушылап жүрсеңіз аштан өлмейсіз. Қазақ ауылының үстінен түссең, кез келген шаңырақ, Құдайы қонақ деп қабылдап, ішіп-жемді, жатар орынды тегін береді. Есесіне осындай сапаршылар арқылы, қырдағы ауылдар дүниеде не боп жатқанынан хабардар болатын, керек ақпаратты алып отыратын.
Ал, оңтүстіктегі шаһарлар, қышлақтар сол заманда-ақ нарық заңымен өмір сүріп жатқан-ды. Өйткені, қала сауданың ордасы. Тегін еш нәрсе жоқ. Тек сатылады, сатасың. Міне, сапаршыға қайырымсыздау сарт-жатақтардың қалалы өлкесінде ақшасы таусылған қаймана қазақты демеу үшін, жол бойындағы теректі, бұлақ түбіндегі дарақты «садақа ағаш» еткен. Қазір еш қажеті жоқ, тозығы жеткен дүние.

Әзірлеген
Рамазан Әнәпия
Рамазан Әнәпия