Мен астролог емеспін
Мен астролог емеспін, сонда да болса көп жыл далада жүріп көңілге түйгендерім бар. Шолпан, Есекқырған, Жетіқарақшы, Темірқазық, Нарық жұлдыздары туралы білгенім мен естігенімді жас жеткіншектер мен оқырманға айтып, бөлісуді жөн көрдім. Шолпан жұлдызды көбіміз білетіндей таң ата шығыстан жарқырап шығады. Жаз мезгілінде далада ұйықтайтын адам мұны білсе керек-ті және Шолпан шыққанда оянған адам оған өзінен-өзі ғашық болады. Неге десеңіз, арудың күлімдеген көзіндей күлімдеп, біресе көзін қысып, біресе ашып жарқырап тұратындай. Бұған қалайша таңқалмайсың?! Шолпан жарқырап туған кезде жер бетіндегі әрбір қыбырлаған жанға айтары бар сияқтанып көрінеді. Шолпанда бір сыр бар. Мұны жарқылдап тұрғанынан байқауға болады. «Ей, адамдар! Тұрыңдар, таң атты. Таңертеңгі несібеден құр қалмаңдар!» дегендей жарқыл. Мұны бұрынғы даналарымыз құлағымызға құйып өсірді. Бұл Шолпанның сөзі дейтін.
Енді Есекқырғанға келер болсақ, ол да Шолпан сияқты шығыстан шығады. Есекқырған үлкен, жарқырап шығады. Аңғарған адамға Шолпаннан беріде сияқты көрінеді. Бұл жұлдыздың неге Есекқырған деп аталғанын білесіз бе? Ертеде ел аралап келе жатқан керуенбасы бүгін осы жерге қонамыз деп сулы, қолайлы жерге керуенін қондырады. Ас-суын ішіп болған соң, – демалыңдар, Шолпан көрінгенде қайта жолға шығамыз деп қасындағыларға Шолпанның шығуын кезекпен күтуге әмір етеді. Жол жүріп шаршаған керуен тәтті ұйқыға енеді. Ұйқыдан еріксіз оянған бір жолаушы Есекқырған жұлдызын Шолпан мен шатастырып, барлығын оятады. Керуен жиналып қайта сапарға шығады. Таң атпай жолға шыққан керуен межелі жерден, яғни суы бар құдықтан өтіп кетеді. Шолпан шыққаннан кейін ұзамай таң атады. Қанша уақыт жол жүргендерін білмей сасады. Бұл қалай болды? Шолпаннан жаңылғандарың қалай, тақ жұлдызы туғанда жолға шығамыз деген әмірім қайда? Енді суға жетеміз дегенше есек шыдас бермейді, қырылады. Құдайдың бастарыңа салғанын көріңдер деп ренжиді. Ұзақ жолдан шаршаған есектер шөлдеп шетінен қыралады. Осы тарихи оқиғадан кейін Шолпаннан бұрын көрінетін жұлдыз осылайша Есекқырған аталыпты-мыс.

Келесі Нарық жұлдызы. Бұл күн батқан кезде түстік жақтан сәл құбылаға қарай шығады. Бұл жұлдыздың Нарық деп аталу себебіне тоқталсақ, жұлдыз төмен туса нарық бағасы төмендеп, жоғары туса нарық бағасы қымбаттап, жоғарылаған. Сәуегейлер осындай тәжірибе жасағандықтан жұлдыз Нарық аталыпты. Осындай болжаммен жазда айрықша ыстық болса, кешқұрым сәл екпінге ұшатын үлпілдек күлді үйіп қояды екен. Қатты ыстықтың лебін басатын желдің болу, болмауын осы күл арқылы білген. Егерде үйілген күл бір жағына қарай сәл қисайса, ауа райында өзгеріс болатынын байқаған. Солтүстікке қарай ұшса немесе қисайса суық, ал оңтүстікке қарай ұшса онша суық болмайды деп болжаған. Осы күлдің ұшуы мен қисаюына қарай алдағы суық пен ыстықтың алдын алып, дайындалатын болған. Ол кездегі адамдар сауатсыз болғанымен болжаммен әрекет жасап, қазіргі оқымыстылардан кем емес тірлік жасаған.
Енді Темірқазық жұлдызының аталу себебіне көшсек. Бұл жұлдыздың айырмашылығы қып-қызыл болып жарқырайтынында. Бұл жұлдыздың қызметі мен пайдасы адамдар үшін орасан. Солтүстікке баратын адамдар Темірқазықты оң иығына мінгестірсе қайда жүрсе де адаспай діттеген жеріне жетеді. Есіме бір оқиға түсіп, соны сіздермен бөлісуді жөн көрдім. 1957 жылы таудың жайылымы ыстықтан күйіп, таудағы бүкіл ауданның қойларына жайлау болмай қозысы жоқ қойларды Жезқазған жеріне айдайтын болдық. Аудан бойынша әр отардан бойдақ қойларды бөліп, отар жасап, сарапталған бір отарды айдастым. Бұл кісі Тұрғанбай деген қария еді. Екі баласы, мен және Ақтай ағам, төртеуміз отарды алдымызға салып, Жезқазған қайдасың деп жолға шықтық. Жолға шыққан күні таудың солтүстік жағына шығып, Қызылшоқы деген жерге түнедік. Жол бастаушы бас шопан Тұрғанбайға жолығып, сағат екілерде қойды айдасаңдар түс ауа суға жетесіңдер, екіден қалсаңдар шөлдеп қиналасыңдар деп жөн сілтеді. Тұрғанбай шопанның нұсқаулығымен түн ортасында қойды Жезқазғанға қарай айдадық. Ертесіне түс ауа шопан айтқан суға жеттік. Осылай үш рет түнде қойды айдап межелі жердегі суға әкелдік. Тұрақтаған жеріміз Белеу әулие деген жер екен. Басшылар қойды қараңдар деп жол жүріп кетті. Кешке әңгіме барысында шалдан шатаспай қалай суға тұрақтап, қайта жолға шыққандығымыз жөнінде және барлығы жөн сілтеген адамның айтуымен тура келгенін сұрадым. Ол Темірқазықты оң иығына алып, солтүстікке қарай жүрсем адаспаймын, межелі жерге тарықпай жетемін деді. Осымен Темірқазық жұлдызы туралы әңгімені аяқтап, Жетіқарақшыға тоқталсақ.
Жаз мезгілінде далада жатырмын. Түн тынық, аспан ашық. Бәріміз аспанға қарап жатырмыз. Әркім әр түрлі әңгіме айтып жатыр. Бір кезде Ақтай ағам шалдардан естіген әңгімемді айтайын деп сөз алды. Аспанға қолын сілтеп, «әне, Жетіқарақшы жұлдызын көрдіңдер ме?» деді. Біз көргенімізді айтып, әңгімеге құлақ түрдік. Ол әрмен қарай сөзін жалғастырып: «қатар тұрған төрт жұлдыздың қасындағы ақ жұлдыз бен көк болып көрінген жұлдызды көрдіңдер ме?» деді. «Сол ақ пен көк жұлдыз Ақбоз ат пен Көкбоз ат деп аталады. Екі атын байлап жеті қарақшы ханның қызын ұрлаймыз деп ханның үйін айналып әні-міні деп жүргенде таң атып қалады екен. Қап, болмады. Ертең келіп ұрлаймыз деп қайтып кетеді. Содан Жетіқарақшы атанған дей бергенде, құлақ түріп отырған шалдың бірі бұл бекерге айтылмаған әңгіме. Жастар, құлақтарыңа құйып алыңдар» деді.
Ағайын, көп жыл далада жүргендегі естіген, білген әңгімемді шама келгенінше жаздым. Артық-кемі болса өздерің төрешісіңдер. Бастысы жас жеткіншектерге жеткізіп, білгенімізбен бөлісейік.
Жұмабек Айтбай,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»