Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәулетбек Байтұрсынұлы. Кішкентай оқиға

Дәулетбек Байтұрсынұлы. Кішкентай оқиға


Бұл осыдан он төрт жылдың алдында болған кішкентай оқиға еді.
Он үш кісі 35 күнде жиырма мың шақырым жол бастық.  «Шекара өңіріндегі қазақтардың жағдайымен танысу» Экспедициясы Бәйтеректің түбінен басталып 360 градус шеңбер жасап Қазақстан, Ресейдің тоғыз облысы, Моңғолияның Баян-өлкесі, Қарақалпақ, Өзбекстан елдерін аралап Бәйтеректің түбінде соңғы нүктесін қоюға бірер күн ғана қалып еді. Жолымыздың ақырына жетіңкірей қалғанда бір кілтипан болды.  Семейден шығып Қарағандыға тартып келеміз, одан ары Астана. Межелі мезгілде жету үшін күні-түні аялдамай көлікті көсілтіп айдап келеді.
Қарқаралы қаласына таң ата ілініп, артымыздан шоқтанып  күн шығып таңғы сәулемен аудан орталығына кірдік. Алғашқы кездескен кісіден «Құнанбай қажы мешітін» сұрадық, бағытымызды туралап жіберді.
«Бұл жерге соқпай кетеміз» дегеніне қарамай, жол бастаушы бастығымызға батыл талап қойып ат басын бұрғызғамыз. «Мың естігеннен бір көрген артық» деп, Қажы атамыздың табаны тиген жерін көрмей, салдырған мешітіне түспей қалай ғана өте шығамыз?!  Бастық бырыс-тырыс болып, міңгірлесе де, көптің тілегінен аса алмады.
Мешіттің алдына келіп тоқтадық. Ертай Айғали аға, Молдияр Серікбаев аға, Мамай бар көліктен түсе-түсе қалып мешіттің есігін тартып көріп едік құлыптаулы екен, терезесінен ішке үңілдік. Құнанбай қажы «Аға сұлтан»  болған кезінде осы Қарқаралыда тұрып билік жүргізген, Абайда 4-5 жас шамасында дәл осы жерде болғаны тарихтан аян. Алдымыздағы ағаштан жасалған мешітті Құнанбай Өскенбайұлы өзі салдырыпты. Осы мешітте талай мәжіліс құрылып, ортаға Аға-сұлтанды алып талай уағыз айтылғаны белгілі. 130 жылдық қасиетті мешіт көз алдымызда тұр.
Көкірегімізде исламға деген құрмет пен Құнанбай қажыға деген құрмет қатар бой көтеріп, Абай атамызға деген сағыныш санамызда жаңғырып, құштарлықпен жеткеніміз шын еді.  Қайткен күнде мешіттің ішіне кіріп екі ракағат намаз өтеп, артынан әруақтарға бағыштап Құран оқып шықсақ деп түйдік. Имам әлде мазүн жақын жерде болу керек, мешітті ашқызып кіргеніміз дұрыс деп шештік. Таяу тұрған үйдің есігін қағайық, жөн сұрайық деп оқтала бергеніміз сол еді, бастығымыздың қатты ренішке толы ашулы дауысы саңқ етті.
-Әй, қызық адам екенсіңдер!.. Осы жаққа бұрылмайын десем қоймадыңдар, енді мешітке кіреміз, намаз оқимыз деген не сөз? Көлікке мініңдер! Кетеміз!-деді бізге тепсініп.
-Ағатай, мықтағанда жарты сағат кетеді, тіпті оданда аз, мешітке бас сұғып, Құран оқып аттанайықшы!..
-Жоқ деген соң, жоқ! Онсыз да уақыттан кешігіп барамыз, машинаға шығыңдар!-деді, қатаң түрде бұйрық раймен.
Басшыға бағынбасақ тағы болмайды, амалымыз құрып артымызға шегіндік. Бірақ, бәріміздің көкірегімізде «қап, әттеген-ай!» деген өкініш қалды. Сонша жерден келгенде мешітке еніп, екі бас намаз оқи алмай қалғанымыз ақылға симай аттанып кете бердік.
 Тау бөктеріндегі Қарқаралы қаласынан шығып, Қарағанды қайдасың деп жолға түстік. Шопыр бала көліктің газын басып ышқынтып келеді. Ауылдан шығып шамасы жеті-сегіз  шақырымдай жүрген болармыз, көліктің біржағы қисайыңқырап жолдың шетіне тарта берді. Шұғыл түрде тормозын басып кілт тоқтатты. Бәріміз тымырайып үнсіз келе жатқамыз, елеңдесіп еңсемізді тіктеп көліктен сыртқа шықтық. Алдыңғы оң жақ дөңгелек жарылып қалыпты. Балон жапырылып, дискінің қыры жерге тиіп тұр. Көлігіміз тоқтаған жердің оң жағында шағын ғана көл жатыр.  Шопыр жігіт дереу қимылдап машинаның артқы есігін ашып оны-мұнысын түсіре бастады. Бастық «От, Йолки!» деп санын сарт еткізіп ұрып қалды да, темекісіне қол созды. Бізден теріс айналып анадай жерге барып тағатсыздана сорып түтінін будақтатты.
Өйтіп-бүйтіп дөңгелегін ауыстырып, қосалқы бөлігін орындарына қойып біткенше тұп-тура бір сағат кетті. Бағана жарты сағатқа рұқсат етпеген бастық бір сағат бойы бедірейіп күтуден басқа ештеме істей алмады.
Басқалардың не ойлағанын білмеймін, мен мешітке кірмегенімізден болды дедім. Мешіт Алланың үйі, бас сұғып аят оқып, ғибадат жасау мұсылманның парызы, оның бергі жағында бұл өңірде Құран дәметкен қаншама әруақтар жатыр... Ал, біз болсақ жау шапқандай тұра қаштық, оқыра тиген тайыншадай тайып тұрдық. Енді міне, қара жолдың үстінде қабарып қарап тұрмыз. «Әруақты жерден аттамас болар!» деген осы шығар, Межелі жерге Алла бұйыртса жетесің, бұйыртпаса жетіп көр!..
Дәулетбек Байтұрсынұлы
«Қамшы» сілтейді
18 ақпан 2018 ж. 1 253 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930