Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Made in Qazaqstan: отандық киімді қашан киеміз?

Made in Qazaqstan: отандық киімді қашан киеміз?


Қазақ халқы төскейге төрт түлігін жайып, етін – азық, сүтін – сусын, жүнінен – киім тоқып киген. Ал, абыз аналар шаңырақтағы қыз баланы ұршық иіріп, тоқыма тоқып, ине ұстауға баулып өсірді. Осы бір бағзы заманнан қалыптасқан қазақы тәлім-тәрбие бүгінде заманмен бірге жаңғырып тігінші дизайнер мамандығын дүниеге әкелді. Яғни, өзімізге қажетті киім-кешекті тігіп, нарыққа шығаруға мүмкіндігіміз жетеді. Алайда, Қазақстанда жасалған киімді халықтың үстінен әлі көре алмай келеміз...

Бұл күндері базар ішін барласаңыз түріктің сапалы, Қытай мен Қырғызстанның бағасы қолжетімді, Италияның қымбат брендтегі түрлі-түсті киімдерін кезіктіруге болады. Ал, отандық киім үлгісін бірнеше сауда орындарынан іздеп, не болмаса арнайы тапсырыспен тіктіріп киюіңізге болады. Дегенмен, оның бағасы қалтаға біршама салмақ салады. Міне, бүгінде халық жадында осындай ой-пікір қалыптасып үлгерген. Сондықтан болар, саудагерлер де өзге елдің өнімін сатқанды бірауыздан жөн санап отыр. Тауар айналымын қалыптастырудағы жүйесі ерекше, өздерінің ішкі нарығын жаулап үлгерген алпауыт мемлекеттің бірі – Америка Құрама Штаты. Қазақстандықтарды киіндіруде көш бастап тұрған бұл елден 2018 жылы 34,5 мың тонна, яғни, 512,3 млн. АҚШ долларына киім-кешек әкелінген. Өзбекстаннан 10,1 мың тонна, Қытай елінен 8,5 тонна, киім алынып, шет елдердің қаржы қоржынын томпайтып келеді екенбіз.
Отандық өнімді, Қазақстанда жасалған киімді киюге шақырған Елбасы жиындарда да бірнеше рет тілге тиек етіп, барша халықтың патриоттық сезімін оятып келеді. Жуырда жариялаған мақаласында Ұлы даланың қырларына тоқтала отырып та осы киімге ерекше мән берді. «Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті – салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша, кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды» деп, қазақтың киім тігуде кенже қалуға құқығы жоғын тағы бір еске салды. Ал, кент орталығындағы «Ауан» тігін цехында жұмыс жасайтын жас маман Гүлнұр Асанова: «Менің мамандығым арнайы тігінші. Оқуды бітірген соң жұмыс іздеп Алматы қаласында «Алтын жұлдыз» тігін цехына бардым. Ол жақта жұмысшылардың формасын тігумен айналыс­тым. Тігін шеберханаларының көбі мектеп және жұмысшылар формасын тігумен ғана шектеледі. Біз тапсырыспен түрлі көйлектер тігіп жүрміз. Ұсыныс болса санын көбейтіп, аудан тұрғындарына ұсынуға да болады. Егер өзімізді өзіміз киіндірсек мәдениетімізге сай киім үлгілері мен жаңа қазақша брендтер сән әлемін жаулап алар еді» – дейді. Осы орайда қазақтың жазушысы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ қыздары көшеде де ұлттық нақышта киінсе, тым болмаса, киімінің бір шетіне қазақша ою салып алса ғой» деп армандағаны еске сап ете қалды. Өйткені, ұлттық нақыштағы ою-өрнекті киімді тек 22 наурызда ғана киетініміз жасырын емес. «Адам көркі шүберек» деп киімге баса мән бергенімізбен ұлттық киімді киюге келгенде ұяңдығымыз басымырақ болып тұр. Ендеше, сәнді киімнің отаны саналатын Италия мен Франция қойдың жүнін арнайы тапсырыспен алдыратынын бірі білсе, бірі білмес. Ал, малды қазақ жүнге жарығанымен, жейде тігуге құмартпай жүрген секілді. Кең-байтақ жердің ақ мақтасын матаға айналдырып, қолда барды ұқсата алмасақ, өзгеге телміруден арыла алмасымыз анық.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
12 наурыз 2019 ж. 2 355 0