Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті жұттың бірі – жалқаулық

Жеті жұттың бірі – жалқаулық


«Әй, болды үйге кіріңдер. Қазір біреулерің бір жерлеріңді сындырасыңдар. Бәлеге ұрынбай тұрғанда тездетіңдер». Осыдан он жыл бұрын бұл сөзді естімей, балалар үйге кірмейтін. Күндіз қуыспақ, түнде тығылмашақ ойындарына берілген балаларын үйлеріне әрең кіргізетін, аналар. Ал, бүгін ше?

Зымыраған уақыт өз дегенін жасауда. Бір қарағанда күннің артын күн жалғап, бір сарында өтіп жатқан секілді. Алайда, ұялы телефонның бағдарламаларына келетін жаңару (обновление) секілді, заман да жаңаруда. Жүз ұйықтасаң түсіңе де кірмейтін дүниелер пайда болып, таңдай қақтыруда. Тіптен, бүгінгі күні ешнәрсеге таңқалмайтын дәрежеге жеттік.
Нан жабатын табаны «Әсел» пеш алмастырса, самаурынның орнын «Тефаль» басты. Кемпірауызбен канал ауыстыратын теледидардың орнына пультпен басқарылатын, саусақтың жуандығымен бірдейлері пайда болды. Үйді сыпырғы емес, шаңсорғыш тазалайды. Көше-көше жағалап таситын ауызсу үй ішінде ағып тұр. Мұнымен қоса, алыстағы әжетханалар да үйдің кіре берісіне орналасты. Қызыққа толы түрлі кітаптардың орнын компьютер мен ұялы телефон басты. Жастарды құртатын болды деген «агентті» шаң қақтырып, в контакте, инстаграм, фейсбук, ютуб, телеграм сынды әлеуметтік желілер қаптады.
Әлеуметтік желі алыстағыны жақындатып, жастарды табыстырып жатыр. Бейнелі қоңырау ағайындылар арасындағы сағынышты басса, басқалары жалқаулықтың дәнін екті.
Ал, осы жалқаулықтың нәтижесінде Қазақстан бірнеше жылдан бері Орталық Азияда семіздік бойынша алдыңғы сапта келе жатыр. Дереккөздегі мәліметтерге сүйенсек, қазақстандық әрбір төртінші ер адамда артық салмақ бар көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазақстандықтардың шамамен 25 проценті семіздікпен ауырады. Сонымен қатар, аталмыш ауруға шалдыққандардың көрсеткіштері жылдан-жылға артып келеді екен. Ал, зерттеушілердің бірі еліміздің әл-ауқатының жақсаруынан десе, екіншілері дұрыс тамақтанбаудан дейді. Ал, кім не дегенімен, соңы жалқаулыққа алып барып тірелері анық.
Ал, аудандық орталық аурухананың оңалту бөлімінің дәрігері, бөлім меңгерушісі Ақтілек Даниярова: «Спорт қан айналымын жақсартып, жүйке жүйесінің, қан тамырларының жұмысын ретке келтіріп, инсульт қаупін азайтады. Артық салмақты жояды. Бүкіл ағзаңыздың жұмысын қалыпты ұстап, өмір жасыңызды ұзартады. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы спортты жанына серік етуі керек», – дейді.
Иә, жалқаулық – адамның дұшпаны. Алға басқан қадамды кері кетіретін адамның бойындағы ең жаман қасиеттердің бірі. Бұл туралы хакім Абай «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап», – дейді. Ал, осы сырқаттың таралуына себеп болып отырған әлеуметтік желілерді қалай пайдалану керек?
Еңбектеген баладан, төрдегі қарияға дейін қалта телефонына тәуелді болғаны жасырын емес. Смартфонның қызығы қанша уақытымызды ұрлап жатқанын зерттеушілер анықтаған екен. Әлемдегі интернет-нарығының жағдайы туралы «Digital 2019» есебінде «We Are Social» және «Hootsuite» халықаралық агенттігі жасаған мәліметінде ғаламтордың көмегіне жүгініп, қызығына батушылар орташа есеппен күн сайын 6 сағат 42 минут уақытын жоғалтады, – дейді. Демек, бір жылда 365 күн болса, оның 100 күннен астам уақыты интернетте отырып, әлем кезумен өтетін көрінеді.
Технология жағынан жақсы дамыған елдердің бірі – АҚШ. Жалқаулық вирусы бұл елді де айналып өтпегендіктен, мәселені зерттемекке бел байлайды. Станфорд университетінің ғалымдары әлемдегі 111 елдің 717 мың тұрғынының смартфонындағы мәліметтерді талдаған. Бұл зерттеу олардың күніне қанша қашықтыққа жүретінін анықтау мақсатында жасалды. Осы сараптаманың қорытындысы бойынша, әлемде ең жалқау ел индонезиялықтар болып шықты. Олар орташа есеппен күніне 3513 қадам жасайтын көрінеді. Ал, зерттелген елдердің ішінде белсенділігі жағынан Гонконг тұрғындары көш бастаған. Іскерлігі мен тапқырлығы жағынан көпке танылған бұл елдің халқы күніне 6880 қадам жасаған. Енді осы елден кейін украиндар және жапондар белсенді екені белгілі болды.
Жеті жұттың бірі – жалқаулық. Талай жанның алтын уақытын ұрлап отырған әлеуметтік желіні кейбіреулер қоқыс жәшігі, – дейді. Ол жерде керек дүниелермен қатар, қажет емес, жас буынның санасын улайтын, адам табиғатына жат дүниелерді сіңіріп жатыр. Сондықтан, аға буын өкілдері, арасында телефонға «талақ» беріп, ұрпақ тәрбиесіне де көңіл бөліп тұрғанымыз дұрыс секілді.

Ерұлан Даткенов.

02 наурыз 2019 ж. 636 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031