Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Солақайлық сор ма?

Солақайлық сор ма?

Түс кезінде базар маңындағы дәмханалардың біріне жүрек жалғау үшін бас сұққан болатынбыз. Адам лық толы. Келушілердің бірі қызметтесімен, екіншісі құрбысымен, енді бірі жұбайымен тамақтанып отыр. Оны адамдардың көзқарасына, өзін ұстау әдебіне қарап топшылау қиын емес. Шынымен де бір адамның өзінде бірнеше бетперде болады. Мәселен, қызметте қаталдау, салмақты басшы болса, үйіндегі балалары үшін құшағына күллі әлем сыйып кетердей мейірімді әкеге айналады. Ал, достарының ортасында мүлде бөлек адам болатыны сөзсіз.

Ойымды келесі столда отырған келіншектің дауысы бөліп жіберді. Жанында бірнеше сөмкесі бар, екі баласымен отырған әйелдің алдына даяшының ас әкеп қойғаны сол болатын. Ұлының тамаққа қарай аптыға созған қолын қағып жіберіп «Қанша айтам саған, оң қолыңмен же деп» – деді. Байғұс бала абыржып, айналасындағы адамдардан ұялып, бал-бұл жайнаған көңілі әп-сәтте солыңқы күйге түсті. Асханадан шыққанша анасына қайта-қайта жалтақтап, тамақты оң қолымен жегендей болды, әйтеуір.
Осы оқиғадан кейін солақайлықтың сыры неде деген сауал мені мазалай бастады. Адам әдейілеп оң қолымен жасау керек нәрсені сол қолымен жасамайды ғой. Бала солақай екен, демек, Алла оны туа бітті солай жаратқан. Сол үшін балаға жекіп, ұнжырғасын түсіру қаншалықты орынды? Жалпы, осы тектес оқиғаларға жиі куә болғандықтан, ата-аналардың «неге оң қолмен жазу жазып, тамақ ішпейсің?» деген тосыннан айтылған қатаң талаптарын көзіміз көріп, құлағымыз жиі естігендіктен бұл мәселені қозғап отырмыз.
«Солақай» деген сөзді естігенде әрбір көзіқарақты оқырманның ойына кешегі кеңес үкіметінің солақай саясаты елестейді. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені, сол солақай саясат қаншама алаш арыстарын қудалады. Одан бөлек халқымыздың ежелден қалыптасқан дәстүрі, жазылмаған заңында адамдардың ісі алға басқан кезде «ісі оңға басты» делінеді, солға басты делінбейді. Басшының сенімді көмекшісіне оң қолы дейді, сол қолы демейді. Игі дұғасын, ақ тілегін алды деген мағынада «оң батасын алды» делінеді. Есейді, жақсы мен жаманды ажырата білді деген мағынада «оңымен солын айырды (таныды)», «оң жақ, сол жағын таныды» делінеді. Жетістікке, бір жақсылыққа қауышқан адамға «оң жағыңмен (аяғыңмен) тұрған екенсің» деп айтылады. Шын пейілмен, ықыласпен қарады деген мағынада «оң көзімен қарады» делінеді. Жылы шырай танытты деген мағынада «оң қабағын берді» деп, сауығыпты деген мағынада «оңалыпты» деп айтылады. Қол алысқанда оң қолмен амандасады. Айта берсе мысалдар көп. Қысқасы, оң – жақсылықтың нышаны, сол – жамандықтың нышаны ретінде айтылады.

Бақыт Ұлжаев, орталық
мешіттің бас имамы:
Ислам дінінде ас ішерде оң қолды пайдалануды бұйырады. Ал, дәретхана тазалығы үшін сол қолды қолдану керектігі айтылған. Сол қолмен ас ішу – мәкрух. Пайғамбарымыз (с.а.с) аяқ киімін киюде және тарануда мүмкіндігінше оң жақтан бастағанды жақсы көретін, бір нәрсе алатын кезде оң қолымен алатын, бір нәрсе беретін кезде оң қолымен беретін және бастайтын нәрсесінің барлығын оң жақтан бастайтын. «Сендердің бірің аяқ киімін киетін кезде оң жақтан бас­тасын. Ал, оны шешерде сол жақтан бастасын. Аяқ киім киерде оң аяқ аяқтардың біріншісі, шешерде оң аяқ аяқтардың соңы болсын» деген.
Абдуллаһ бин Омардың білдіруі бойынша: Пайғамбарымыз алейһиссалам «Сендерден бірің тамақ жейтін кезде оң қолымен жесін. Бір нәрсе ішетін кезде де оң қолымен ішсін. Өйткені, шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді» деген. Осыған байланысты Құранда мынадай оқиға баяндалған. Пайғамбарымыз алейһиссалам бір адамның сол қолмен тамақ жегенін көріп, оған «Оң қолыңмен же!» деп бұйырды». Әлгі адам «Бұған күшім жетпейді, оң қолыммен жей алмаймын» деп өтірік айтады. Пайғамбарымыз алейһиссалам оған ештеңе айтпай, қоя салады. Осыдан кейін ол адам шыныменде оң қолын аузына апара алмайтын болып қалды.

Мамандар жер бетіне шыр етіп дүниеге келген 100 сәбидің біреуі ғана солақай болып туылатынын айтады. Осыдан-ақ, солақайлардың сирек жаратылыс иесі екендігін мойындамасқа амалымыз жоқ. Қоғамда солақайлардан шығармашылық адамдары, суретшілер, сазгерлер, ақындар мен музыканттар көп шығады деген де пікір бар.Өткенге үңіліп қарасақ, Александр Македонский, Юлий Цезарь, Виктория ханшайым, Наполеон, Отто фон Бисмарк «сол қолымен» жарлыққа қол қойып, елді басқарып, тарихта қалды. Әлемдік ғылымда орасан зор табысқа жеткен Эйнштейн мен Ньютон да – солақай.
Бірақ өмірде олар оңды өзгеріс жасады. Мамандардың айтуына қарағанда, Моцарт пен Бетховен ең ауыр күрделі партияларды сол қолының саусақтарымен орындайтын көрінеді. Мысалы, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Рубенс және Пикассоның бүгінге жеткен ұлы туындылары да сол қолымен дүниеге келген. Ғаламның ұлы ойшылдары Аристотель, Фридрих Ганс, Христиан Андерсен, Марк Твен, Герберт Уэллс пен Франц Кафкалар да кітаптарын сол қолмен жазған. Мұндай ерекшеліктен Голливуд жұлдыздары да кенде емес. Анджелина Джоли, Николь Кидман, Брюс Уиллис солақайлардың тобын толықтырып, әлемді тамсандырған тұлғалар. Бұл жәй ғана сәйкестік екені, әлде шынымен де солақайлар ерекше дарын иесі болатындығы толық дәлелденбеген.
Күннен-күнге қарыштап дамып келе жатқан ғылым құрсақта жатқан жас сәбидің солақай немесе оңқай екенін небәрі 10-11 аптада анықтайтын дәрежеге жетіп отыр. Оны білу аса қиындық тудырмайды. Ана құрсағында жатқан нәресте оң қолының бас бармағын сорса – оңқай, сол қолының бармағын сорса – солақай болып дүниеге келетіндігі анықталған.
Сонымен, кей жерлерде солақай жандарды әйелдердің кеш босануына байланысты да болатыны айтылады. Мансап қуып, уақыт өткізіп алған ананың сәбиі дүниеге келерде ауыр қиналысқа түседі. Соның салдарынан оң қолдың қызметіне жауап беретін мидың клеткалары зақымдануға ұшырайды деседі.Қалай болғанда да солақайлық адамның еркінен тыс жаратылысынан пайда болатын дүние. Әрине, оң қолмен ас ішкен дұрыс-ақ. Алайда, сол үшін баланы жазалаудың еш қажеті жоқ.

Гүлхан ЯХИЯ.
19 ақпан 2019 ж. 2 053 0