Ұйқыға мән беріңіз
Адамның өмірі онсыз да қамшының сабындай. Ал, біз сол қысқа ғұмырдың үштен бірін ұйқымен өткіземіз. Бір қарағанда ұйқысыз тағы болмайды. Әсіресе, жылдар бойы өзінің сергек қалпын сақтап жүретін адамдарды айталық. Дегенмен, адам үшін ұйқы – кәдімгі ауа мен су сияқты аса қымбат дүние.
Атақты Наполеон: «Ер адамға 6 сағат, әйел адамға 7 сағат, ал, ақымақтарға 8 сағат ұйықтаса жетіп жатыр» – деген екен.
Қазіргі заманның зерттеу нәтижелері оның шындыққа жанасатынын айтады. АҚШ пен Ресейде жүргізілген сауалнамалар бойынша, ер адамдардың үштен бірі 6 сағаттан аз ұйықтайтын болса, әйелдердің ішінде мұнша уақытты ұйқыға бөлетіндер тек 1,7 пайызды ғана құрайды. Тоғыз сағаттан артық ұйқыға берілетін әйелдердің саны еркектерге қарағанда артықтау. Орта есеппен алғанда әйелдердің ұйқысы 15 минутқа ұзақ. Бұл – бүгінгі күнгі ер мен әйелдердің ұйқысы.
Ал, бұрынғы кездері ұйқының жағдайы қалай болғанын американдық профессор Р.Экрих зерттеген. Ол үшін ғалым сансыз мұрағат құжаттарын жинап, зерттеп Еуропа мен Американың ХІV-ХІХ ғасырындағы тұрғындарының ұйқыға қатысты мәліметін тапқан. Осыдан 100 жыл ғана бұрын адамдар қазіргіге қарағанда 1,5 сағатқа артық ұйықтаған. Алайда, олардың ұйқысы берік болмаған. Өйткені, адамдар жиі оянып, бір сағаттан артық уақыт ұйқысыз жүреді екен. Осы уақыттарда олар үй ішіндегілермен әңгіме құрып, темекі шегіп, мінәжат жасап, тіпті, көршілерінің үйіне де бір соғып қайтады екен.
Бұлай жиі оянудың себебін Экрих қандағы пролактин гармонының көптігімен байланыстырады. Қазіргі адамдардың бойында түрлі электр сәулелерінің әсерінен пролактин цкөлемі тым азайып кеткен. Көпшілік ғалымдар түнде ояну ұйқының бұзылуынан хабар береді десе, Экрих үздіксіз ұйқыдан гөрі оның бөлініп тұруы дені сау адам үшін қалыпты жағдай деп түсіндірген.
Жалпы, ұйқының ұзақтығы туралы әңгімеге тоқталсақ, бұл жерде де көзқарас екіге бөлінеді. Қарттарды емдейтін П.Тиллер атты американдық дәрігер адам жасы өскен сайын ұйқысын да ұзарта беруі керек деп есептейді. Кеңес ғалымы Г.Цицишвили ұзақ өмірсүргіш кавказдықтардың ең азы 9 сағат, ең көбі 16-17 сағат, яғни, орта есеппен 11-13 сағат ұйықтайтынын дәлелдеген. Ол қартайған сайын ұйқыны көбейтуге болады деп есептеген. Себебі, бұл жас-та адамның бейімделгіштік процесі айтарлықтай баяу жүреді екен.
Сонымен қатар, американдық мамандар ұзақ өмір сүрушілердің басым бөлігі ұйқы үшін тәулігіне 7 сағат бөлетіндер екенін айқындаған.
Дайындаған
А.БАЙДӘУЛЕТОВА.