Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БИЗНЕСТІҢ ҚАЙ ТҮРІМЕН АЙНАЛЫСҚАН ТИІМДІ?

БИЗНЕСТІҢ ҚАЙ ТҮРІМЕН АЙНАЛЫСҚАН ТИІМДІ?

Нарық заманы бәрімізді ақшаға бір табан жақын етіп жібергендей. Дүниенің мәні ақшаға байланып тұрмағанын жақсы білетіндер болмаса, көп ақша тауып аяқ астынан байып кетуді екінің бірі армандайды. Құр қиялға беріліп армандау бар да, діттеген мақсатына жету жолында әрекет етіп, арманына қол жеткізетіндер бар. Бұл үшін адамның ерік-жігері мықты болып, еңбектенуден қашпау керек. Әлемдік қаржы дағдарысы адамдарды әрі-сәрі күйге түсіріп қойғанмен, әмиянын ақшаға толтырып, жұмысын жүргізіп жатқандар да аз емес. Қазір осы бақуатты өмір сүру жолында мұхит асып кетіп жатқандардың да қатары көп. Қолында қос-қостан жоғары оқу орнын бітірген дипломы бола тұра, Америкаға немесе Еуропа елдеріне барып ыдыс жуып, бала бағып, таксист болып немесе жүк түсіріп жүргендерді білеміз. Ең қызығы және бізді алаңдататыны – солардың өз өміріне ризашылығы. Сондай-ақ ұлан-байтақ қазақ даласындағы жерді, жер асты-жер үс­ті байлығын игеру үшін адам қолы көп керек екендігі жиі айтылады. «Өзі аз халқымыз күнделікті нә­па­қа үшін шетел асып кете берсе, ер­теңгі күніміз не болмақ?» деген алаң­даушылық біздің санамызда ара-тұра қылаң беріп қалатынын не­сіне жасырайық?! Сол үшін «Біз­дің елде бизнестің қай түрімен ай­­­налысқан тиімді? Қалай ақша жа­сауға болады?» деген сауалдарға жауап іздеп көргіміз келді. Әрине, адам бір істі бастамас бұ­рын нарықта қалыптасып тұрған жағ­дайға барынша зерттеу жасағаны абзал. Бизнестің бірқатар түрі кейін­гі жылдары тиімсіз екендігін көр­сетіп тұр. Мәселен, бір кездері ұсақ саудамен айналысушылардың қолы жүріп тұрса, мұны қазіргі таңда сон­­шалықты тиімді дей алмаймыз. Со­ған қарағанда базардың және ба­заршылардың дәурені өтіп кеткен сияқ­ты. Оған себеп – соңғы оншақ­ты жыл­дың көлемінде супермаркет пен гипермаркеттердің көптеп бой кө­теруі. Адамдар жазда салқын, қыс­та жылы жерде асықпай жүріп, өз таңдағанын осындай дүкендерден таңдап жүріп алғанды жөн көреді. Бұл тек азық-түлікке қатысты ға­на әңгіме емес, киім-кешек, үй жиһаз­дары, ыдыс-аяқ, тағы басқа­лар­­ды да осы күні дүкендерден табуға болады. Сонымен бизнестің бірнеше түріне талдау жасап көрейік. 1. Жекеменшік балабақша. Бү­гін­де сұраныстағы бизнестің бір түрі – осы. Бір кездері үлкен қа­ла­ларда екі-үш қабатты үй салғандар­дың кө­бі қазір үйлерін балабақшаға ай­нал­дырған. Біріншіден, бір отбасы үшін мұндай үйлерді ұстап тұру қиындау, жылыту, электр энергиясы, басқа да шығындары көп. Екіншіден, ба­лабақша сұраныста болғаннан кейін тұрақты табыс көзі. Алматы қаласында осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік балабақшаға кезек келуі қиындап кеткен соң жекемен­шік балабақша іздеуге тура кел­ген жайы бар. Өзіміз тұратын маңай­да таңдауыңа және қалтаңа қа­рай мұндай балабақша көп екен. Сол кездің өзінде бір балаға ай­лық төлемақысы 50-150 мың тең­генің арасында болды. Сондай-ақ кейбіреулері бірінші жарна үшін 150 мың теңге төлеуіміз керек екенін де есімізге салды. Расында да, же­кеменшік балабақша ұстау елі­міз­де Алматы, Астана, сосын үшін­ші мегаполис саналатын Шым­кент қалаларында кеңінен тараған. Халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында да балабақша бизнесі кең дамып келеді. Мақтаарал ауда­нын­да жекеменшік балабақша үшін бір балаға 3000 теңгеден. Көп балалылар үшін жеңілдікпен – 2500 теңге. Тіпті әрбір баланы үй­ден балабақшаға, балабақшадан үйге жеткізу үшін көлік жағы да қа­рас­тырылған. Осындай халыққа тиім­ді қызмет көрсете отырып, оң­түстіктегі ағайын өз кәсібін де дөңгелетіп отыр. Бұл бизнес үшін балабақшаға лайықты ғимарат керек. Өзіңнің жеке ғимаратың болса тіпті жақсы әйтпесе, жалға алуға болады. Қазіргі таң­да мемлекеттік балабақша же­тіс­пейтінін мойындауға тиіспіз. Сон­дықтан алдағы біраз жылда бұл бизнестің өтімді болары сө­з­сіз. Ғимарат мә­­селесі шешілсе, оны жиһазбен жабдықтап, басқа да керек жарағын түгендеу ке­­рек. Одан кейін санитарлық ба­қы­лау қызметінің тексерісінен өтіп, қажет персоналдарды жалдап алуға болады. 2. Құрылыс саласы да тиімді биз­­нес. Мұның шағын, орта және жоғары деңгейі бар деп қарастыруға бо­­лады. Шағын деп отырғанымыз, егер қолыңыздан құрылыс келетін бол­са, онда бригада жинап, өзге­лер­ге, яғни құрылыстан хабары жоқ, бірақ жеке үйін тұрғызуға ниет­ті жандарға қызмет көрсетуге бо­лады. Қожайынның үй салатын жері дайын болса, ерте көктемнен іске кірісіп, қара күзге дейін шағын бригадамен бір үйді тұрғызып беруге мүмкіндік бар. Жұмысыңыз қарқынды жү­ріп кетсе, бірте-бірте коттедж қала­шы­ғын, тіпті жағдайыңыз жақсарып жат­са көпқабатты үйлер тұрғызуға бо­лады. Әрине, екінші және үшінші нұсқа бойынша қомақты қаржы-қаражат қоры қажет. Сондықтан «Көрпеңе қарай көсіл» демекші, бизнесті жаңа бастаушылар үшін бірінші нұсқадан артығы жоқ. Егер бұл жұмысты бір ретке келтіріп алған жан болса бұл тұрақты кәсіп, тұрақты нәпақа болар еді. Салған ақшаны уақыт өте келе қайтарып алатының ақиқат. Өйткені халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған қанша бағдарлама болса да, жыл өткен сайын баспанаға деген сұраныс бәсеңдейтін түрі жоқ. Бұған елдің әлеуметтік-экономикалық ахуа­лының жақсаруы мен елдің неғұрлым жайлы үйде тұрсам деген құлшынысы да әсер етіп отыр деуге болады. Құрылыс саласының басқа да құпиялары бар. Егер ғимарат тұрғызып, оны жалға беріп қойсаңыз, бұл тұрақты кіріс көзі болып шыға келеді. 3. Осы күні қолға алуға бола­тын тағы бір бизнес түрі – автомо­билистер үшін. Бұл бизнестің бірнеше түрі бар: көлік жуу, көлікті бояу, көлік жөндеу және дөңгелеу ауыстыру, дөңгелек сақтау қоймасы. Бұл салаға көп ақша салудың қажеті жоқ. Қаржы көлемі сіздің таңдаған қызмет түріңізге тікелей байланысты. Ең бастысы, бірнеше көлік қатар сыйып кететін анағұрлым кең ғимарат қажет. Сосын жұмыс істеуге қажет құрал-жабдықтарды бір түгендеп алсаңыз болғаны, ары қарай жұмысты жүргізе бересіз. Айтпақшы, көлік жөндеу шеберлерін дұрыстап таңдап алу қажет. Жұмысты жүргізетін не­гізінен солар. Елімізде көлік мінуге қызығушылар жылдан жыл­ға көбейіп келеді. Көлік жайлы­лық немесе мақтаныш үшін емес, күнделікті қажеттілікке айнал­ғалы қашан. Бір үйде бірнеше жан болса бәрі бірдей таңертең жұмысқа не сабаққа көлікпен шығып кететін отбасылардың қа­тары көбейіп келеді. Осындай жағдай қалыптасып үлгергендіктен автокөлік жүргізушілерге арналған қызмет түрі үнемі сұраныста болары заңды. Сондықтан бұл мәселеге де жіті назар аударып, ойланып көруге болады. 4. Мал шаруашылығына қа­тысты. Кейінгі жылдары мегапо­листер маңайында мал бордақылап, соғымға мал сойып беретін қызметті ұсынушылар қатары көбейіп ке­леді. Бұл да тиімді бизнестің бір түрі. Бір жағынан атакәсіп, жанымызға жақын. Қазіргі таңда мал басын көбейтуге арналған түрлі мемлекеттік бағдарлама бар. Осы бағдарламаларды негізге ала отырып мал басын көбейтуге және оны бордақылап сатуға, елді айран-сүтпен, қымыз-шұбатпен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік туып тұр. Қазір кез келген дүкен мен базарларда ұлттық дәстүрлерімізге сай құрт-ірімшік, айран-сүт, шұбат-қымыз сататын нүктелер бар. Бұл дегеніңіз – осы өнімдерге деген халықтың ерекше ықыласын білдіреді. Демек, алушы бар. Алушы болғаннан кейін нарыққа осы өнімдер ұсынылып отыр. 5. Кейінгі жылдары жылыжай шаруашылығы кеңінен дамып келеді. Бұған себеп – қысы-жазы көкөніске деген сұраныстың жо­ғары болғандығынан. Өзбекстан мен Қытайдан келетін көкөніс жол шығынын қоса есептегенде, анағұрлым қымбатқа түсіп кетеді. Оның үстіне экологиялық тұрғыдан алып қарағанда өз елімізде өндірілген табиғи өнімге деген қызығушылық жоғары. Бұл адамдардың қолына ілінгенін жеуді қанағат тұтпай денсаулық жайына да көбірек көңіл бөле бастағандығын білдіреді. 6. ІТ саласы. Ақпа­раттық бизнес ал­­ғаш­қы капиталды онша көп қажет етпейді. Бұл жерде бірінші рөл ойнайтын білім мен жаңа технологияларды жетік меңгеру. Өз атыңды шығарып, имиджіңді көтеру үшін біраз ақша жұмсайсыз. Сосын өз сайтыңызды ашып, жарнамаға біраз ақша жұм­сап, білікті мамандарды жұмысқа тарту қажет. Ең маңыздысы тренинг, семинар, курстар ұйымдастыру шарт. Сайттың жұмысының жүруіне барынша еңбек етіп, жарнамалық қызметті де ұмытпаған жөн. 7. Адамдар арасында аса сұранысқа ие тағы бір бизнес түрі бар. Бұл – киім пішіп, тігіп, жөндейтін ателье ашу. Қолынан іс тігу келетін әйелдер үшін өте қолайлы кәсіптің бірі – осы. Үлкен және шағын қалаларда ашуға болады. Қазіргі таңда қыз-келіншектердің көбі өте қауырт, жұмысбасты. Үнемі сабаққа немесе жұмысқа асығып бара жатқаны. Мұндай жұмысбасты қыз-келіншектер өзінің және отбасы мүшелерінің киімін жөндеуге, тіпті күйеуінің не баласының шалбарының балағын қысқартуға мұршасы жоқ. Сондықтан дайын қызметті пайдаланғысы келеді. Жасыратыны жоқ, әр оқу жылы басталар алдында осындай шағын ательеде жұмыс істейтіндердің жұмысы қайнап жататынына өзіміз де куә болып жүрміз. Мұндай қызмет көрсету орнының тұтынушылары көп. Олар ақшасын үнемдегісі келетіндер мен ешкімде жоқ эксклюзив үлгідегі киімді киетін сәнқойлар. Бұл бизнес түрін бастау үшін де алғашқы капитал аса көп керек емес. Ең бастысы кең де жарық ғимарат болса, жақсы тігін машинасын сатып алып, өз кәсібін терең меңгерген бірнеше тігінші алсаңыз – болғаны. Біз іс бастау үшін бірнеше мысал ғана келтірдік. Ойланған адамға мұндай мысалдың тағы көптеген түрін ұсынуға болады. Біздікі ұсыныс, ал қарекет жасап, тірлік қылу – әркімнің ынта-ықыласына байланысты. Ең бастысы да – осы. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Толығырақ: https://aikyn.kz/2018/09/08/66666.html
Материалды көшіріп басқанда www.aikyn.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.
09 қыркүйек 2018 ж. 1 118 0