Жасанды жаңбыр: су тапшылығына жауап па, уақытша шешім бе?
Бір тамшы жаңбырдың бағасын суармалы егістікке тәуелді ел ғана шын түсінеді. Аспаннан жауған әр тамшы егінге жан бітіреді, өзеннің арнасын толтырады, су қоймасына қор жинайды. Ал жауын кешіксе, шаруаның шығыны көбейіп, су үшін талас күшейеді. Енді адамзат табиғаттан жаңбыр күтумен ғана шектелмей, қажет кезде бұлтқа ықпал етудің жолын іздей бастады. Бірақ табиғи құбылысқа әсер ету қаншалықты мүмкін және оның су тапшылығын азайтудағы әлеуеті қандай?Бұл мәселе Қазақстан үшін де барған сайын өзекті бола түсуде. Өйткені елдің оңтүстігінде ауыл шаруашылығының едәуір бөлігі суармалы егіншілікке тәуелді. Бір өңірде жауын-шашын мол болғанымен, екінші аймақта қуаңшылық сақталуы мүмкін. Таулы аймақтарда қар мен мұздықтардың жағдайы өзгерсе, оның әсері жазықтағы өзендерге де тиеді. Осындай күрделі жағдайда су ресурстарын толықтырудың қосымша жолдарын іздеу табиғи қажеттілікке айналып отыр.
Қазақстан да бұл бағытты тәжірибеден өткізуге кірісті. 2026 жылы Түркістан облысында жасанды жауын-шашын технологиясын тәжірибелік деңгейде енгізу жобасы іске қосылды. Бастама Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – оңтүстік өңірлердегі су тапшылығының салдарын азайту, су қоймаларына түсетін суды арттыруға мүмкіндік қарастыру және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етудің қосымша тетігін қалыптастыру.
Жобаның маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның президенті әрі Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Әл-Мандуспен кездесу барысында Қазақстанда жасанды жауын-шашын технологиясын қолдану мәселесі сөз болды. Бұл бастаманың оңтүстік өңірлердегі су тапшылығын азайтуға бағытталғаны айтылды.
Алайда жасанды жаңбыр ұғымын «аспаннан жаңбыр жаудырту» деп қарапайым түсіндіру дұрыс емес. Технология табиғатта жоқ суды пайда етпейді. Ең алдымен атмосферада жеткілікті ылғалы бар, жауын-шашын түзуге қолайлы бұлт болуы қажет. Мамандар спутниктік бақылау, метеорологиялық радарлар және ауа райы туралы мәліметтер арқылы қолайлы бұлттарды анықтайды. Одан кейін бұлтқа арнайы реагенттер жіберіліп, оның құрамындағы ылғалдың жауын-шашынға айналу ықтималдығын арттыру көзделеді.
Бұлтқа әсер ету технологиясының тарихы да тереңде жатыр. ХХ ғасырдың 1940 жылдарында америкалық химик Ирвинг Ленгмюр бастаған зерттеулер барысында бұлттағы мұз кристалдарының түзілу процесі зерттелді. Метеорологтер Винсент Шефер мен Бернард Воннегуттың қатысуымен жүргізілген тәжірибелер кейін табиғи ортада бұлтқа ықпал ету тәсілдерінің қалыптасуына жол ашты. 1943 жылы табиғи жағдайда жасанды қар жаудыру тәжірибесі жүзеге асырылды. Кейін құрғақ мұзбен қатар күміс йодиді сияқты реагенттер де қолданыла бастады.
Уақыт өте келе бұл бағыттағы зерттеулер Австралия, Қытай және басқа да мемлекеттерде жалғасты. Әсіресе су тапшылығы сезілетін өңірлерде бұлттағы бар ылғалды тиімді пайдаланудың бір тәсілі ретінде технологияға қызығушылық артты. Бүгінде жасанды жауын-шашын мәселесінде метеорологиялық бақылау мен цифрлық технологиялардың маңызы күшейіп отыр. Жасанды интеллект спутниктерден түсетін үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам өңдеп, бұлттардың қозғалысын, ылғал мөлшерін, жел бағытын және басқа да атмосфералық көрсеткіштерді талдауға мүмкіндік береді.
Дегенмен технологияның мүмкіндігін асырып көрсетуге де, оның әлеуетін толық жоққа шығаруға да болмайды. Жасанды жауын-шашын тек қолайлы табиғи жағдай қалыптасқан кезде ғана нәтиже бере алады. Оның тиімділігі бұлттың түріне, ылғал мөлшеріне, температураға, желге және басқа да факторларға байланысты. Сондықтан бір өңірде алынған нәтиже екінші жерде дәл қайталана бермейді.
Қазақстан үшін бұл технологияның маңызы елдің оңтүстігіндегі су жағдайымен тікелей байланысты. Түркістан облысында мақта, көкөніс, бақша және басқа дақылдар өсірілетін егістік алқаптардың едәуір бөлігі су ресурстарына тәуелді. Қуаңшылықтың бір маусымы ауыл шаруашылығына айтарлықтай салмақ түсіруі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, жауын-шашын мөлшерін арттырудың кез келген қосымша мүмкіндігі назардан тыс қалмайды.
Алайда Қазақстанның су мәселесін тек өз аумағындағы жауын-шашынмен шектеу жеткіліксіз. Елдің оңтүстігіндегі су жағдайы трансшекаралық өзендермен тығыз байланысты. Соның ішінде Сырдарияның қалыптасуында Нарын өзенінің орны ерекше.
Нарын Қырғызстанның тауларынан басталып, Тоқтоғұл су қоймасы арқылы төмен қарай ағады. Кейін Өзбекстан аумағында Қарадариямен қосылып, Сырдарияны қалыптастырады. Сырдария одан әрі Қазақстанның оңтүстігіне өтіп, Арал теңізі алабына жетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның оңтүстігіндегі су жағдайын Қырғызстанның тауларындағы табиғи үдерістерден бөлек қарау қиын.
Десек те тауда жауын-шашынның мол түсуі Сырдариядағы су көлемінің бірден артуына әкелмейді. Өзен ағынына жауын-шашынмен қатар қар қоры, оның еру мерзімі, мұздықтардың жағдайы, ауа температурасы, булану, су қоймаларының жұмыс тәртібі және суармалы егіншіліктің сұранысы әсер етеді. Яғни Сырдарияның суы бір күнде қалыптаспайды. Оның арнасындағы су таудағы қар мен мұздан, жауын-шашыннан басталып, өзендер мен су қоймалары арқылы төмен қарай жететін күрделі табиғи әрі шаруашылық жүйенің нәтижесі.
Бұл жүйенің болашағына қатысты тағы бір маңызды мәселе – мұздықтардың өзгеруі. Тянь-Шань мұздықтарының ұзақ мерзімде шегініп келе жатқаны ғылыми зерттеулерде көрсетіліп келеді.
Кейбір ғылыми болжамдар алдағы онжылдықтарда мұздықтардың көлемі едәуір азаюы мүмкін екенін айтады. Мұндай өзгеріс Орталық Азиядағы өзендердің су қорына да әсер етуі ықтимал.
Мұздықтардың еруі қысқа мерзімде өзен ағынын көбейтуі мүмкін. Алайда мұз қоры азайған сайын ұзақ мерзімде өзендерді табиғи түрде қоректендіретін су көлемі де төмендейді. Сондықтан таудағы мұздықтарды тек бүгінгі су қоры ретінде емес, болашақтағы табиғи су реттеуші ретінде қарастыру маңызды.
Мұндай өзгерістердің әсерін жергілікті деңгейден де байқауға болады. Шиелі ауданы су ауыл шаруашылығының негізгі тіректерінің бірі саналады. Өткен жылы аудан бойынша шамамен 60-қа жуық электрлі сорғы қондырғысы пайдаланылып, кейбір егістік алқаптарына су тәулік бойы сорғылар арқылы жеткізілген. Су өздігінен жетпеген жағдайда оны электр энергиясы арқылы айдау шаруаларға қосымша шығын әкелді.
Ал 2026 жылғы маусымда жағдай біршама өзгеріп, былтырғыдай сорғы қондырғыларын жаппай пайдалануға қажеттілік азайған. Егістікке су жеткілікті болған. Бұған нақты қандай факторлардың әсер еткені әзірге толық айқын емес. Су жеткізу жүйесінің жұмысы, маусымдық жауын-шашын, қар суы, егістік көлемі мен дақылдардың суға деген сұранысы секілді жағдайлардың әрқайсысы белгілі бір деңгейде ықпал етуі ықтимал.
Мұндай деректерді жыл сайын жүйелі түрде жинау жергілікті су жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Ауданға қанша су келді, қаншасы пайдаланылды, сорғылар қанша уақыт жұмыс істеді, оған қанша электр энергиясы жұмсалды – осы көрсеткіштердің барлығы бірнеше жылдық салыстыру үшін маңызды. Су тапшылығының нақты көрінісі кейде осындай қарапайым есептен-ақ анық байқалады.
Осыдан жасанды жаңбырдың негізгі шектеуі де көрінеді. Технология судың өзін өндірмейді, атмосферада бар ылғалды жауын-шашынға айналдыру мүмкіндігін арттыруға тырысады. Ал Қазақстандағы су тапшылығының себептері әлдеқайда кең. Оған климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендерге тәуелділік, суармалы егіншілік көлемі, ескі инфрақұрылым, каналдардағы су ысырабы, мұздықтардың өзгеруі және су ресурстарын басқарудың күрделілігі жатады.
Осы себепті жасанды жауын-шашын су тапшылығына қарсы күрестің жалғыз құралы бола алмайды. Оның тиімділігі су үнемдеу технологияларымен, каналдарды жаңғыртумен, су есебін цифрландырумен, су қоймаларын тиімді басқарумен және трансшекаралық су ресурстары бойынша ынтымақтастықпен қатар қарастырылғанда ғана артады.
Ең маңызды мәселе – жерге түскен суды сақтап қалу. Жауын-шашын көбейгенімен, оның едәуір бөлігі тиімсіз инфрақұрылым салдарынан жоғалса, технологияның экономикалық қайтарымы төмендейді. Сондықтан жаңбырды көбейтуге ұмтылыспен қатар, бар суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру да қажет.
Жасанды жаңбыр жобасының нақты нәтижесін уақыт пен тәжірибе көрсетеді. Оның тиімділігін бағалау үшін қанша бұлт өңделгенін ғана емес, қанша қосымша жауын-шашын түскенін, қанша су жиналғанын және технологияға жұмсалған шығынның қайтарымын есептеу қажет. Сонда ғана бұл бастаманың Қазақстанның су қауіпсіздігіне қосатын нақты үлесін бағалауға мүмкіндік туады.
Тілші түйіні
Адамзат жаңбырды ғасырлар бойы күтті. Бүгінде ғылым табиғи құбылыстың заңдылықтарын зерттеп қана қоймай, бұлттағы ылғалды тиімді пайдаланудың жолын қарастырып отыр. Қазақстанның жасанды жауын-шашын технологиясын тәжірибеден өткізуі де осы ізденістің бір көрінісі.
Адамзат жаңбырды ғасырлар бойы күтті. Бүгінде ғылым табиғи құбылыстың заңдылықтарын зерттеп қана қоймай, бұлттағы ылғалды тиімді пайдаланудың жолын қарастырып отыр. Қазақстанның жасанды жауын-шашын технологиясын тәжірибеден өткізуі де осы ізденістің бір көрінісі.
Бірақ бұл технологияны судың әмбебап шешімі ретінде қабылдауға болмайды. Жасанды жаңбыр Сырдарияны алмастырмайды, Нарынның табиғи ағынын өзгертпейді, мұздықтардың шегінуін тоқтатпайды. Ол – су тапшылығына қарсы күрестегі қосымша құрал ғана. Қазақстан үшін басты міндет – аспандағы бұлтқа ғана үміт артпай, жердегі судың әр тамшысын тиімді пайдалану. Таудағы қар мен мұздықты бақылау, Сырдария суын ұқыпты бөлу, каналдардағы ысырапты азайту, су үнемдеу технологияларын енгізу және нақты есеп жүргізу қатар жүруі тиіс.
Жасанды жаңбырдың нәтижесі қанша тамшы су қосқанымен өлшенеді. Ал оның шынайы мәні Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кең жүйеге қаншалықты дұрыс кіріктіріле алғанынан көрінеді. Жаңбырды жаудыру – мүмкіндік. Ал жауған суды сақтау – қажеттілік.
Айнұр ИБРАШЕВА








