Халыққа пайда ма, әлде шектеу ме?
Елімізде 1 шілдеден бастап несие беру талаптары күшейтіледі. Жаңа ережеге сәйкес, енді қаржы ұйымдары қарыз алушының төлем қабілетін бұрынғыдан да қатаң тексермек. Атап айтқанда, азаматтардың ресми табысы, зейнетақы аударымдары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары басты назарға алынады.Сондай-ақ ай сайынғы несие төлемі кірістің жартысынан асатын жағдайда, банктер жаңа қарыз беруден бас тартуы мүмкін. Бұл талап борыштық жүктемені азайтуға бағытталған.
Статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі таңда елде 9 миллионнан астам адамның несиесі бар. Оның ішінде 1,5 миллионға жуығы берешегін уақытылы өтей алмай отыр. Ал екінші деңгейлі банктердің жалпы несие портфелі 40 трлн теңгеге жетсе, соның 24,8 трлн теңгесі жеке тұлғалардың үлесінде. Бұл халықтың қарыз жүктемесінің айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді.
Жаңа талаптарға сәйкес, борыштық жүктеме коэффициенті енгізіледі. Яғни азаматтың барлық несиесі бойынша ай сайынғы төлемдері табысының жартысынан аспауы тиіс. Мәселен, айлығы 300 мың теңге болатын адам үшін несие төлемдерінің жалпы көлемі 150 мың теңгеден жоғары болмауы қажет.
Бұдан бөлек, қарыздың табысқа қатысты коэффициенті де есепке алынады. Бұл көрсеткіш азаматтың жалпы берешегі мен табысының арақатынасын айқындайды. Егер қарыз көлемі жылдық табыстан асып кетсе, несие беру ықтималдығы төмендейді.
Жаңа жүйе аясында тұрақты табыстың болуы негізгі талаптардың біріне айналады. Зейнетақы аударымдары мен медициналық сақтандыру төлемдері тіркелмеген азаматтарға несие алу қиындай түспек. Бұл, әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін өзекті мәселе болмақ.
Сонымен қатар бұрынғы несиелер бойынша тәртіп бұзған азаматтарға да талап күшейеді. Уақытылы өтелмеген қарыздар, айыппұлдар, сондай-ақ ломбардтағы кепіл мүлкі де қаржылық міндеттеме ретінде қаралады.
Мамандардың пікірінше, бұл өзгерістер халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға бағытталған. Дегенмен, кей сарапшылар мұндай шектеулер бейресми несие нарығының жандануына әсер етуі мүмкін екенін алға тартады.
Қалай болғанда да, жаңа талаптар азаматтарды қаржылық жауапкершілікке үндейді. Қарыз алар алдында табыс пен шығынды мұқият саралау – уақыт талабы.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ








