Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атың барда жер таны, ….

Атың барда жер таны, ….

Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан ­Наурыз мерекесі ұзақ жылдардан бері діни мереке деп өткізілмей келген. Қазақ зиялылары «Наурыз мерекесін күн мен түннің теңелген күні, сондықтан оны жылдың басы деп есептеп, мереке ретінде атап келген. Бұның ешқандайда діни мерекеге қатысы жоқ, қисыныда келмейді» деп дәлелдегеннен кейін барып сең бұзылып, 1988 жылы 62 жыл өткеннен кейін Наурыз мерекесін атап өтуге қол жеткізілді.
Баспасөз құралдары жарыса жазып, халықтан ақжолтай сүйіншілерін сұрап жатты. Елде қуанбаған адам қалмады. Барлық жерде жұрттың жоғалғаны табылғандай, сағынып күткені келгендей әсерде болды.
Ауданда, ауылдарда Наурыз мерекесін өткізуге жан-жақты дайындалды. Орталық алаңға қаз-қатар тігілген үйлердің ішіде сыртыда ұлттық нақышпен жабдықталып, орталық алаңға ерекше рең беріп тұрды. Қазақтың ұлттық киімін киген қыз-келіншектер көктемнің ерте гүлдеген бәйшешегіндей құлпырып жүрді.
Осы сәттерді көргенде ойыма еріксіз «Ақ сарайдың сәнін алты еркек кіргізбейді, бір ақ сәукеле кіргізеді» деген қазақтың сөзі орала берді. Бұл тек Наурыз мерекесі ғана емес, қазақ әйелдерінің ұлттық киімінің салтанат құрған мерекесіндей еді. Жан-жақты ойластырылып ұйымдастырылған Наурыз мерекесі аудан жұртшылығына керемет көңіл-күй сыйлады. Кімді кездестірсең де жүзіндегі қуаныштың табы, сағанда әсер етіп тұрғандай сезілетін. Хакім Абайдың «Адамның адамгершілігін бір істі қалай аяқтағанынан емес, қалай бастағанынан білуге болады» деген сөзі бар. Сол жылдардан бері қанша уақыт өтсе де Наурыз мерекесін ­ауданда жоғарғы деңгейде өткізуге дағдыланған. Мерекеден алынған әсер енді сейіле бергенде аудандық партия комитеті бірқатар азаматтарды жинады. Қызылорда облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының басшылары келісіп, екі жақтың аудандарын бір-бірімен ынтымағы жарасқан аудан деп белгілеп, біздің ауданға Түлкібас ауданы бекітіліпті. Түлкібас ауданында өтетін Наурыз мерекесіне ауданнан біраз азаматтар баратын болды. Делегацияны аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Сайлаубай Әбішев басқарып, Ленин атындағы колхоздың төрағасы Төлес Апбасов, сол колхоздың өндіріс бригадирі Қойлыбай Әбеков, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов, Коммунизм колхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы Ниязбек Мұсабаев, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Зәуре Мәлібекова екі көлікпен ертеңіне жолға шығып, күн бата Түлкібас ауданына жеттік. Бізді аудандық партия комитетінің екінші, үшінші хатшылары, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы күтіп алды. Таныстық, келген мақсатымызды білді, пейілдерінен қонақ күтіп жүрген азаматтар екенін байқадық. Ертеңіне аудан басшылары келісімшартқа отырды. Түлкібас ауданы біздің ауданға цемент, т.б. құрылыс материалдарын, біздің аудан күріш, жем беретін болып келісілді. Осы кездері ауданда оқушылардың жазғы демалысы жаңадан салынып әлі біте қоймаған таудың арғы бетіндегі «Ақбұлақ» пионер лагерінде өтетін.
Енді екі айдан кейін басталатын оқушылардың жазғы демалысы иек астында тұр. Осы келісімізді пайдаланып Түлкібас ауданының пионер лагерін көргіміз келді. Орналасқан жері балалардың демалысына өте қолайлы, таза ауасымен көркем табиғаты жұрттың жанын сергітетіндей Түлкібас ауданының пионер лагері республикаға белгілі еді. Ол жерді бір көргеннің өзі адамға ерекше әсер қалдыратындай деп еститінбіз. Осы бір жұмақ жерді көргіміз келетінін білгеннен кейін, әлі жұмысы басталмаған лагерді көруді ұйымдастырды. Шынында мақтануға да, мақтауға да тұратындай жер екен.
Есіл дертім осы лагерге ауданның біраз баласын демалдарғым келді де тұрды. Сөйтіп сол ауданның кәсіподақ комитетімен келісімшартқа отырып, әр патокқа 25 баладан үш патокта 75 баланы тегін демалдыратын болып келістік. Шынын айтқанда олжаның үлкені осы болды. Бұл ауданның Наурыз мерекесі бір апта бұрын өтіп кеткен екен. Бірақ біздің бағымызға қарай ауа райының қолайсыздығына байланысты бір апта кеш өтетін ауылдың Наурыз мерекесіне қатыстық. Түлкібастан арағырақ Шақпақ деген жер бар. Менің түсінігімше Алатаудың соңғы сілемдерінің теріскей бетінде Қаратау бастау алады. Осы екі таудың ортасы жұртқа қаталдау ауа райын ұсынады екен. Ол жердің көктемі де әдеттегіден оншақты күн кеш шығатын көрінеді. Осы жағдайларға байланысты біз барғалы ауыл Наурыз мерекесін сол күні өткізіп жатыр екен. Ауылдың қырманына жағалай тігілген алты-жеті қараша үй. Табиғаттың қолайсыздығына қарамастан адамдардың қарасы қалың, жұрттың көңілі жадыраңқы. Осы мерекеге Қызылорда облысынан арнайы келгенімізді естіген ауыл тұрғындары қатты қуанды. Қазақтың қай жеріне барсаңда қонақжай пейіл танытатыны белгілі. Ауылдың үлкендері ағынан жарылып Сырдың суын тел емген екі облыстың диқандарының дастарханы ортақ, ауыл аралас ағайынбыз деген тілектерін айтып жатты.
Бізде өз кезегінде аудан жөнінде аз-кем мағлұмат беріп, ауданнан 41 Социалистік Еңбек Ері шыққанын айтқанымызда таңқалмаған адам қалмады. Сол күні аздап қар жауып тұрды. Бұндайды қазақ «Наурыздың ақ қары» деп жатады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан шабандоздар тойдың көркін қыздырып көкпар шауып жатты. Кешке арнайы қонақ кәдесін жасады. Ертеңіне көтеріңкі көңіл күймен қоштаса-қоштаса ауылға жол тарттық. Қазақта «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген сөз бар. Біз Түлкібас ауданында 1-2 күн болсақ та тамаша табиғатын, халқының қонақ жай пейілін көріп қайттық. 1989 жылдың мамыр айының басында Түлкібас ауданы кәсіподақ комитетімен хабарласып, пионер лагеріне берілетін жолдаманы 10 мамыр күні алатын болып келістім. Ауданда балалардың жазғы демалысын қаржыландыратын аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы болатын. Бұл жұмыс басқарманың экономика жөніндегі орынбасары Тұраш Ысқақовқа жүктелген. Ол кісі Түлкібас ауданында оқушылардың жазғы демалысын қаржыландырудың жайы туралы білгісі келіп, бізбен баратын болды. 9 мамыр күні таңертең ерте Ниязбек Мұсабаевтың көлігімен жолға шықтық. Әдепкі мақсатымыз 9 мамыр күні Шымкент қаласының ипподромында «Лениншіл жас» газетінің құрылған күніне байланысты ұйымдастыратын мәдени көпшілік шараларға, әрі соңынан өтетін ат бәйгесіне қатысу еді. Сол жылдары аудан басшылары Шиеліде өтетін бәйгелерді ұйымдастыруды маған тапсырған болатын. Сондықтан Шымкенттің ипподромында өтетін бәйгенің қалай ұйымдастыратынын көріп, ұнаған жерін алып, әрі аламан бәйгеге қатысатын ауданымыздың белгілі атбегісі Нұрлан Махмудовтың атына жанкүйер болайық деп шештік.
Ипподромдағы іс шара жұрт күтпегендей ерекше басталды. Күйменің үстінде тұрып ипподромды бір айналып шыққанша ән салған Роза Бағланова барша жұртқа керемет көңіл-күй сыйлады. Көптен бері ол кісінің жақын жерде тұрып ән салғанын көрмеген жұрт тік тұрып қол соғып, қошеметтеп тұрды. Үш сағатқа созылған шараның арты бәйгеге ұласты. Аламан бәйгеге қатысқан Шиелінің сәйгүлігі жарыс басталғаннан көш басында болды. Әр айналым біткен сайын бәйгенің көшін Шиелінің аты ­бастап келеді деген комментатордың ­дауысы бүкіл ипподромға естіліп жатты. Бәйгеге Шымкент қаласында тұратын жерлестеріміз де келген екен. Ол кісілердің қуанышы жүдә ерекше болды. Шымкенттің аспанында Шиелі-Шиелі деген дауыстар бәйге біткенше қалқып тұрды. Кейіннен ондаған жылдар бойы республиканың түкпір-түкпірінде болған әртүрлі бәйгеде Шиелінің аттары атой салып, қанжығаларына бас бәйгені байлап келгенінің басы, сол Шымкенттегі бәйгеден басталды ма деп те ойлаймын. Ертеңіне Түлкібас ауданына барып пионер лагерінің жаңа маусымға дайындығын көріп, тиесілі жолдамамызды алып, ауылға жол тарттық.
Оқушылардың жазғы демалысы басталысымен балаларымызды Түлкібас ауданына жіберіп отырдық. Демалып келген оқушылар оңтүстіктің көркем табиғатына таңғалып келді. Сол кезден бері шіркін біздің ауданда жұрт таңқаларлықтай пионер лагері болса деген ой мазалап келеді.

Сұлтанбек Оразымбетов,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
17 наурыз 2026 ж. 36 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (9387)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (9386)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (9385)

07 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031