КӨҢІЛ СҰРАУ – НАУҚАС АДАМҒА ӨМІР СҰРАУ
Өмір болған соң басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде кемде-кем шығар. Өмір – өзен деп ақындар жырлағандай, сол өзенге біреу ерте, біреу кеш ағып кетіп жатады.Ащы мен тәтті, жамандық пен жақсылық қатар жүретіні де белгілі. Сондай-ақ адам ғұмырының ұзақ болуы – денсаулыққа, қысқа болуы – аурушаңдыққа байланысты болып келеді. Ешкімге ауру тілемейміз. Дегенде жас ұлғайғандық па, кәрілік пе, өмір заңдылығы ма, ауруханаға бара қалсаңыз осындай адамдарды кезіктіресіз. «Қай жерің ауырады?» деп сұрауға ұяласың. Бірақ көңілін сұрағың келіп тұрады. Бір мысал, ертеректе Ақмая ауылының елі қадірлеп құрметтеген, туған жеріне адал қызмет етіп, сол елдің ойын-тойын, өлім-жітімімен қазасына иелік жасап жүрген С. деген ағамыз ауыр науқастанып жатты. Жұбайым Рая екеуміз көңіл сұрап үйіне бардық. Сондағы ана кісінің айтқаны «Айналайын, Өркен, түу Шиеліден келіп, менің жағдайымды білген сендерге көп рақмет. Бұл жаман аурудан құтылған адамды естігенім жоқ. О дүниеге даяр отырмын. Кеше шашымды бәкімен тықырлап алдырттым, міне» деп тақиясын басынан алып көрсетті. «Мен аурудан жатып қалғанша менде жора-жолдас та, дос та, сыйлас қатарластарым да аз болған емес. Солардың көбісі көрінбей кетті. Осындайда ойланады екенсің. Мен оларға не істеп қойдым деп. Соған қарным ашып отыр» деп ағамыз дәсорамалымен көз жасын сүртіп, «Көңіл сұрау – науқас адамға өмір сұрау екен, солар келіп көңіл сұраса, құдай да жар болар ма еді» деген күйі үнсіз қалды. Үш күннен кейін ағамыздың жаназасына бардық. Қазір ойлап қарасам, ол кісі ұлағатты сөз айтып кеткендей. Ауруханаға адамдар не үшін шұбап барып жатыр? Тамақ алып бару үшін бе? Жоқ. Науқастың көңілін сұрау үшін. Оған ұзақ өмір сұрау үшін барады екен. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде ауырған адамның көңілін сұрау ерекше дағды саналған. Науқастанып қалған ағайын-туыс, құдажекжаттарға алыс-жақындығына қарамастан арнайы барып, қона жатып, көңіл сұраған. Армысың деген әлге қуат. Ауырып тұрдың, аунап тұрдың. Енді ауырма, шапқылап кет деп тілектес болғанның өзі, ауру адамға талпыныс, құлшыныс, ұмтылыс, серпіліс беретіні айқын. «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деп бойдағы сырқат та сыр беріп қалары сөзсіз. Ардагерлер, ауырмайық. Құдай сіздерге мықты денсаулық берсін! Науқастанып қалған ағайындардың, достардың көңілін сұрап отыруды ұмытпайық. Өзгеге сабақ болсын дегендей, өзім көріп, естіген оқиғаны айтып өттім. Өмір болған соң, бәрі де болатын көрінеді. Қазақ адамның күні адаммен деп бекер айтпаса керек. Сондай-ақ бір-бірімізді іздеп жүрейік. Осындай ауадай қажет мақалаларды аудан айнасы «Өскен өңір» басылымы арқылы оқып отырамыз. Бүгінде 2026 жылдың жарты жылдығына газетке жазылу науқаны жүріп жатыр. Оған жапырлап жазылудамыз. Кейбір ардагерлер сылтау да айтып қалады. Пошта қызметкерлері газетті уақытылы оқырмандарына жеткізбейді. Бір аптаның газетін екінші аптаның соңында бір-ақ алып келеді немесе сол күйі келмей жоқ болады дейді. Сондықтан пошташылар ренжімей, қызметтерін жауапкершілікпен атқарса дейміз. Шындығында, газетке жазылу осы тасымалға байланысты. Оны оқырмандардың жиі айтатын шағымдарынан аңғаруға болады.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы







