Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МИ ҚАЙНАТАР МАУСЫМНЫҢ САБАҒЫ ҚАНДАЙ?

МИ ҚАЙНАТАР МАУСЫМНЫҢ САБАҒЫ ҚАНДАЙ?

Сыр өңірінің табиғатын сөз етсек, көне тарих, сұлу Сырдария, ақ күріш пен дарқан даласы көз алдыңа келеді. Алайда соңғы жылдары бұл өңір жайлы айтылар сөздер арасында «аптап», «құрғақшылық», «жылу», «төтенше жағдай» секілді ұғымдар жиілеп барады.
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды». Бұл жолдар Сыр елінің бүгінгі күйін дөп басқандай. Әдетте шілденің шіліңгірінде байқалатын аптап ыстық биыл шекараны бұзып, маусымның ортасында-ақ жұртты әбігерге салды. Әсіресе Шиелі өңірінің тұрғындары көлеңке іздеп, салқын ауа аңсап, ми қайнатар маусыммен бетпе-бет келді.
Биылғы жаздың ерте келген ыстығы жай жайсыздық емес, денсаулық пен тіршілікке тікелей қауіп төндірген сынақ болды. 16-18 маусым күндері аудандық жедел жәрдем қызметіне түскен шақыртулардың дені – күн өту, қан қысымының жоғарылауы, демікпе сынды шағымдарға байланысты болған.

ЫСТЫҚТЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
Климатологтар мен метеорологтар бұл құбылысты жаһандық жылынудың әсерімен түсіндіреді. Соңғы онжылдықта Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде орташа температура көрсеткіші 1,5-2°C-қа көтерілген. Бұл дегеніміз — бұрын тек шілденің ортасында сезілетін аптап енді маусымның басында-ақ белең алуы мүмкін деген сөз.
Мәселен, маусымның 17-сі күні Шиелі ауданында күннің ең жоғарғы температурасы 45°C-қа асып түскен. Бұл тек даладағы ауа емес, асфальтта тіпті 60°C-қа жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда дененің температура реттеу жүйесі бұзылып, адам ағзасы күйзеліске ұшырайды.

КӨНЕНІҢ КЕМЕҢГЕРЛІГІ
Ауа райының күрт ысуының салдары тек медициналық сипатта емес, әлеуметтік және экономикалық тұрғыда да күрделі. Салқындатқыш үздіксіз жұмыс істеп, электр қуатына түсетін жүктеме бірнеше есеге артты.
Осы тұста еріксіз ойға ата-бабалардың ыстықпен қалай күрескені оралады. Кондицио­нер дегенді естіп-білмеген олар неге үстіне қалың шапан киіп, басына тымақ тартты екен?
Бұл киімдер сырт көзге қарапайым болса да, физикалық тұрғыдан өте ақылмен тігілген. Шапан – күн сәулесін тікелей теріге жібермей, арадағы ауа қабатын сақтай отырып, дененің қызып кетуінен қорғайды. Ал тымақ – бастың қызып, күн өту қаупінен сақтаушы. Табиғи жүн мен киіз – денеге тыныс алуға мүмкіндік береді, әрі терді сыртқа шығарып, ішкі температураны тұрақтандырады.
Ғасырлар бойы қалыптасқан бұл киім үлгісі ата-бабалардың табиғатпен үйлесімді өмір сүруінің бір мысалы. Біз қазір жаңа технологияларға арқа сүйесек те, осындай қарапайым, бірақ тиімді амалдардан бас тартпауымыз керек.

ДЕНСАУЛЫҚҚА ТӨНГЕН НАҚТЫ ҚАУІП
Мамандар күн өткенде пайда болатын негізгі белгілерді бас ауруы, жүрек айну, әлсіздік, қан қысымының көтерілуі деп сипаттайды. Алайда мәселе тек қарттар мен балаларда ғана емес, еңбекке жарамды жастарда да байқалуда. Құрылысшылар, егіс алқабында жұмыс істейтін диқандар, базарда еңбек ететіндер – бәрі бірдей жоғары тәуекел аймағында.
Аудандық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, соңғы аптада түскен шақыртулардың 40%-ы ыстықпен тікелей байланысты. Бұл көрсеткіш қалыпты жағдайдан 2,5 есеге жоғары.

ҚАПЫ ҚАЛМАУ – АМАН ҚАЛУДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ
Климаттың мұндай құбылмалылығы енді кездейсоқ құбылыс емес, жүйелі өзгеріс екені анық. Сондықтан өңір әкімдігі мен тұрғындар енді алда келетін аптап ыстыққа дайын болуға тиіс. Мәселен, қоғамдық орындарды мейлінше көлеңкелеу және су бұрқақтарын көбейту, жұмыс орындарында салқындату жүйелерін жаңғырту және климатқа бейімделген ауыл шаруашылығы стратегиясын енгізу керек.
Климаттың өзгеруіне қарсы күрес тек халықаралық деңгейде емес, жергілікті деңгейде де шешім табуы тиіс. Әрбір азамат өз денсаулығына мұқият қарап, ыстық күндері көшеге шығуды шектеуі, суды көп тұтынуы, бас киімсіз жүрмеуі – өз денсаулығын сақтау ғана емес, қоғамға да үлес қосу.
Сонымен қатар жұмыс берушілердің де жауапкершілігі артуы тиіс. Ауа райы төтенше сипат алғанда, жұмыс кестесін өзгерту, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету – заңмен де, адамгершілікпен де қажет шешім.
«Жаздың көркі – жайнаған күн» десек те, бүгінгі күндердің шапағаты емес, шарпуы қатты. Ауа райы тек табиғат құбылысы ғана емес, ол – ел қауіпсіздігі мен халық саулығының айнымас бөлігі. Шиелі халқы биылғы маусымда бұл шындықты терең ұғынды. Ендігі міндет – осы сабақтан нәтиже шығарып, болашақта аптап ыстыққа тек төзу емес, оған лайықты қарсы тұруды үйрену.

С.МАДИЯРОВА
23 маусым 2025 ж. 32 0