Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан делегациясы Түрікменстандағы форумға қатысты

Қазақстан делегациясы Түрікменстандағы форумға қатысты

Қазақстан делегациясы Түрікменстандағы форумға қатысты28 сәуірде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев бастаған Қазақстан делегациясы Түрікменстанның Аркадаг қаласында өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының өңірдегі Орнықты даму жөніндегі бірінші форумына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Ғалымжан Қойшыбаев Форум сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетті нығайту және тереңдету, сондай-ақ өңіраралық байланыстарды кеңейту жөніндегі Ұйымға қатысушы елдердің өзара іс-қимылының маңызды құралына айналғанын атап өтті.
«Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – Қазақстан үшін ұлттық басымдық. Астана ЭЫҰ-ға ағымдағы төрағалық ету кезеңінде сауда кедергілерін жою, логистикалық өзара байланысты дамыту, стандарттарды біріздендіру және өңірдегі экономикалық интеграцияға ықпал ететін цифрлық платформалар әзірлеу мәселелерін ілгерілетуге бағытталған», деп атап өтті ол. 
Сапар барысында Түрікменстан басшылығымен екіжақты бірқатар кездесу өтті. Қазақстан делегациясының басшысын Президент С.Г. Бердімұхамедов қабылдады. Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – сыртқы істер министрі Рашид Мередов, Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Нокергулы Атагулыев және басқа да өкілдермен екіжақты келіссөздер жүргізілді.
Түрікменстан басшысымен әңгіме барысында Ғалымжан Қойшыбаев алдағы жоғары деңгейлі кездесулерге дайындық бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы хабардар етті. Ол мемлекеттер көшбасшылары арасындағы белсенді саяси диалогтің арқасында соңғы уақытта қазақ-түрікмен қарым-қатынасы көпжоспарлы өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
Қазақстанның өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы болашағы зор жобаларды іске асыру үшін «жасыл дәліз» ашуға ықпал етуге ұмтылысына назар аударылды. Газ саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру екіжақты экономикалық әріптестікті одан әрі дамытуда берік негіз бола алатыны атап өтілді.
Сонымен қатар форум аясында Иран Ислам Республикасының вице-президенті Хамид Поур Мохаммадимен келіссөздер жүргізілді. Тараптар барлық деңгейдегі екіжақты кездесулердің жоғары серпінін, көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдың қарқындылығын, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуетін атап өтті.
29 сәуір 2025 ж. 48 0