Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КАРТОП НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

КАРТОП НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

Әлемді жайлаған инфляция барған сайын бас бермей, үдеп барады. Ресми дерек осылай дейді. Ел билігі мен Ұлттық Банк оны барынша ауыздықтап, тізгінді қолдан шығармауға тырысуда. Бір нәрсе белгілі, қазіргі нарық заманында әлемде ешбір мемлекет кең ауқымды сыртқы факторлардың ықпалына, әсеріне тосқауыл бола алмайды. Соңғы күндері ел ішінде картоп құнының көтерілгенін айтып даурыққандар көп. Шынымен де, бір демде екі есеге дейін қымбаттауы жұртты бей-жай қалдырмаса керек. Себебі картоп – халықтың ең көп тұтынатын азығының бірі. Оның «екінші нан» аталуы да содан болса керек. Бұған дейін орташа құны 170 теңгеден саудаланып келген картоп қазір 350-400 теңге. Ал ең қымбаты – Астанада, бағасы – 455 теңгеге дейін жеткен. Бағаның көтерілуіне Өзбекстаннан сұраныстың артуы және экспорттық бағалардың өсуі себеп болып отыр. Өйткені биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өскен. Соған орай Қазақстанда картоп бағасының өсуіне байланысты Үкімет экспортты алты айға шектеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда қолда бар резервтер биылғы жылдың егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттіліктерді толығымен жабуға жеткілікті. 19 қаңтардағы жағдай бойынша қор көлемі сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағанда 850 мың тоннадан асты (картоп өсірушілер бірлестігінде 600 мың тонна, тұрақтандыру қорларында 68 мың тонна, жеке шаруашылықтардағы жертөлелер мен шағын шаруа қожалықтарында 200 мың тоннадан астам картоп бар). Министрліктің ресми мәліметі осылай дейді. Ал аудандағы нақты жағдайды білмекке ауыл шаруашылығы бөліміне хабарластық. Бөлім басшысы Мұрат Әшірбеков: – Нарықта картоптың қымбаттағаны рас. Дәл қазір бағаны тұрақтандыру мақсатында кенттегі Арсен, Аян дүкендеріне мол көлемде картоп келіп жатыр. Бағасы – 270 теңгеден. Ауданда картоп тапшылығы болмайды. Облыстық тұрақтандыру қорында өнім жеткілікті. Бағаның көтерілуі де уақытша. Алдағы уақытта баға тұрақталады, – деді. Жұрттың күнделікті ас мәзірінен табылатын картоптың құны үнемі бақылауда болуы шарт. Әйтпесе ауылдағылардың өнімі піскенше әлі талай уақыт бар. Оның үстіне қазір талай тауардың бағасы өсті. Мәселен, ақпаннан бастап елімізде сұйытылған газ бағасы қымбаттайды. Осыған орай Энергетика министрлігі «Ашық» порталына бұйрық жобасын жариялады. Құжатқа сәйкес 1 ақпаннан бастап Қазақстанда сұйытылған мұнай газ бағасына шамалы түзету енгізу жоспарлануда. Мысалы, сұйытылған газ өндірісінің қазіргі құны тоннасына 65-тен 75 мың теңгеге дейін белгіленген. Ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 45 мың теңге шамасында сатылады. Бұйрық жобасына сәйкес енді сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін көтеріледі. Яғни бір тонна құны 6774 теңгеге қымбаттайды. Ал шекті бөлшек сауда бағасы өңірлерге байланысты 6 теңгеден 21 теңгеге дейін көтеріледі. Қазір автогазды 70-75 теңгеден тұтынып жүрсек, ақпан айынан бастап 90-95 теңге болмақ.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ
21 қаңтар 2025 ж. 58 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (9272)

21 қаңтар 2025 ж.

№4 (9271)

18 қаңтар 2025 ж.

№3 (9270)

14 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031