Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕНЕТТЕН КЕЛМЕГЕН КЕНЕ КЕНТКЕ КІРДІ

КЕНЕТТЕН КЕЛМЕГЕН КЕНЕ КЕНТКЕ КІРДІ

Көк аспаннан жарқырап шуақ шашқан күн көзін қос қолыңмен жапсаң да, жасыра алмайтының белгілі. Шындық та сол секілді, бетін бүркеуге келмейді. Соңғы жылдары аудан тұрғындары мен шаруалардың су тапшылығынан бөлек тағы бір мәселе үшін уайымдары еселей түскендей. Себебі дархан даладан кене деген пәле шығып, көктемнен күзге дейін ел-жұртты әбігерге салуда.
Бұл бәлекет көзге елеусіз кішкентай ғана болғанымен адамзатқа зардабы зор жәндік. Қыстыгүні қырауда қайдағы кене деуіңіз мүмкін. Қазір жыл басы, сәйкесінше барлық сала мемлекеттік сатып алуларға, жыл соңына дейін атқаратын шаруаның жоспарына, есеп-қисап жасауға кірісіп, бұрын бекітілген дүниелерді нақтылайтын шақ. Сол себепті күн ысыса көптің көңілін күпті ететін кенемен күрестің бағдарын қазірден айқындап алса дейміз. Әйтпесе өткен жылғыдай кенемен өз бетінше күресе алмай адамнан да, малдан да қайтадан маза кетпесіне кім кепіл? Иә, кене кенеттен келген жоқ. Тек кейінгі уақытта қисапсыз көбейгені көптің көңілін күпті қылып тұр. Халық болса, ырыс-несібесі болған, тіршілігінің тірегіне айналған төрт түлік малы үшін де, өзі үшін де алаңдаулы. Алаңдамай қайтсін, қаптаған кене кетпесе, тұрмысына қиындық туғызары анық. Сол себепті кенемен күресу және алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу керек. Әйтпесе, оның адамға да, мал шаруашылығына да зардабы шаш етектен. ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Нұрмахан Елтай, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, кент тұрғыны: – Менің білуімше кенелер аудан аумағында жылдан-жылға көбеюде. Мұның себебі залалсыздандыру жұмыстарының уақытылы жасалмауынан деп ойлаймын. Зерттеуімше, жергілікті әкімдіктер кененің ошақтарын нақтылап, жауапты орындарға жолдайды. Сол арқылы улау жұмыстары жасалады. Соңғы уақытта сол кененің ошақтары дұрыс анықталмай жүрген сыңайлы. Одан соң залалсыздандыру жұмыстары тендер арқылы жүзеге асады. Білгенім, өткен жылы ақтөбелік мамандар жеңіп алып, біздің ауданға кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жасапты. Ал біздің ауданның көлемінде оған жауапты ешкім жоқ. Бұлай жалғаса берсе, соңы жақсы болмасы анық. Мейлі қанша жауапкершілігіне алса да, сырттағы адам біздің аумақты кенеден тазартып бере алмайды. Сондықтан бұл жұмысты жергілікті мамандар іске асыруы керек. Күн жылыса жайылымдық жерлерде, әсіресе 9 этаж аталып кеткен аумақтың арғы жағын кене қаптап кетеді. Кененің мыңнан бірі адамға кесел жұқтыратынын ескерсек, онымен күреске немқұрайлы қарамауымыз керек. Аудан әкімдігі, кент әкімдігі мен тиісті бөлімдер бірігіп жұмыс жасаса деймін.
Мұхтархан Ахметов, аудан тұрғыны:
– Азды-көпті малымыз бар. Жазда таудың етегінде жайылымда боламыз. Күзде егін аяқталған соң күріштікке түсеміз. Бұл жылдағы үрдіс. Соңғы 2 жылда байқағаным, кененің таралу аймағы артып келеді. Күріштіктің арасына кіріп-шығу мұң. Қанша қорғандым дегеніңмен бәрі бір киіміңе 5-6 кене жабысып шығады. Бұлай жалғаса берсе, алдағы 4-5 жылдан кейінгі жағдайды елестету қиын. Жалпы кенеге қарсы улау жұмыстары қарқынды жүрсе деймін.
Индира Саруарова, аудан тұрғыны:
– Өткен жылы жазда кене ерекше көп болды. Қорада мал ұстамаймыз. Соның өзінде есік алдынан кенені жиі кездестіріп жүрдім. Тіпті үйдің ішінен де тауып алған кезім болды. Балаларым кішкентай, далаға ойнауға шығаруға қорқатынмын. Құдай сақтасын, улы түрі шағып алмасына кім кепіл? Қыста балалар күн суық деп онсыз да шықпайды, жаздыгүні емін-еркін ойнаса дейсің. Биыл ол жағдай қайталанбайды деп үміттенемін. Ақтолқын Сыздық, аудан тұрғыны: – Жазда кене желке тұсыма жабысып қалыпты. Егінге, мал қораға бармағанмын, қай жерде жабысқанын білмеймін. Өзім алып тастадым. Дәрігерге қаралғанымда «қызуың көтерілмесе ештеңе қылмайды» деді. Аллаға шүкір, ешқандай белгілер болмады. Бірақ әлі күнге дейін сол кене шаққан орын қышиды.
КЕНЕ НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?
Бұл сауалды аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекееваға қойдық. Оның айтуынша, бұл майда паразиттер көктемнің алғашқы сәулесімен тіріліп, белсенділігі арта бастайды. Нақтырақ айтсақ, олардың ең белсенді уақыты – сәуір мен маусым айлары. Тамыздың соңында кенелердің екінші өмірі басталады, яғни ересек дернәсілдер әрі қарай даму үшін қан соруға кіріседі. Жалпы кененің шағуы аса қауіпті емес, алайда, кенелер көптеген аурудың таратушысы болып саналады. Олардың ішінде ең қауіптісі – энцефалит пен бореллиоз. Бұл аурулар жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін, тіпті адамды мүгедек етіп, соңы өлімге әкелуі де ғажап емес. Бұл аурулардан өзге кенелер бабезиоз, геморрагиялық безгек риккетсиоз, туляремия, эрлихиоз және тағы басқа ауруларды таратады. Ал кене шағу симптомдарын қайдан білуге болады? Вирус адам ағзасына жұққаннан кейін 1-14 күн ішінде аурудың алғашқы белгілері білініп, басы солқылдап, дене ыстығы көтеріледі және бүкіл денесі сырқырап қатты ауырады. Беттің, арқаның, кеуденің, көздің қызаруы да аурудың белгісі. Соның салдарынан бойын әлсіздік билейді. Аурудың асқынған түрі тіпті қиын. Мұны ойласаң, денең еріксіз тітіркенеді. Жалпы сала маманының сөзінен бұл кесірлі жәндіктің қаншалықты қауіпті екенін аңғару қиын емес шығар.

Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бекжан Бекходжаевпен де тілдескен едік:
– Негізінен әр шаруашылық иесі қора жайларын кенеге қарсы залалсыздандыруды өздерінің есебінен жүргізуі керек. Десе де, бүгінгі таңда облыстық бюджет есебінен көктем мен күз айларында кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары жасалады. Бұл іске біз жұмысшы топтың мүшесі ретінде қатысамыз. Өткен жылы 20 елді мекенге залалсыздандыру жұмыстары жасалды, – дейді. Білгеніміз, әр ауылдың әкімдігі өз аумақтарындағы кененің ошағын анықтап, тиісті органдарға залалсыздандыру жөнінде сұраныс жібереді. Сол сұранысқа қарай улау жұмыстары жасалады. Тұрғындар «көбіне ауыл әкімдері кененің ошағын дұрыс анықтамайды, содан кененің таралу аймағы артып барады» деп шағымдануда. Бәлкім, күн ысып, кене жер бетіне қайта шыққан тұста арнайы мамандар жергілікті әкімдермен бірігіп экспедиция ұйымдастырып, кененің ошақтарына бірлесе отырып зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет шығар. Сонда жұмыс жүйелене ме деген ой біздікі. ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУ КЕРЕК?
Кенеден қорғанудың түрлі жолы бар. Соның бәрін тізбей, маңыздысына тоқталайық. Әуелі, дене мен киімді қорғайтын әртүрлі заттарды пайдалануға, ұсақ паразиттер көрініп тұратын ашық түсті киім киюге, шөптің үстінде көп жүрмеуге, егер ауа температурасы қолайлы болса, содан соң табиғат аясында демалғанда немесе мал қорадан келгенде құлақтың арты, бас, шаш, саусақ арасын тексеріп барып, үйге кірген ләзім. Тағы бір ескере кететін жайт, бұл жәндіктен тарайтын ауру адамға сіз бен біз байқай бермейтін жолмен де жұғады екен. Ол былай. Мысалы, кенені жалаң қолмен жұлғанда немесе қой қырқымы кезінде кенені езіп тастап, оның қаны денеңіздің зақымдалған бөлігіне тисе, дереу дәрігер көмегіне жүгінген жөн.
МАЛДЫ ТОҒЫТЫП ЖҮРСІЗ БЕ?
Қазақтың тектілігіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Өйткені ата-бабамыздың кенеден қорғанған әдістерін білсеңіз, таңғалар едіңіз. Мәселен, қазақтың көшпелі тұрмысындағы тәжірибелі іс – малдың қоныстанатын қорасын қыстаудан жайлауға көшкенде немесе жайлау дан қыстауға көшкенде көңін аударып кету. Бұл не үшін деген сұрақ туындауы мүмкін. Негізі кене күн суықта жерге бір жарым метр тереңдікке дейін тұмсығымен еніп кете алады. Өйткені кене екі жағыменде дем алу қабілетіне ие. Ал жерді аударған кезде жерге тереңінен еніп кеткен кене топырақпен бірге қопарылып шығады да тірі қалмайды. Ал көшпелі халық келер жылы осы қонысқа қайта келгенде кене секілді жәндіктерден зардап шекпейді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен төрт түлік мал ауырмағанымен, оларға жабысқан кене – дертті тасымалдаушы. Сол себепті қазақ малды тоғыту әдісімен кенеден тазалаған. Ата-бабамыз бұл әдісті ағын суда жасаған. Малды суға айдап, әрі-бері өткізеді. Сонда суға тұншыққан кенелер теріден тұмсығын ажыратады. Осылайша ағыспен ағып кетеді де, мал терісі тазарады. Сосын барып жүнін қырыққан екен. Сондай-ақ қазақ о бастан кененің, өзге де жәндіктердің шағуынан сақтануды білген. Қарапайым ғана мысал, кенені тек өртеу, отқа тастау арқылы көзін жояды. Оның басқаша өлуі мүмкін емес. Ал енді қазақ тұрмысында түзден оралғанда үйге енбестен бұрын сыртқы киімдерін түгел отқа қатаған. Яғни отқа сілкігенде киімге жабысқан кенелер сырт-сырт етіп отқа түсетін көрінеді. Шалғайдан шырмауық келіп, «жалаңаш» қалдырмасын Кене ғана емес, шырмауық та бүгінгінің басты мәселесіне айналып тұр. Әсіресе Ақтам мен дарияның ортасын арам шырмауық қаптап кеткен. Арам шырмауық – карантиндік зиянкестер тізіміне кіретін өсімдік. Шын мәнінде, осы арам сояу деп те аталатын шөптің тамыры да, жапырақтары да жоқ. Ол оған керек емес, өйткені, бұл зиянкес басқа өсімдіктердің шырынымен қоректенеді. Шырмауық шырмаған кез келген өсімдік өледі. Қауіп те осыда. Өзіміз жазық далаға тал егіп, жайқалтудың қамына енді ғана кіріскенде шалғайдан шырмауық келіп, «жалаңаш» қалдырмасына кім кепіл? Дәл қазір айтарлықтай кесір көріп тұрған жоқпыз. Бірақ «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздесек» құба-құп. Елімізде ҚР «Карантиндік өсімдіктер туралы» заң бар. Сол бойынша тиісті салалар фитозиянкестің алдын алады деп сенеміз.
Түйін. Кене де, шырмауық та кенеттен келген жоқ. Тек соңғы уақытта күрт көбейгені көптің көңілін күпті қылып отыр. Аудан халқы ырыснесібесі болған төрт түлік малы үшін шыбын жанын шүберекке түюге мәжбүр. Ал «малдың жауы – кене» азаймаса қарапайым халыққа қиын болары хақ. Сондықтан кенемен күресудің алдын алу жұмыстарын ертеңге қалдырмай бүгін бастауымыз керек. Әйтпесе оның мал шаруашылығына кесірі шаш етектен. Кеселі көп кене азаймаса, мал-жанның соры. Оған дәлел де жеткілікті. Сол себепті облыс басшылығы, аудан әкімдігі, тәжірибелі мамандар, шаруа қожалықтары бірігіп, кеңесіп, нақты шешім қабылдағаны ләзім.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
15 қаңтар 2025 ж. 35 0

Қоғам

БІЗДІҢ НӘЙЛА
05 ақпан 2025 ж. 45

БАЛА НЕГЕ ҰМЫТШАҚ?

05 ақпан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (9276)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (9275)

03 ақпан 2025 ж.

№7 (9274)

28 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728