«Әлеуметтік әмиян» әлеуетке пайдалы ма?
Төтенше жағдай тұсындағы екінші деңгейлі банктер алдындағы кезек есіңізде ме? Сол шақта халық есепшот ашып, шоттың 20 нөмірін жаттай алмай дал болғаны бар. Бүгінде аталған қиындықты жеңілдету мақсатында әлеуметтік әмиян іске қосылды. Мұндай әмиян Ұлттық банк арқылы жүзеге асады. Яғни Ұлттық банк жүйесінде әр адамға ЖСН нөмірі арқылы автоматты түрде әлеуметтік әмиян ашылады. Банк жағаламай, үйде отырып әлеуметтік төлемді қажетіңізге жұмсайсыз. Әмияндағы ақшаның қауіпсіздігін Ұлттық банк өз мойнына алады. Сіз бен біз иелік ететін цифрлы әмиянға негізінен 44 әлеуметтік төлем аударылады. Болашақта зейнетақыны да осы әмиянға аудару тетігін іске қосуы мүмкін. Ал әзірге мектептердегі ыстық тамақ пен медициналық ұйымдардағы тегін дәрі-дәрмек босату жүйесі пилоттық жоба ретінде іске асуда.
Кеше осы мәселе жөнінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру, мектепке дейінгі ұйымдардағы дербестендірілген ваучерлік қаржыландыру, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау, медициналық көмектегі төлемнің бірыңғай жүйесі, бюджетті жоспарлау мен қаржыландырудың кешенді автоматтандырылған жүйесіне қатысты мәселелер қаралды. Жиынға жауапты министрліктер қатысып, өңір әкімдіктері онлайн байланыс арқылы қосылды.
Кеше осы мәселе жөнінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру, мектепке дейінгі ұйымдардағы дербестендірілген ваучерлік қаржыландыру, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау, медициналық көмектегі төлемнің бірыңғай жүйесі, бюджетті жоспарлау мен қаржыландырудың кешенді автоматтандырылған жүйесіне қатысты мәселелер қаралды. Жиынға жауапты министрліктер қатысып, өңір әкімдіктері онлайн байланыс арқылы қосылды.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен талқыланған мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.
– Мемлекет басшысы бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасы балаларына мемлекет есебінен тегін ыстық тамақ беруді, мектеп асханаларындағы тамақ сапасын қадағалауды міндеттеді. Осы ретте санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қатаң бақылау, оқушыларды сапасы күмәнді, арзан азық-түлікпен тамақтандырмау, тағамдардың бала ағзасын барлық қажетті дәруменмен қамтамасыз етуін назарда ұстау керек. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан мектепте берілетін ыстық тамақтың сапасын тұрақты бақылауды тапсырамын.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы бойынша тиісті шараларды қабылдап, мектептердің қосылуын қамтамасыз етіңіздер. Ата-аналар мен кәсіпкерлер арасында кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер.
Меншік нысанына қарамастан, медициналық ұйымдарда әлеуметтік- медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылатын дәрілік заттар таңбалануы тиіс. Дәрілік заттардың дұрыс және уақытылы таңбалануын қадағалаңыздар. Емдеу ұйымдарында дәрі-дәрмекке берілетін сұранысты уақытылы қаржыландырыңыздар, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, өңірде «Әлеуметтік әмиян» жобасын енгізуге арналған арнайы жол картасы бекітілді. Биыл облыстағы оқушы мен қызметкер саны 700-ден асатын және аудан, қала орталықтарында орналасқан 87 мектепке аппараттық-бағдарламалық кешен орнатуға 119,2 млн теңге бөлініп, «Транстелеком» мекемесі жүзеге асыруда. Облыстың 298 мектебінде балаларға ыстық тамақ ұйымдастырылған. Тегін тамақпен қамтылған бала саны – 89 572, ол жалпы бала санының жартысынан астамын құрайды.
Тегін дәрі-дәрмекті босататын мемлекеттік және жеке емханалар таңбалау штрих-код сканері, деректерді жинақтау терминалы және планшет құралдарымен қамтылған. Қазіргі таңда, 27 медициналық ұйымда «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында жалпы саны 25 530 рецепт босатылған.
Сонымен жоғарыда айтқанымыздай, «Әлеуметтік әмиян» – банк шотына балама. Әлеуметтік төлемдер бірден әлеуметтік әмиянға аударылатындықтан, түскен ақшаға бақылау жүргізе аласыз. Әмиян «eGov» мобильді қосымшасына біріктірілді. Онда барлық әлеуметтік төлемді алуға, қаражатты карталарға аударуға, сондай-ақ тегін дәрі-дәрмек пен мектепте түскі ас алуға мүмкіндік бар. Әлеуметтік әмиян жобасының қанатқақты қадамы өткен жылдың қараша айында цифрлық әлемге аяқ басқан. Содан бері бірқатар сауда және қызмет көрсету нысаны жобаға қосылып, оны іс жүзінде сынап көрді. Ескере кетер жайт, QR код арқылы төлем жасауға, тауар мен қызмет түрлерін комиссиясыз сатып алуға болады. Иә, аталған әмиян түрі халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге жағдай жасайды.
Әсіресе, бұл бастама әлеуметтік орындардағы кезек мәселесіне нүкте қоятыны қуантады. Мәселен, бала санына байланысты төленетін жөргекпұлды алуға пошта алдына нөпір жиналатыны бар. Ұрыс-керіс пен жағымсыз энергияны былай қойғанда, баласы кішкентай әйелдер қиналып қалады. Осындайда әлеуметтік төлемді цифрлы қосымша арқылы алып, керегіңе жаратқан жөн-ақ.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ