Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРМАНЫ АСҚАҚ АРСЕН

АРМАНЫ АСҚАҚ АРСЕН

Қазіргі жастарға қарап, олардың білімге деген ынтызарлығына, ғылым мен инонвациядағы нәтижесіне қарап тамсанасың. Цифрлық даму, оның ішінде жасанды интеллектіні жетік меңгеріп, әлемге сан түрлі жаңалық әкелген Илон Маск бірде «Егер бір нәрсе ойлап тапқыңыз келсе, физиканың ережелеріне сүйеніңіз. Бірақ, сіздің жаңалығыңыз адам өмірін жеңілдете түсу керек» деген еді. Біздің бүгінгі кейіпкерімізге осы сөз дәлелдей түскендей.
Шиелі ауданының оқушылары жаңа технологияларды жүйелі пайдаланып, жаңалық жасаудан үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Солардың қатарында М.В.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Арсен Орынбек те бар. Ол жастайынан техникаға құмар. Қолы қалт етсе теміртерсекті, техникалық құрал-сайманды бұзып, оны қайтадан құрастырады. Қазір де солай. Сабақтан кейін, роботтарын тізіп, онымен жұмыс істейді. Жаңашылдық ойлап табуға тырысады.
– Мен робототехникамен айналысқанды жақсы көремін. Әсіресе, роботтарды модельдеуді және жинауды ерекше ұнатамын. Жалпы мектеп бағдарламасында «Робот» үйірмесі бар. Үйірмедегі әр сабақ мен үшін өте қызықты өтеді. Ұстаздарымыз күнде жаңа тақырыптарды үйретеді, роботтар құрастырып, бағдарламасын жазып, кейін оны компьютермен байланыстырамыз. 1 сағатқа созылатын сабақ барысында LEGO Mindstorms EV3 жинағымен жұмыс істейміз. Бұдан бөлек, топқа бөлініп жарыс та ұйымдастырамыз. Біз «Сумо» роботын жасап, оларды өзара сайыстырамыз, – деді жас өрен.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, Арсеннің ғылымға қызығушылығын алғаш рет ұстазы Мақсат Бейсенбайұлы байқаған. Білікті әрі тәжірибелі маман шәкіртін талай жарысқа қатыстырып, білімін шыңдап жүр. Көптеген облыстық, республикалық жарысқа қатысып, топ жарып жүр. Мәселен, осы жақында өткен робототехника және бағдарламалау бойынша R:ED FEST ашық халықаралық фестивалінен «Сумо» санаты бойынша қатысты. Осы тұста айта кетейік, кейіпкеріміз робот құрастырумен қатар, бос уақытында мобилографиямен де айналысады. 16 жастағы Арсен Бауыржанұлы болашақта IT саласында жоғары білім алу үшін Қазақстандағы беделді университетке түсуді ойлайды. Сонымен қатар мектепті абыройлы тәмамдап, туған өлкенің дамуына өз үлесін қосқысы келеді. Олай болса, келекшекте ұшқыш робот жасағысы келетін жас өнертапқышқа тек сәттілік тілейміз!
Айнұр ИБРАШ
12 қараша 2024 ж. 158 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

№89 (9253)

09 қараша 2024 ж.

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930