Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПРЕЗИДЕНТ: КӨШПЕНДІЛЕР – ТУМЫСЫНАН ҚАЙСАР ХАЛЫҚ

ПРЕЗИДЕНТ: КӨШПЕНДІЛЕР – ТУМЫСЫНАН ҚАЙСАР ХАЛЫҚ

Көк түріктің көне дәстүрін дәріптеген V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанаты «Астана Арена» алаңында өтті. Әлемдік оқиғаға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы Президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ, ЮНЕСКО, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азықтүлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Көшпенділер ойыны елімізде тұңғыш жалауын желбіретті. Күллі дүние назары ауған дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Көк Туымызды алып шықты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, ашылу салтанатындағы бұл көріністің өзіндік ойы бар көрінеді. Елімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілінің бұл ұрпақтар сабақтастығы һәм өз Отанына деген адалдығы. Бұдан кейін Қазақстанның Әнұраны әуелете шырқалды. Осылайша, байрақты бәсекеге бесінші рет түндігін түрді. Игі дәстүр бойынша жарысқа қатысушы елдің спортшылары шеру жасады. Шеруді Қырғыз елі бастады. Өйткені олар 10 жыл бұрын нақ осы жарысты өткізуге мұрындық болды. Ал шеруді соңғы болып қазақстандық спортшылар аяқтады.
Биыл дүбірлі додада 89 елдің өкілі өнер көрсетті. 2 жылда бір өтетін дүбірлі доданың берері мол. Басты миссиясы – достық пен бейбітшілікті нығайту.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді. Президент көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған көне өркениет екенін айрықша атап өтті.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді. Сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қаружарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрып, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің байланысына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді ҚасымЖомарт Кемелұлы.
Расында, кең байтақ дала - да мыңжылдықтардың мұрасы қатталған. Қазақтай ұлы елдің бастауы қайдан десе, сан жауап сайрайды. Ал қазақты қазақ етіп сақтаған мызғымас тіректің бірі ол – салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар. Дәл осы тұста ұлттық құндылықтардың бастауы көшпенділер мәдениетінен басталарын һәм көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін Мемлекет басшысы ерекше атап айтты.
– Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алысжақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.
Мағыналы мазмұн мен терең мағынаға ие дәстүрлі дода биыл елімізде алғаш рет өтуде. Сәйкесінше оған дайындық жұмыстары жыл көлемінде жүргізілді. «Астана Арена» алаңында өткен ашылу салтанаты ерекше форматта болды. Тереңнен тамыр тартып, Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі дәуірлер көші бейленіп, әрмен қарай бірнеше тарихи эпизодқа ұласты. Алаңға шыққан би топтары түрлі іс-қимыл арқасында Алаш басынан өткерген бірнеше оқиғаларға тоқталып, қандай қилы шақта да бірліктен бас тартпай, егемендік алып ел болғанымызды жеткізіп берген-дей. Ал соңында танымал әнші Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халықтар достығы мен бірлігі туралы музыкалық композициямен түйінделді. Жер бетінен жиналған қонақтардың барлығы Димашқа ризашылығын білдіріп, әніне тамсана қол соқты.
Сонымен, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
ЖОРЫҚ
Күллі әлем көз тіккен доданың алғашқы жарысы ұлы дала жорығы аяқталып, жеңімпаздар анықталды. Бес күнге созылған 500 шақырымдық жорықта ресейлік Кабардин-Балкар командасы жеңіске жетті. Мәрені екінші болып кескен Алматы қаласының командасы, үздік үштікті Ақтөбе облысының командасы алды. IV орын жетісулықтарға бұйырса, V орынды Маңғыстау облысының әйелдер командасы еншіледі.
ЖАМБЫ АТУ
Жарыс 8-11 қыркүйек аралығында төрт стиль бойынша өтті. Ол: қазақ, венгр, түрік және корей.
Жамбы атудың алғашқы кезеңі «Мажар» стилі бойынша сынға түскен қатысушылар арасында франциялық Рафаэль Малет алтын медаль еншіледі. Жамбы ату сайысы үш кезеңнен тұрады. Олар «Пута», «Қалқан», «Жамбы» нысаналары бойынша. Жамбы атуда Жәнібек Құлмырзаев құралайды көзге атқан мерген екенін алтын алып дәлелдеді. «Пута» нысанасын көздеуде алдына қара салмаған мерген қарсыластарын қапы қалдырды. Оның көздеген әр жебесі нысана көзінен дәл табылды. Жамбы атудың келесі кезеңінде дәлдік танытқан Батыр Бексауыт V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанып, алтын медаль еншіледі.
Кезекті «Пута» нысанасы бойынша сайыста қазақстандық Қасымхан Қанаттың бағы жанып, қоланы қолдан бермеді. Дәл осы «Пута» нысанасы жамбы ату кезеңінде Айкөркем Батихан мен Ералхан Айкөз де қола медальді еншіледі. Сайыс сапында көптің көзіне түсіп, күміс медальді Айтбек Сарыбай жеңіп алды. Жалпы медальдық есепте қазақстандық садақшылардың қоржынында 6 медаль: 2 алтын, 2 күміс және 2 қола.
АУДАРЫСПАҚ
Аударыспақтан Көшпенділер ойындарына тоғыз мемлекеттен, 64 спортшы тіркелді. Олар – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей. Аударыспақтан Қазақстан намысын Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек, Дарын Өткелбай, Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев қорғауға шықты. Еске сала кетейік, додаға қатысушы аударыспақшылардың айтуынша, бұл сайыста біздің қатысушыларға қауіпті қарсылас қырғыз ағайындар екен.
Алаңға алдымен шыққан Дарын Өткелбай 80 келі салмақта қарсылас мықтысы қырғыз палуанын аттан суырып алып, ақтық сынға жолдама алды. Ақтық кездесуде ол өзбек палуанын аттан аударып алтынға ие болды. 70 келі салмақ сапында алаңға шыққан Алмат Ләтіпбек ақтық кездесуде қырғыз палуаны Бақтығұл Райханұлын аттан түсіріп алтынға қол жеткізді. Аударыспақтан 60 келі салмақта шығып, қарсылас шақ келтірмеген Ермек Құралбай финалда қырғыз палуаны Жекшенбек Тұрдыбековпен кездесті. Нәтижесінде қарсылас қапысын тапқан Ермек жеңіске жетіп, алтын медаль алды.
ҚАЗАҚ КҮРЕСІ
Қазақ күресінен алғашқы алтынды әйелдер арасында 48 келі салмақта ел намысын қорғаған Айжан Жылқыбаева жеңіп алды. Ол финалда қырғызстандық қарсыласынан айласын асырды. Ал ерлер арасында 55 келі салмақта Бекжан Төлепов финалда тағы бір қырғызстандық палуанды қапы қалдырып, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Бұдан кейін 52 келі салмақта Назерке Азаматова қарсыластарын уақытынан бұрын жеңіп, тағы бір алтынды қанжығалады.
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ
Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама спортшылары жекелей сында екі алтын, бір күміс, бір қола және командалық есепте алтын жүлдені жеңіп алды.
«Думан» қонақ үй және спорт кешенінде өткен жарыста әйелдер арасында Мөлдір Серікқызы алтын, Аңсаған Қожанәсіп күміс жүлде еншіледі. Ал ерлер арасында Бексұлтан Бостандықов алтын, Ерсұлтан Әуелбай қола жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орын алып, Көшпенділер ойындарының тағы бір алтын жүлдесіне ие болды. Екінші орында – Қырғызстан, үшінші орында – Ресей және Моңғолия.
КӨКПАР
Қазақстан Қырғызстан құрамасын 5:4 есебімен жеңді. Осылайша, көкпардан Қырғызстан екінші орын, Ресей үшінші орын иеленді. Айта кетейік, Алғашқы таймда 1:3 есебімен Қырғызстан құрамасы алға шықты. Екінші таймда есеп теңесіп, 4:4 есебімен аяқталды. Үзілстен кейін «алтын салым» салуға 10 минут уақыт беріліп, шешуші салымды қазақстандық көкпаршы салды. Тартысқа толы бәсеке 5:4 есебімен аяқталып, қазақстандық көкпаршылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесіне ие болды.
МАС-РЕСТЛИНГ
Саха ұлтының ұлттық спорты атанған масрестлинг сайысында қазақстандық қос спортшы қолаға ие болды. Олар 65 келіде шыққан Бірімжан Асылмұрат және 55 келі салмақ дәрежесінде қарсыласы мажар спортшысын тізе бүктірген Тахмина Қожамбердиева.
Бір күндік жарыс нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы 14 медальға иелік етті. Олардың сегізі – алтын, біреуі – күміс, қалғаны – қола медаль.
Сонымен қатар, қазақстандық көкпар құрамасы да екі бірдей шетел құрамасын айқын басымдықпен жеңіп, ел қуанышын еселеді. Алғашқы кездесуде Өзбекстан командасын 16:00 есебімен жеңіп, АҚШ құрамасымен шықты. Біздің палуандардың қарқынына америкалық ковбойлар да қарсы тұра алмай, ақыры 18:00 есебімен жеңілді. Келесі кезеңде қазақстандық құрама Қырғызстан, Тәжікстан командаларымен кездеседі.
Бет қатталып жатқанда Ұлттық құрама қоржыны тағы тоғыз медальға толықты. Оның ішінде, бес алтын, екі күміс, екі қола бар. Атап айтсақ, қарағандылық балуан қыз Ажар Салықова өзбектердің «Кураш» күресінен күміс жүлдені еншіледі.
Міне, көшпенділер ойыны осылай өтті. Дүние жүзі көз тіккен додада Қазақстан топ бастады, одан кейінгі орындарға қырғыз бауырлар мен өзбек ағайындар жайғасты. Төртінші орынды Ресей алса, бестікті Түркия түйіндеді. Біздің спортшылар барлығы 115 медальді еншіледі. Оның 44-і алтын, 34-і күміс, 37-сі қола екенін айта кетейік. Жеңісті күндерде жолығайық! Ел аман, жұрт тыныш болсын болсын, көк байрағымыз биікте желбіресін.

Әзірлеген
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
16 қыркүйек 2024 ж. 87 0