МҮГЕДЕК МАҢДАЙШАЛАРДА МӘН ЖОҚ
Кенттегі сапаржай – әлеумет көп шоғырланатын орын. Таяуда нақ осы жерде жөндеу жұмыстары жүрген-ді. Су жаңа автобус тұрағы бой көтерді. «Ай-жүрсеңде аман-жүр» деп өрнектеп жазып та қойған. Қажет-ақ сөз. Себебі бұл сөздің астарында ақ тілек пен бата тұр. Бірақ осыны маңдайшаға ілерде жеке кәсіпкер қарапайым пунктуация заңдылықтарын ескермепті.
Дұрысы «Ай жүрсең де, аман жүр!» деп жазылады. Осы төрт сөзде төрт қате тұр. Ал дәйек ретінде ұсынған суреттен көріп тұрғандарыңыздай, екі жерге дефис қойылған. Бірақ мұны дефис яки сызықша деуге келмейді. Егер дефис болса, екі сөздің арасында бос орын (пробел) болмау керек. Ал сызықша дефистен ұзын болғаны заңдылық. Айта кетейік, дефис – орфографиялық, сызықша – пунктуациялық таңбаға жатады. Сол үшін бұл жерге дефистің қажеті жоқ. «Жүрсең де» сөзіндегі «де» көмекші естіктігі әрі шылау болғандықтан үтір қойылса, «аман жүр» тілек мәнді сөзінен соң, леп белгі қойылуы шарт. Осы жерде айтарымыз, осындай безендіру, ұран, баталы сөздер жазар алдында аудандық қоғамдық даму бөлімі және мәдениет бөлімдерімен келісіп, не жазатындарын тексертіп алғандары жөн болар деген ойға келдік. Әйтпесе, істің де, сөздің де берекесі кетіп, сауатсыз атанғанның несі жақсы?.. Әрмен қарай базарға қарай беттесеңіз, мүгедек маңдайшалар мен жарымжан жарнамалардан көзіңіз сүрінеді. Ел аузында «кольцовой» аталып кеткен жерде екі қабатты «Абылайхан» атты ғимарат бар. Мұнда бір емес, бірнеше кәсіпкер орналасқан. Сол Абылайханның «н» әрпі түсіп қалып, «Абылайха» болып тұр. Одан соң оң жақ қапталдағы әйнекті ғимарат «Планетаның» «Анета» болып тұрғаны қашшан. Дәл осы жазудың астындағы «одежда и обувь» жазуы көзге ұрады. Кәсіпкер оның «киім және аяқ киім» екенін естін шығарған-ау, шамасы?! Тіпті буын үндестігін білмейтін кәсіпкерлер де табылады. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, кент ішінде ағылшынша жазылған атаулар шұбырып жүр. «Honeymood», «Lime», «Global», «Urbo», «4 MEN», «Mega shop», «Barber shop», «Bbq» деп тізбектей берсек, жетіп артылады. Жұрт ағылшын тілін сәл үйрене бастап еді, енді орысшаны қойып, басқа елдің тіліне үйір болуда. Осындайда ұлттық намыс қайда қалады? Арасында бірен-сараны болмаса, сауатсыз көрнекі ақпараттар мен жарнамалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Әріп қатесі андағайлап, мағыналық қатесі менмұндалап шыға келеді. Осыған байланысты Шиелі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Шиелі аудандық филиалы басшысы Сұлтан Сағындық кент орталығында орналасқан халыққа қызмет көрсету орындары, сауда орталықтары мен басқа да жеке кәсіп нысандарындағы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардағы тіл нормаларының сақталуы, мемлекеттік тілдің қолданылуын зерделеу бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізіп-ақ жүр. Тіпті маңдайша жазулары мен басқа да көрнекі ақпараттардың мәтіндерін жазу және орналастырудың схема-үлгісі ұсынылып, әдістемелік к ө м е к р е т і н д е ж а д ы н а м а л а р таратылған. Алайда кәсіпкерлердің қатені түзетуге ниеті жоқ. Өзгеріс те жоқ. Мақсат – біреуді сынап-мінеу емес, олқылықтардың алдын алу, қатені түзету. Бұл жолғы сын – шын. Себебі осының бәрін жасап отырған – қазақ. Бар нәрсенің заңдылығы бар. Қазақстан елінің заңын сақтау, ана тілін құрметтеу – әр пенденің міндеті, азаматтық борышы. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген бар. Айтылған кемшіліктерді жою үшін ұйымшылдықпен еңбек етуге тиіспіз. Әр ұлтқа, елге, тілге еліктей бергенше, кент көшелерін мемлекеттік тілде жарнамалай білсек, Жаңа Қазақстанға бет түзегеніміздің бір көрінісі болар еді. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» депті хакім Абай. Олай болса, жоғарыда айтылған олқылықтардың орны толып, тілге деген жанашырлық жандана берсе игі.
Сұлушаш МАДИЯРОВА