АУДАН МЕДИЦИНАСЫНДА ЖАҢАШЫЛДЫҚ БАР
Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Шиелі ауданына кезекті мәрте табан тіреді. Жұма күнгі жұмыс сапарының негізгі мақсаты – аудан медицинасының бүгінгі ахуалымен танысу, Президент тапсырмасына сәйкес бой көтерген әрі құрылысы қарқын алған денсаулық сақтау нысандарының жұмыс барысын бақылау.
Соңғы жылдары еліміз денсаулық сақтау саласына баса мән беріп келеді. Нәтижесінде, бұл бағытта ұдайы өзгерістер орын алып, тіпті шалғай ауылдарда заманауи үлгіде салынған емханалар ел игілігіне берілді. Бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жо- басы аясында елімізде ауылдық жерлердегі медициналық нысандардың сандық жобасы іске асуда.
Былтырдан бастап жүйесін тапқан жұмыстар қазірде үздіксіз жемісін беріп отыр. Ақмарал Шәріпбайқызының сөзінше, жоба аясында өткен жылы барлығы 92 медициналық объект бой көтерсе, биылғы меже – 556 объекттің құрылысын жүргізу. Бүгінгі таңда аталған жұмыстар үшін республикалық бюджеттен резервтік есеппен қаражат бөлінді. Республика бойынша 355 нысанның құрылысы басталды. Қызылорда облысында да биылға жоспарланған барлық объектінің негізгі қаржы мәселесі шешілген. Олардың барлығы жақын арада пайдалануға берілмек.
Министрдің алғашқы бағыты Досбол би ауылдық округінде орналасқан дәрігерлік амбулаториядан басталды. Ол мұнда мекеменің жұмыс барысымен танысып, медициналық қызметтің сапасын бағдарлады. Дәрігерлермен, пациенттермен пікірлесе отырып, туындаған негізгі мәселелерге құлақ түрді. Бұған қоса халық денсаулығын сақтау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Дәрігерлік амбулатория өткен жылғы желтоқсан айынан бастап ауылдағы 1 142 тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Бүгінде мұнда 1 дәрігер, 7 орта буын қызметкері және 3 кіші қызметкер жұмыс істейді. Медициналық мекемеде дәрігерге дейінгі кабинет, тіркеу бөлімі, физкабинет пен емшара бөлмелері бар. Бұдан бөлек әртүрлі қызмет түрімен халық денсаулығының жақсаруына жағдай жасап келеді. Амбулаториядағы дәріхана сұранысқа сәйкес қажет препараттармен толық қамтылған.
А.Әлназарова, сондай-ақ дәрігерлер жұмысымен, арнайы мамандардың қолжетімділігімен, бағдарламалардың тиімділігімен танысты. Ауылдық жерде тұрғындардың көбіне неден қиналатынына назар аударды. Тұрғындар өз кезегінде медициналық орталықтың жұмысына жақсы баға беріп, қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Жұмысшы топ бұдан әрі Бестам ауылына ат басын бұрып, жергілікті жерде салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияны құрылысын бақылады. Маусым айынан бастап жұмысы қарқын алған ғимараттың бас мердігері – «Бақ-Береке 2030» ЖШС. Амбулатория құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шиелі ауданында жыл соңына дейін 5 дәрігерлік амбулатория бой көтермек. Ә.Тәжібаев, Алмалы, Ортақшыл, Тартоғай және Бестам ауылдық дәрігерлік амбулаториясының құрылысына жоба-сметалық құжаттамалар әзірленеді. Бұл үшін 18 млн 700 мың теңге, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстарына 3 млн 485 мың теңге, яғни барлығы 22 млн 185 мың теңге қаралды.
Министр сапары кент ішіндегі 30 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы маңында жалғасты. Қазіргі таңда аудандағы жұқпалы ауруларды емдейтін бөлімше күрделі жағдайда тұр. Осы себепті жаңа ғимарат салу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құжаттары негізінде жоба аясында қолдау тапты. Бүгінде бұл үшін арнайы орын белгіленіп, құрылыс жұмыстары басталғалы жатыр. Жобаның сметалық құны 2 311,2 млн теңгені құрайды. Бас мердігер – «Данекер құрылыс компаниясы» ЖШС, қосалқы мердігер – «Шыңғыс құрылыс компаниясы» ЖШС. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Биыл шиеліліктер үшін жағымды жаңалық бар. Денсаулығына мән берген бұқараның енді қалаға қарай сабылмайтын күні алыс емес. Неге десеңіз, жуырда магнитті-резонанстық томография (МРТ) аппараты біздің ауданда да жұмыс істейтін болады. «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» ұлттық пилоттық жобасы аясында ауданаралық аурухана ғимаратына блок толықтыра отырып, қайта жаңғырту жоспары қолға алынды. Аталған нысан құрылысы биыл жүргізілсе, МРТ аппараты келесі жылы қойылатын болады.
Қазірде республика бойынша барлығы 32 ауданаралық аурухана бар. Олардың 4-і Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі аудандарында орналасқан. Халықтың көп бөлігі ауылдық жерде тұратындықтан, ауданаралық ауруханаларға жүктелетін міндет көп. Сондықтан аталған жұмыстардың сапалы орындалуы аса маңызды.
Президент тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқан жобалар аудан медицинасының сапасын арттыруға, оны тұрғындарға қолжетімді етуге, сондай-ақ жұмыс орнына жаңа мамандарды тартуға үлкен септігін тигізбек. А.Әлназарова бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдардың сұранысына сәйкес атқарылып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар тұрғындарға жылдам қызмет көрсету, қажет мамандарды оқыту, дәрігердің жұмысын жеңілдету, емханаларды қосымша құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерінің күн тәртібінде тұрғанына тоқталды.
– Денсаулық саласы – өте күрделі сала. Сондықтан біздің алдымыздағы әуелгі міндет – емханалар жұмысын жөнге келтіру. Оның ішінде дәрігерге қаржылай жағынан болсын, тиісті деңгейде ұйымдастыру жағынан болсын толық жағдай жасау маңызды. Оларды қағазбастықтан айырып, көбірек науқасқа көңіл бөлуді көбейту керек. Яғни негізгі басымдықты науқасқа бағыттағанымыз абзал. Соны- мен қатар қазіргі уақытта мейіргерлердің атқаратын жұмыс ауқымын кеңейту мәселелерімен де жұмыс жүргізіліп жатыр.
Тағы бір мәселе – медицина қызметкерлерін жұмыспен қамту. Ең маңыздысы, дәрігер маманын даярлай отырып, олардың сапалы дайындығына назар аудару керек. Бүгінгі таңда республика бойынша медициналық мамандар дайындап жатқан жоғары оқу орындарында 69 мың адам білім алуда. Осы тұста дәрігерлердің санына емес, сапасына көңіл бөлу қажет, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Іссапар соңында Ақмарал Шәріпбайқызы ел игілігіне атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы қалыпта, жоғары деңгейде аяқталуына тілектестік білдірді.
Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ