Өскемен көшелеріне Wi-Fi тарататын шамдар орнатылуда
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласында Wi-Fi тарататын көше шамдар іске қосылады. Олар бұрынғыларға қарағанда жарықтығымен қоса, 65 пайызға дейін үнемділік әкеледі, деп жазады altaynews. «Ақылды» шамдар қазірдің өзінде облыс орталығының негізгі көшелерінде орнатылған. Мәселен, қазір Қазақстан көшесін түнгі уақытта самаладай жарқыратып тұр. Жарық берумен қатар Wi-Fi тарату, ұялы байланыс желісін кеңейту секілді бірнеше функцияны да қатар атқарады. Оны орнатумен айналысқан LED Solution компаниясының өкілдері алдағы уақытта да өңірде бірлесе жұмыс істеуге ниетті. Олар Өскемендегі бес орталық көшеге екі айдың ішінде 501 шам орнатқан. Компания мұндай «ақылды» шамдардарды ойлап тапқан америкалық Ubicell компаниясымен бірлесе жұмыс істеуде. Олармен одан әрі жұмыс істеу мәселесі облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен кездесу барысында жан-жақты талқыға салынды. «Біз жарық диодты шамдарды шығарумен айналысамыз. Бұрын шам ғана шығарсақ, енді күш біріктіріп олардың технологиясын, былайша айтсақ «миын» қолданып, ақылды шамдар шығарып жатырмыз. Бұл шамдар бұрынғыға қарағанда жарықтығымен қоса, 65 пайызға дейін үнемділік әкеледі», - деді шамдарды таныстыру рәсімінде LED Solution компаниясының директоры Қаныбек Айтақов. «Ең бастысы, компания бәсекеге қабілетті екендігін іс жүзінде көрсетуі тиіс. Сіздердің айтқандарыңыз көңілге қонымды. Тағы бір мәрте көзімді жеткізу үшін бүгін түнде қала көшелерін тағы бір аралап көріп шығамын. Байқаймын, Қазақстан көшесі мен Орталық мешіт маңы жарық бола түскендей», - деген облыс әкімі. Сондай-ақ Даниал Ахметов компания өкілдеріне қайырымдылық көмегі ретінде алдымен Орталық мешіттің барлық қабырғалық шамдарын ауыстырып шығуды ұсынды.
inform.kz