Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРБАН АЙТ – БЕРЕКЕ-БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

ҚҰРБАН АЙТ – БЕРЕКЕ-БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан, жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін қасиетті де ұлық мерекенің бірі – Құрбан айт мейрамы. Бұл күні әлемнің әр түкпірін мекендеген мұсылмандар Жаратушы иеміздің разылығы үшін құрбан шалып, шынайы ниеттеніп Алла Тағаланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысады. Адамзат баласы осынау ізгі амал арқылы Раббысына жақындай түседі. Осы орайда Шиелі ауданының бас имамы Бақыт Ұлжаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Бақыт Бахрамұлы, санаулы күннен кейін есігімізге енгелі тұрған Құрбан айт мерекесі құтты, қайырлы әрі беркелі болсын! Қалың оқырманға «Құрбан» және «айт» сөздерінің мағынасын түсіндіріп өтсеңіз.
– Ассалаумағалейкум! Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын. Баршамызды қуанышқа бөлейтін берекелі, мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Құрбан сөзі «жақындау», «жақын болу», «Аллаға жақындауға себеп болған нәрсе» дегенді білдірсе, «айт» сөзі «мереке», «мейрам», «қуаныш» деген мағына береді. Адам баласы құрбан шалу арқылы Алланың өзіне берген шексіз нығметтеріне шүкір етеді. Бірде сахабалар Мұхаммед пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Құрбандық деген не?» – деп сұрақ қойды. «Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті», – деді. Сахабалар: «Одан бізге қандай сауап бар?», – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – деді. «Қойдың жүнінен ше?», – деген - де: «Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады», – деп жауап қайырған болатын. Осы қасиетті мейрам күні Алланың әмірін шынайы ықыласпен орындап, Жаратушыны разы ету – әрбір иманды жанның арманы. Айт намазынан кейін әр адам өзінің шамасы жеткенше құрбан шалып, оны мұқтаждарға таратып, жәрдем беру арқылы қуанышқа кенеліп, мол сауап иеленеді. Биыл Құрбан айт мерекесі 16 маусымда басталып, 3 күн қатарынан жалғасады.
– Осы қасиетті күнде қандай амалдар жасаған абзал?
– Құрбан айттың мұсылман жамағатын, ұлыстар мен ұлттарды біріктірудегі, өзара бауырмалдықты арттырудағы рөлі орасан зор. Адамдар бір-біріне «Айт құтты болсын!» десіп, аман-саулық сұрасып, үйлеріне қонақтыққа барады. Бұл күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітте айт намазын оқу – сауапты іс. Құрбандық етінен дәм тату, Аллаға мадақ, Пайғамбарға (с.а.с.) салауат айту – сүннет амал. Құрбан айт мейрамымен қатар, исламдағы бес парыздың бірі – қажылық амалы да орындалады. Қажылық парызымды өтесем деген жандардың саны елімізде жыл санап арту үстінде. Отандастарымыз парыз амалын орындау үшін қасиетті Қағбаға жол тартты. Бұл күні қажылар түс ауғаннан кейін ертеңгі таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауында бір мезет тұрақтап, Аллаға жалбарынып, дұға етеді. Арафа күні қажылыққа бармаған адамның ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, Алладан дұға тілеуінің сауабы мол. Биыл Құрбан айт мерекесін аудан әкімдігімен бірлесе орталық алаңда кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Алла нәсіп етсе, 16 маусым, кешкі сағат 18:00-де арқан тартыс, қазақша күрес, гір тасын көтеру сынды бірқатар спорттық сайыстар ұйымдастырылып, демеушілердің атынан бағалы сыйлықтар берілетін болады. Барлық аудан тұрғындарын айтулы мейрам күніндегі іс-шараларға белсенді түрде қатысып, келіп тамашалауға шақырамыз.
– Құрбан шалудың арнайы уақыты бар ма?
– Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты Құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Ал айт намазынан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді. Құран Кәрімде Алла былай деп бұйырады: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» («Кәусар» сүресі 2-аят) Байқасаңыз, аталған аятта айт намазын оқу құрбан шалудан бірінші айтылуда. Сондықтан, алдымен, жамағатпен айт намазын оқып, содан соң құрбан шалынады.
– Құрбандыққа қандай мал шалынады және қандай малды құрбандыққа шалуға болмайды?
– Құрбандыққа тек қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой мен ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбанддыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзалырақ. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Қой мен ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі бірігіп, ортақ етіп шалуларына болады. Құрбан малын ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен іске асыруы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші кісі тек етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) құрбандыққа жарамайтын мал жайында былай дейді: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды». Демек, құрбанға шалынатын малдың бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтындай дәрежеде әлсіз, құлағы немесе құйрығы тумысынан жоқ не басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған болмауы керек.
– Малды құрбандыққа шалу кезінде жасалатын арнайы дұғалар бар ма? Қандай жайттарды ескерген жөн?
– Құрбан шалар кезде «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздау керек. Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – сауап. Бір бөлігі –туған туыс, көршілеріне, екінші бөлігі – кедей, мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің бала-шағасына, отбасына беріледі. Ең бастысы, құрбандық ғибадатын шын ниет-ықыласпен орындау керек. Құрбандыққа шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолданған дұрыс. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – әдепсіздік. Қинамай сою – сүннет амал. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап, малды рахатына қауыштырсын», – деп айтқан. Айта кететін жайт, биыл Шиелі аудандық орталық мешітінің ауласында мал сою орны болмағандықтан, құрбандық малы шалынбайды. Арнайы мал сою орындарында немесе әркім өз үйінде сойып, етін орталық мешітке әкелсе, мұқтаж отбасыларға сол жерден тарататын боламыз.
– Қасиетті Құрбан айт күні тырнақ алуға, кір жууға, үй жинауға болмайды деп жатады. Осы тұрғыда айта кетсеңіз.
– Бұл күні тырнақ немесе кір жууға немесе басқа да жұмыстармен айналысуға болмайды деген нақты үкім жоқ. Дегенмен, бұл мұсылмандар үшін қасиетті мейрам күні болғандықтан, үйімізге туғантуыс жақындырымыз, бауырларымыз, достарымыз айттап келеді. Сол бір сәтте ыңғайсыз жағдай туындап қалмас үшін мейлінше қонақ күтуге дайындалып, ақ дастарқан жайып отырғанымыз дұрыс. Құрбан айт күні жақындарымызды зиярат етіп, ауырып жатқан бауырларымыздың көңілін сұрап, ренжіткен не болмаса ренжіген адамдарымыз болса, бірінші болып кешірім сұрап, береке-бірлікте болып татуласқанымыз өзіміз үшін де ақыретіміз үшін де қайырлы болмақ.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Құрметті оқырман, қанағат пен шүкірді жадымызға салып қана қоймай, жүрегімізге мейірімділік пен қамқорлықты, қоғамдағы мұқтаж жандарға көмек қолын созуға бейімдейтін қасиетті Құрбан айт күні жасаған құлшылық, дұға-тілектерімізді, шалған құрбандарымызды Алла қабыл еткей!

сұхбаттасқан
Мейіржан ИБРАГИМОВ
17 маусым 2024 ж. 128 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031