Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » РАМАЗАН АЙЫ БИЗНЕСТІ ҚАЛАЙ БЕРЕКЕЛІ ЕТЕДІ?

РАМАЗАН АЙЫ БИЗНЕСТІ ҚАЛАЙ БЕРЕКЕЛІ ЕТЕДІ?


Рамазан – мұсылмандар арасына мейірім сыйлайтын мезгіл. Ораза басталған сәттен бір-біріне қолдау көрсеткен көпшілік, бірігіп жақсы әңгіме айтқан жамағат… Былтыр құрбыммен тарауық намазына барғандағы кішігірім оқиғаны баяндап берейін. Ауыз ашқан соң іле-шала мешітке асықтық. Бізге жақын Алланың үйі – жаяулатып жүргенде жарты сағаттық жерде. Тарауық ұзақ болғандықтан, су ала барамыз. Мешіт маңындағы дүкенге кірдік. Қалтадағы бар тиынды қосқанда 20 теңге жетпей тұр екен. Сатушыдан ұялып, екеумізге бір сусын жетер деп тұрғанбыз. Әңгімемізді естіген ол: «Қыздар, оразасыңдар ма? Қанша ақша бар, сонша бере беріңдер. Ниеттерің қабыл болсын», – деді. Былай қарасаң, жерге түсіп-ақ қалатын 20 теңге. 
Бізге сыйлаған әсері – сансыз. Демек, Рамазан – ысырапты ысырып, сауапқа жақындайтын, жан-жағына шуақ шашып, жаман әдеттен тыйылатын ай.
Ораза басталмас бұрын Бас мүфти Серікбай қажы Ораз: «Сіз­дерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттық­таймын! Әр шаңыраққа шат­тық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Рамазан – жақсы­лық айы. Оразада әрбір жақсы амал­­дың сауабы еселеніп жазы­лады. Хадис-ша­рифте айтылған­дай, «адам баласы­ның барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақ­сылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазы­лады». Осы ретте отандаста­рымды мате­риал­­дық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға бел­сенді түрде атса­лысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді Рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық зат­тарға, жол-көлік ақысына жеңіл­діктер жасауға үндейміз. Қасиетті айда қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерге, жетімдер мен көп­балалы отба­сы­ларға, науқас адам­дарға барынша қамқорлығы­мызды көрсетейік, ардақты ағайын! Бір адамды қуа­ныш­қа бөлеу – садақа. Құдайы ас пен садақалар ауызашар уақы­тында ұйымдастырылса, той­лар ішімдіксіз өткізілсе, жаман­дықтың бастауы болған арақ-ша­рап­тың саты­луына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіре­мін», – деп үндеу жасаған еді. Осыны басшылыққа ала отырып, дін ма­ман­дарына бірнеше сауал жолдаған едік.
1. Ысырап жайлы Исламда не айтылған?
2. Рамазанда бағаны өсірмей, керісінше жеңілдік жасағанның сауабы қандай?
3. Ораза кезінде тойды қалай өткізген жөн?

Ермек КӨКІРЕКБАЕВ, Алматы қаласы орталық мешітінің наиб-имамы:
1. Қасиетті айға келіп жетке­ні­міз үшін жалғыз Жаратушы­мыз – Алла Тағалаға сансыз шүкір. Құ­ранда «Күллі ысырап – харам» делінген. Жалпы, дінімізде ысы­рап­шылдыққа жол берілмейді. Қай кезде де аста-төк отырыстан сақтанып, амалдарды мұсылманға жарасатындай деңгейде жаса­ғанымыз жөн.
2. Еліміздің Бас мүфтиі Серік­бай қажы Сатыбалдыұлы хазіреті­міз Рамазан қарсаңында үндеу жолдады. Ол жерде кәсіпкерлерді халық көп тұтынатын заттардың бағасын түсіріп, қасиетті айда сауапқа кенелуге шақырды. Ай­талық, 5-10 теңге арзандатса, қан­дай жақсы. Осы ретте бірнеше мысал келтірейін. Райымбек даңғылының бойында үлкен сауда кешені бар. Соның иесі Эдгар Салдузи жыл сайын отыз күн бойы мұқтаждарды тегін та­мақ­тандырады. Орталық мешіт­тен арнайы автобуспен апарады. Айт мейрамында рухани мерекелік шара өткізеді. Сонымен бірге, қари-ұстаздарға Рамазанның он бес күнінде сәресі мен ауызашар береді. Бақанаста Азамат есімді кәсіпкер ауылына мешіт, медресе салып берген. Қазақстанда жоқ көптеген құнды кітаптарға қол жеткізіп, Арабиядан ұшақ толы кітап әкелген. Жылда ауызашар беріп, интеллектуал сұрақ-жауап сайыстарын өткізеді. Ғылым ордасын ашқан Ералы мырзаны да мысал етсек болады. Қазақтың 500 баласы білім алып, ілім үйренуіне себепкер болып отыр. Мұндай игі істерді айта берсе, өте көп. Биыл ораза басталған соң да мұндай қадамдар көптеп жасалады деп сенеміз.
3. Қазақ негізі ораза кезінде аса той жасамайды. Бірақ жағдай­дың реті солай келіп тұрса, кешке ауызашар кезінде өткізген дұрыс. Бірақ шариғаттың шеңбері деген бар. Арақсыз, шошқаның майын­сыз жасалса, нұр үстіне нұр. Сауа­бы өте мол.
Нұрболат ДҮЙСЕБАЕВ,  «Байкен» мешітінің наиб-имамы:
1. Біз дүниеге ішіп-жеп, қарын тойдыру үшін келген жоқпыз. Өмір сүруіне жеткілікті деңгейде жесе, жетіп жатыр. Қызығу­шы­лықпен көзіміз тоймай, көп нәрсені алып қоямыз. Сол алған затта­рымыз кәдемізге жарамай немесе артылып жа­тады. Міне, нағыз ысырап – осы. Алла Тағала елімізге байлықты, ризық-несібені мол берді. Соның арқасында тоқшылық кезде өмір сүріп жатырмыз, Аллаға шүкір! Бір ақсақалдың әңгімесі есіме түсіп отыр. «Біз жас болғанда қиын-қыстау заман еді. Жеуге қара нан таппай жатқанда, ата­лар­дың «Я, Раббым, ұрпағымыз­дың қарны тоқ болуын нәсіп ет» дегендерін естідім. Бүгін кең жайыл­ған дастарқанды көріп, көзіме жас келіп отыр. Сол дұға қабыл болған екен» деген еді. Бүгінгі таңда нанның молшылығы соншалық қоқыс жәшіктерінің жанында желінбеген нандар, тамақтар төгіліп, ысырап болып жатады. Содан қалған азық-түлікті далаға лақтырмай, керек қылғандарға таратса дұрыс болар еді.
2. Рамазан кезінде сауда-сат­тық саласында жүрген жандар бағаны өсірмей, керісінше ар­зандатса құба-құп. Халық осы уақытта көп алады деп әдейі бағасын еселеп көбейткен дұрыс емес. Әрине, бәрі жақсы табыс тапқысы келеді. Бірақ дүниенің барлығын ақшамен өлшеуге болмайды. Осы өмірде теңгенің бәрін жиғанмен, ақыретке бар­ғанда қолда бір сауап болмаса – неткен өкініш.
3. Қазіргі таңда Рамазан айы кезінде той жасайтын азамат­тар азайды. Кейбірі мешітке келіп «ораза қашан басталып, қашан бітеді? Соған қарай той жасайтын едік» деп мешіт қызметкерлерімен ақылдасып жатады. Бұл – қуанар­лық жайт. Негізі, ораза кезінде күндіз той жасамаған абзал. Өйткені ағайынның ішінде аузы берік жандар бар. Одан қалса, ораза ұстаған адам байқамай ішіп-жеп қоюы мүмкін. Кейбір мұ­сыл­ман елдерінде Рамазанда тойды кешке өткізеді. Өйткені сауап еселеніп берілетін бұл айда ізгі амалдардан құралақан қалмас үшін ауызашар ретінде жасап берген жөн. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кімде-кім бір адам­ның аузын аштырса, сол адамның ұстағанындай сауапқа кенеледі», – деген. Келесі бір мәселе – ораза нәпсімен күресетін ай болған­дық­тан, тойларда дініміз ха­рам ет­кен дүниелерді ұсын­баған аб­зал. Тым құ­ры­ғанда, Рамазанның құр­меті үшін солай жаса­сақ, жақ­сы болар еді.
 
Төлеби ОСПАН, 
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы:
1. Биыл Ақтөбедегі медресе-кол­леджге он жыл толды. Он буын шәкірттерді өсіріп тәрбие­леген руханият ордасында діни де, дүниауи ілім де қатар үйреті­леді. Жақында осында бір оқиғаға куә болдым. Дәрет алып жатқан медресе шәкірті әр дене мүшесін жуған сайын шү­мекті өшіріп, қосып отырды. Суды сұраусыз ағыз­ған жоқ. Себебі, олар жомарт­тық пен жөнсіз астамшылық ету­дің ара-жігін ажырата біледі. Ұстаздары оны үнемі үйретіп, айтып отырады. Сондықтан мешіт жамағаттары да бұған жіті мән беріп, мешіт мүлкіне жа­нашыр­лықпен қараса екен дей­міз. Ал Рамазан айында ысырап секілді жаман әдеттерге тіптен жол бермеуіміз керек. Әсіресе, нәр татпай күні бойы әлсіреген нәпсі­міз ымырт түсісімен ынсап­тылық­ты ұмытып, тамаққа тарпа бас салмауы керек. Оразадағы мақсат та – сол.
2. Мүфтияттың діни рәсім­дерді бірізділендіру бастамасының аясында, былтыр облыста Құдайы астың (садақа) ортақ мәзірін бекіттік. Мұнда ұлттық тағам түр­лері, су және бір ғана ыстық ас бар. Бастама жүзеге аспас бұрын облыс тұрғындарынан сауална­ма­лар алынды. Нәтижесінде, халық­тың дайын екеніне, қолдайты­нына көз жеткіздік. Содан соң ғана «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты республикалық конферен­ция өткізіп, қатысушылар мәзірді бірауыз­­дан бекітті. Оң мысал ретінде, Қадырқұл есімді шал­қарлық кәсіпкерді айтуға болады. Ол Құдайы ас өткізетін кісілерге біз бекіткен мәзірден тыс азық-түліктер мен жеміс-жидектерді сатудан бас тартқан болатын. Бастамамызды өзге облыстардың да іліп әкетуі бізді қуантады. Бас Мүфти үндеуімен өткен жылы Ақтөбе халқы да қайырымдылық шараларына бір кісідей үлес қос­ты. Ақтөбе, Алға қалаларындағы дүкендерде Рамазан құрметіне тегін нан таратылып, «Нұр Ғасыр» мешітінде тарауықтан кейін тегін такси қызмет көрсетті. Алға қала­сының жүргізушілері де күндізгі уақытта қала ішінде тұрғындарды тегін тасымалдап, жақсылық жа­сады. Бұл бағыттағы қайырымды істер биыл да жалғасын табаты­нына сенеміз.
3. Рамазанда ауыз бекітуді мін­дет деп білетін исі мұсылман халықпыз. Сондықтан бұл айда той, садақа-жиындарды ауызашар уақыттарына орайластырып жа­сау – өте орынды ұсыныс. Себебі, күндіз қонақ ша­қыру аузы берік жан­дар үшін ыңғайсыздық туды­рып қана қоймай, қасиетті айға деген құрметсіздік болып санала­ды. Осы ретте, өткен жылы куә болған тағы бір оқиғаны айта кет­сем. Рамазан айы. Мектептердегі барлық емти­хандар аяқталып, бітіруші түлек­тердің ҰБТ-ға әзір­лік кезі еді. Әдетте әр жауапты істің алдында Жа­ратқаннан жақ­сылығын тілеп, әулиелердің қабірін зиярат ету, Құдайы ас беру үрдіске айналған десе болады. Алайда Ақтөбе облыстық маман­дандырылған физика-математика мектеп-интернатының бітіруші түлектерінің ата-аналары мұның орнына елу адамға арнап, ауызашар дастарқанын жайды. Ата-аналар мен оқушы­лардың да бірқатары ауыз бекітіп, берекелі отырысқа бірге қатысып, көптің батасын алды. Өскелең ұл-қыздар мешіт имамда­рының ғибратқа толы уағыз-насихаттарын тың­дап, өнеге түйді. Бұл – өзгелерге үлгі боларлық іс.
 
Жадыра АҚҚАЙЫР
19 мамыр 2018 ж. 1 148 0