АСПАНҒА АЛҒАШ ҰШҚАН КҮН
Әлем бойынша екі жүзден астам мемлекет бар. Ал солардың ішінде Қазақстанды не ерекшелейтінін білесіз бе?! Олай болса, айталық.
Ресми деректер бойынша ғарышқа өз перзентін ұшырған ел саусақпен санарлықтай екенін көрсетеді. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері үш ұлын ғарышқа ұшырған. Көкке көтерілген тоғыз мемлекеттің қатарынан орынды ойып тұрып алуымыздың да себебі – нақ осы.
Ресми деректер бойынша ғарышқа өз перзентін ұшырған ел саусақпен санарлықтай екенін көрсетеді. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері үш ұлын ғарышқа ұшырған. Көкке көтерілген тоғыз мемлекеттің қатарынан орынды ойып тұрып алуымыздың да себебі – нақ осы.
Ғарышкерлер турасында сөз қозғасақ, 12 сәуірде Жер орбитасын алғаш рет айналып шыққан Юрий Гагариннен кейін қазақтан тұңғыш ғарышқа ұшқан жерлесіміз Тоқтар Әубәкіровтің есімі ойға оралады. «Қазағым үшін жануға да, ұшуға да дайынмын» деп, «СоюзТМ-13» кемесімен ғарышқа сапарлаған батыр күн жүйесінде 7 күн, 22 сағат, 13 минут болып, зерттеу жұмыстарын сәтті жүргізіп қайтқан.
Ал қазақтың тағы бір перзенті – Талғат Мұсабаев әлем бойынша 309-шы болып ғарышқа ұшты. Бір емес, үш рет аспан көгін шарлаған ол 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен 126 күн ғарышта болса, екінші рет «Союз ТМ-27» кемесімен 208 күн аспан көгінде болып қайтты. Ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында болған қазақтың ұлы осылайша «Гиннестің рекордтар» кітабына енді. Ал үшінші рет «Союз ТМ-32» кемесімен сегіз күн аспан төрін бағындырып келді.
Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтан кейін тағы бір қазақ – Айдын Айымбетовтің орны ерекше. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз ТМА-16М» кемесімен ұшқан ол ғарышта ғылыми эксперимент жүргізіп қайтты. Бір емес, үш ұлы бірдей ғарышта болып қайтқан қазақ үшін Ғарышкерлер күнінің ерекше болуы да осыдан.
БАЛА ҚИЯЛЫ ҒАРЫШТЫ ШАРЛАДЫ
Дәл осы күнді еңбекшілік балғындар ұмыт қалдырмады. Қарт Қаратау етегіндегі «Әділжан» балабақша яслиі ғарыш әлеміне саяхат жасады. Аталған балабақшаның тәрбиешісі Гүлжайна Баймұратова «Балдырған» тобының тәрбиеленушілерін 5 топқа бөліп, арнайы тапсырмалар орындатты. Ал ортаңғы «Балапан» тобының тәрбиешісі Тұрсынай Аюпова галактика, метеориттер, Күн жүйесіндегі ғаламшарларға «аялдап», аспан әлемінің құпиясымен таныстырды. Бұдан соң олар жаңа жұлдызшамен бірге Жерге қарай «зымырап», Қазақстанды «бетке алды». Әсіресе жұлдызшаның Еңбекшіні таңдап, «қонған» сәті әсерлі шықты.
Иә, ғарышкер болуды армандамайтын ұл кем де кем. Бірақ сол арманға қол жеткізіп, аспан көгін еркін шарлау – көрінгенге бұйыра бермейтін бақ. Тіпті ондай бақыт бұйырмаған елдер де бар екенін статистикалық деректерден аңғаруға болады. Үш бірдей ұлын көкке ұшырған еліміз өзге елдердің алдында еңсесін қалай көтерсе де, жарасымды емес пе?!
Сұлушаш МАДИЯРОВА