Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛАЯҚ АЙЛАСЫН АСЫРМАСЫН

АЛАЯҚ АЙЛАСЫН АСЫРМАСЫН

Қоғамның бүгінгі келбетіне қарап, қазақтың «біреудің ала жібін аттама» деген тәрбиелі сөзінің аяқасты болғанына көзіміз жете бастағандай. Себебі күн сайын алаяқтықтың небір түрін құлағымыз шалып, көзіміз көретін болған. Тіпті мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтардың әртүрлі әдіс-тәсілдері де бар. Мәселен «кезексіз пәтер алып беремін», «банктен үлкен сомада несие алуға көмектесемін», «жер алуға жәрдемдесемін» деген секілді уәдені үйіп-төгетін алаяқтар азаматтарды оңай қақпанға түсіреді.
Онсыз да үй алуға кезегі жетпей жүрген кейбір жандар мұндай ұсыныстан қалай бас тартсын?! Кейбірі еш ойланбастан, әлгі алаяқтардың сөзіне сеніп, қолына сұраған қаражатын ұстата салады. Олардан еш құжат та талап етпейді. Ал әлгінің алаяқ екенін тек соңғы сәтте ғана ұғынып, құқық қорғау орындарынан көмек сұрап жатады.
Қазақта айлакерлігімен аты шыққан Алдар көсе есімді образ бар. Расы сол, кітаптан оқып алып, Алдар көсеге бір адамдай қызықтық. Бірақ оның әу бастағы мақсаты қандай еді? Байларды алдап, кедей халыққа көмек беру емес пе?! Ал қазір мақсаты басқа, бағыты бөлек «Алдар көселер» көп. Олар бай, кедей деп бөлмей кімді болсын тақырға отырғызып кетеді. Иә, ол – алаяқ. Әр қадамын аңдап басатын адамның өзі олардан алданып қалып жатады. Оған мысал жетерлік. Алыстан іздемей-ақ өз туыстарымыздың арасынан табайық.
Мәселен, бірде ағамыздан әріптес келіншек қарызға ақша сұрайды. Басында дәл уақытында қайтарып жүреді. Ай сайын сылтауын көбейтіп, алатын сомасын арттыра түседі. Қарыз берушілерде еш күмән қалмайды.
Бірер айдан соң қомақты қаржы сұрайды, тіпті, несие болса да алып берулерін өтініп, кепілдік ретінде көзбе-көз алтын жүзік, алқа, сырғасына дейін шешіп береді. Айналасына көмектесіп үйренген отбасы ойланбай-ақ талайдан бері жинап жүрген ақшаларын аманаттайды. Содан қарыз алушы бір күнде жұмыстан шығып, хат та, хабар да үзіліп, ізім-қайым жоғалады. Артынан сұрастырып жүріп, қарыз беріп алданған өзі секілді талай адам барын біледі. Ақыры алданғандар қосылып арыз жазып, полиция келіншекті ұстайды. Басқалардан жымқырған қаржы бұлардікінен талай есе көп. Соттың шешімімен үйін сатып, ақшаларын қайтарды. Бірақ ақша бәріне бірдей жетпеді. Артынан ағамыз қазақылыққа салып «шығын шықпай, кіріс кірмейді» деп істі жылы жапты.
Иә, айналаңызға көз салар болсаңыз, мұндай мысалды мыңдап кездестіруге болады. «Жер, пәтер алып беремін» деп миллиондап ақша жымқырған алаяқтарды естіп, көріп жүрміз. СМС арқылы «ақша, көлік, пәтер ұттыңыз» деген хабарламалар телефонымызға талай мәрте келді. Онысының артында алдау жатқаны айдан анық.
Өткен жылы тоғыз айдың ішінде 132 қылмыс тіркелген. Оның 37,9 процентін ұрлық, 16 процентін алаяқтық қылмысы құрап отыр.
Полиция мамандарының дерегінше алаяқтықтың басым бөлігі телефонмен, яғни, абоненттің лотереядағы ұтысы туралы хабарландыру арқылы жүзеге асырылады. Алаяқ жымысқы ойын іске асыру кезінде өз құрбанының телефонына оның белгілі сомада қаржы ұтып алғаны туралы СМС хабарландыру жолдайды. Осыдан кейін ол ақшалай ұтысты жолдау үшін карталық есеп-шоттың қажет екенін алға тартып, құрбанының банк карточкасының жеке нөмірлері мен жасырын кодын сұрайды.
Әдетте, азаматтар мұның барлығы алаяқтардың әрекеті екенінен бейхабар болады. Ал қылмыскер банктік карта иесінің барлық мәліметтерін алған соң интернет банкинг жүйесі арқылы оның есепшотындағы барлық қаражатты өзіне аударып алады. Мұндай алаяқтарға алданбас үшін оңай жерде олжа жоқ екенін жадымызға мықтап тоқып алуымыз керек секілді. Әйтпесе «500 теңге салсаң 5 мың аласың» дегенге алданып жүргендер қаншама.
Қазір адамдар көп пайдаланатын әлеуметтік желілерде қаржылық сауатқа байланысты пайдалы ақпараттар көп-ақ. Онсыз да күніміздің көп бөлігін сол ғаламтордағы даңғаза шоу, бос өсек-аяңды қараумен өткіземіз. Бір сәт пайдалы дүниелерге көз жүгіртіп, ондағы кеңестерді есте сақтап, өмір сүру үрдісіне айналдырсақ, алаяқтықтың алдын алуға күш салар едік. Өзімізбен бірге жақындарымызды да сақтандырып, опық жеп қалмауларына сеп боламыз.

А.АСАНОВ
09 сәуір 2024 ж. 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9212)

18 маусым 2024 ж.

№47 (9211)

17 маусым 2024 ж.

№46 (9210)

11 маусым 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930