Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтыбақан аясында

Алтыбақан аясында

Алтыбақан... Иә, ауыл сыртын мерекеге бөлеп, әзілдері жарасқан жастардың думан жасайтын ойыны ел аузында дәл осылай аталған. Осы сөзді естіген сайын «Алтыбақан аясында сұлу бойжеткен, қыз-бозбала кең даланы әніменен тербеген» деген тармақтар ойға еріксіз оралады.

Үкілі кәмшат киген бұрымдылар сыңғырлаған әдемі дауысымен ән салса, сегіз қырлы, бір сырлы сері жігіттер бар өнерін ортаға салудан аянып қалмаған. Қамқа бөрік пен бүрмелі көйлегі әдемі үйлесім тапқан қылықты аруларға олар көз қиығын салып, қалжыңмен қағытатын болған. Тіпті жүрегіне жол табудың айласын іздеген. Алтыбақан осылайша қызық еді. Шынында, біз ол кездері өмір сүрмесек те, бұл көріністер көркем әдебиеттер мен қазақтың тарихитұрмыстық жағынан сыр шертетін фильмдерден етене таныс. Ендеше, алтыбақан қалай құрылады? Алтыбақанды құру үшін атауына сай 6 бақан немесе 6 сырық, 3 арқан керек. Бақандардың басын үш-үштен буып, аралығы 7-8 қадамдай жерге қадап орнатады. Олардың жоғары жағындағы ашаларға бақандардың басын біріктіріп тұратын келесі бір керме енгізіп, мықтап байлайды. Кермеге ұзынырақ бір, қысқалау екі арқанды бекітеді. Арқанның ұзындауы аяқты тіреуге, қысқасы отыруға ыңғайланған. Жазғы күнгі айлы түнде қыз бен жігіт арқанға аяқтарын тіреп, бір-біріне қарама-қарсы тұрып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, басқалардың демеуімен тербетілген. Ойын көпшілікке арналған. Қыздар мен бозбалалар жұптасып, алма-кезек ауысып отырған. Тербелушілер ән бастағанда, тамашалаушылар да қосылып, думандатқан. Рухани мұраларға аса бай халқымыздың алтын көмбесінде қаншама ұлттық құндылықтардың сақталып қалғаны сөзсіз. Ал біз сол ұлттық дәстүрлерімізді қаншалықты дәріптеп жүрміз? Тіпті олардың кейбіреуі халық жадынан ұмыт та болған. Айналамызға мұқият қарайықшы. Жылына бір мәрте, онда да ұлттық мерекеде ғана жылт етіп көрініп, қайта ғайып болатын осындай жайттарға кей өрендердің үрке қарайтыны рас. Үрке қарағаны демейікші, «осындай да болады екен-ау» деген таңданыс білдіріп жатады. Ол үшін не істеу керек? Әлбетте, жастарға салт-дәстүрлерге байланысты шараларды көп өткізіп, барынша насихаттау. Расында, Наурыз мейрамында ғана құрылатын алтыбақанға бұрынғыдай қызықтап, асыр салып тербелетіндер аз. Жалпы айтпағымыз, жастардың уақытын тиімді өткізіп, тағылымды дүниелермен сусындауына аса назар аударуымыз қажет. Қалай десек те, кезінде ұлттық мәдениетіміздің мәйегіне айналған ұлттық ойындарды тек мерекелік шара шеңберінде ғана қалдырмай, әрдайым ұлықтап, одан әрі жандандыру – бізге міндет.
Айнұр МАҚСҰТҚЫЗЫ
27 наурыз 2024 ж. 172 0