Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіз сот – тура билік жолы

Тәуелсіз сот – тура билік жолы

Бастығы бар сот тәуелсіз сот бола алмайды Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында сот жүйесіне қатысты: «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған байланысты қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек», — деген болатын.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Сот төрағасы мен Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынып, Жоғарғы Сот судьяларына да сайлау арқылы таңдау қажеттігін айтқан еді.

Осыған сәйкес, судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғары сот кеңесінің мәртебесін нығайтылып, судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне берілді. Сондай-ақ олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналған. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктелді.
Қазақстан демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде жария етілді. Мұндай мемлекеттерде адам құқықтары мен бостандықтары талқыға түскен шақта тағдырының шешілер жері де, жаза атаулының кесілер жері де — сот. Соттың әрбір шешімінің артында адам тағдыры тұр, елімізде адам мен оның өмірінен қымбат құндылық жоқ. Біздің Ата Заңымызда да дәл осылай жазылған. Сондықтан сот төрелігін жүргізетін судьялардың, бабалар тілімен айтсақ, бүгінгі билердің мәртебесі арнайы заңмен айқындалды.
Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі сот жүйесінің кешегі жаңғыруы мен бүгінгі дамуы көз алдымызда және ертеңгі күнге деген мақсаты айқын, сенімі кәміл.
Мемлекетті мемлекет ететін заң десек, сол заңның мүлтіксіз орындалуын қадағалап, әділдік принциптерін жүзеге асыратын орган — сот жүйесі. Баршамызға белгілі, сот мемлекетпен бірге пайда болды. Өткенге көз жүгіртсек, 1991 жылы мемлекет тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басталған саяси, әлеуметтік және экономикалық қайта құру процесі негізінде елімізде ұлттық-құқықтық жүйе қалыптасып, сот реформасы жүргізілді.
          Егеменді елдің сот саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы — соттың іргетасы қаланды. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың VIII съезіне қатысып, еліміздегі сот жүйесінің дамуы мен судьялар мәртебесіне қатысты ойларымен бөлісті. Президент атап өткендей, сот әділ және тазалық принциптеріне берік болуы үшін қоғам мен мемлекет бірлесе күш жұмсауы қажет. Президент съезде жасаған баяндамасында судьялардың кәсіби деңгейі мен сот ісінің сапасына тоқтала келіп, бірқатар басымдықтарды алға қойған болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы судьялықтан үміткерлерге талаптарды күшейту, кандидаттарды іріктеудің жаңа жолын қарастыру, сот үрдісіндегі қағазбастылықты шектеп, барынша оңтайландыру және халыққа ыңғайлы ету, түрлі дау-дамайларды шешуде бітімгершілік тетіктерін қосуды тапсырды.

Президенттің Кеңесте берген тапсырмасынан кейін сот реформасын заңнама тұрғысынан қамтамасыз ету үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің арнайы отырысы өтіп, жиында сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты конституциялық заңға түзету енгізіліп, ол бойынша шаралар атқарылды.
Жоғарғы Сотта әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрылып, мамандандырылған сот алқасы таратылды. Сот жүйесін жаңғырту туралы заң жобасында инвесторлар қатысатын дауларды қарау сатылығы қайта қарастырылды.
Елімізде сот жүйесі қызметкерлеріне мейлінше ашық, анық үндеу жарияланып, барша қазақстандықтың, бизнес өкілдері мен инвесторлардың және бүкіләлемдік қауымдастықтың сотқа деген сенімін жоғарылату міндетін алға қойды. Осындай мақсаты айқын міндеттердің нәтижесінде қазір сот саласы уақыт талабына сай жаңа деңгейге көтерілді деп сеніммен айта аламыз.
Қара қылды қақ жарған кешегі билердің бүгінгі ізбасарлары дауды оңтайлы шешуге атсалысып, араздасқан ағайынды татуластыруға, ел бірлігін нығайтуға өзіндік үлестерін қосып келеді. Сот судьялары мыңдаған адамның тағдыры мен дауын шешіп, олардың құқығы мен бостандығын қорғау жолындағы жанкешті еңбектің нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі нығайды.
Сот залына кірген әрбір судья тек заңға бағынуы керек. Данышпан Абай: «Ұят деген — адамның өз бойындағы адамшылығы», — деген екен. Ендеше, сот үшін бұлжымайтын ереже ар-ұяттан, адамшылықтан аттамау судьялардың басты ұстанымдарының бірі болуы қажет деп санаймын.
Ж.Т.Сарбасова
Шиелі аудандық
сотының судьясы                                                 
25 қаңтар 2024 ж. 297 0