Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы ойраны ойлантады

Отбасы ойраны ойлантады

Әдетте, мемлекет ішіндегі шағын мемлекет деп әспеттейтін отбасының берекесіздігі бүгінде қоғамды кәдімгідей ойлантты. Өйткені жыл өткен сайын шаңырақтағы бала-шағаны шырылдатқан зорлықшылар қатары кемімей тұр. Бұл, шыны керек, мемлекеттік маңызды іске айналды. Сол себепті де, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында отбасы құқын қорғайтын заңнамалар едәуір өзгерістерге ұшырайтынын сөз етті.

Әйелдер – қоғамдағы нәзік топ. Осы нәзіктігін әлсіздік деп қабылдайтын қауымнан жиі зәбір көретіні бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Ал елімізде бейресми статистика әрбір оныншы әйел осы қиындыққа ұшырайтынын көрсетеді.

Неге? «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, қазіргі кезде елімізде ажырасу деректері жылдан-жылға өсіп келе жатқаны ешкімге де құпия емес. Отау құрып, жас шаңырақтың уығын көтерген жастардың некелері неғұрлым берік, мықты болса, жүздеген, мыңдаған «шағын мемлекеттерден» тұратын мемлекетіміздің мерейі де соғұрлым биік, асқақ болмас па?! Рас, өмірдің аты өмір. Келісу де, керісу де, татулық та, ажырасу да, көздің жасы да, жақсы көрудің жалғандығы мен махаббаттың баянсыздығы да кездесіп тұратындығы өмірдің жазылмаған заңы іспеттес. Бұдан ешкім бас сауғалай алмайды.

– Ажырасудың ең бірінші себебі – ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасының дұрыс болмауы. Нақтырақ айтқанда, дұрыс реттей алмауы. Мәселен, отбасындағы жанжалдың 70% алкогольдік ішімдік ішу кезінде орын алады. Оның аяғы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа алып барады. Әйелдер көп зардап шегеді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты – психологиялық, жыныстық, экономикалық және физикалық деп төрт түрге бөлеміз. Осылардың ішінде алимент экономикалық түріне жатады. Оның басты себебі борышкерлерде адамгершілік қасиеттің, отбасылық құндылық, әкелік-аналық жауапкершіліктің жоқтығы, – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерді тіркеу бөлімінің тұрыстық зорлық-зомбылықпен айналысатын маманы Ақжарқын Жұмаханқызы.

Әрине, aжырaсaмын дейтіндерге сылтaу дa, себеп те жетеді. Aлaйдa бәрінен бұрын жaуaпкершілікті тең сезініп, бaлaның жaғдaйын, оның тірі жетім қaлып, жаутаңдап өспеуін ойлaғaн aбзaл. Өз бaлaсының қaмын, оның жaн дүниесі мен болaшaғын ойлaу қaжет. «Отбасында бақытты адам – өмірде де бақытты адам» деген сөз бар. Сондықтан бақытты болу өзімізге байланысты екенін ұмытпайық. Әйел адам әрекет ету қабілеті жағынан өте мықты жаратылыс иесі. Ендеше, әйелдің қолында үлкен күш бар. Сол күшті ұлтты ұйыстыруға, шаңырақты сақтап қалуға бағыттау қажет. Дана бабаларымыз: «Өлi – тiрiнiң азығы, жақсы – жаманның азығы, ескi – жаңаның қазығы» демеушi ме едi? Олай болса ескінің көзін көріп, дана келін, абыз ана атанған ақжаулықтылардың үлгі өнегесін жаңғырта түсуге күш жұмсамасақ болмас.
– «Отан отбасынан басталады» десек, әр шаңырақтың беріктігі мемлекет үшін ауадай қажет. Еркек пен әйелдің құқы жүз жерден тең десек те, отбасындағы әкенің рөлін арттырмасақ, ажырасушылардың саны азаймайды. Бүгінгі таңда отбасылық құндылықты арттыра түсетін жобалар, байқауларды да көбірек ұйымдастырып отыруымыз керек. Үлгі өнеге көрсететін әжелердің ақылын айтуы да кемшіндеу болып жатқан сыңайлы. Бір мәселені шешу үшін оған екі жақты қарай білуіміз керек, – дейді Алғабас ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы А.Әбдіхамитқызы.

Бақыттың білмей бағасын...
Бала – бақытым, барым деуші еді аналарымыз. Ендеше өз бақытын ұрып-соғып, жәбірлеуді қайдан шығардық? Кішкентай ғана сәбиін шыбықпен шыпқыртқанда шырылдаған дауысынан қалай ғана жүрек езіліп кетпейді? Осындайда хакім Абайдың «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» дегені ерексіз еске орала кетеді. Азаматынан ажырасқан әйелдің бар ашуы балаға түсіпті-мыс. Жазықсыз баланы жазалаумен жан жарасы емделер ме? Жоқ, керісінше тағы бір жаралы жанды, өмірге өкпелі баланы өсіретінімізді ойлап та жатпайды екенбіз. Бұлай деуімізге әлеуметтік желідегі аналардың кішкентай бүлдіршіндерді аяусыз соққылап жатқан бейнероликтері себеп болды. Толық отбасындағы жылуды сезіне алмай жүрген сәбилерді балабақшадағы тәрбиешілер де аяп жатқан жоқ. Таяқпен тұрғызып, қабақпен жүргізген қатыгез кадр, мейірімсіз аналардың көбеюіне не себеп?

– Оның ең басты себебі – мейірімнің аздығы. Біз қазір махаббатты, сүйіспеншілікті анайылықпен айырбастап алғандаймыз. Махаббат десе көпшілік ортада өліп-өшіп сүю немесе құшақтасып жүру деп ойлаймыз. Бір-біріне жылы сөйлеп, шүйіркелесе отырып әңгіме дүкен құрудың ауылы алыстап барады қазір. Енді оған күнделікті күйбең тірлікті, қымбатшылық пен жоқшылықты қосыңыз. Отбасындағы кикілжіңнен, кем-кетіктен шаршаған адам, барлық ашу-ызасын қорғансыз балалардан алуға бейім келеді, – дейді психолог Зулфия Жағыпбарова.

Жетімнің көзі жасты екен
Өмір – ертегі емес. Ертегі болмағандықтан сол өмірдің ішінде жүріп көзіңіз домбығып іскенше жылайсыз, кейде көңіліңіз көтеріліп, шат-шадыман сәтті бастан кешіресіз. Осылайша сан алуан оқиға орын алатын ғұмырда аязға үсесіз, аптапқа күйесіз. Алайда, қиындық дегеніміз не? Оны әлдекімдер сияқты тамақтың аздығы, киімнің жоқтығымен шектей аламыз ба? Әсте олай емес. «Тас түскен жеріне ауыр» дейтін болсақ, әр адамның жан тыныштығын бұзып, жүрегіне жара салатын қайғы-қасіреті бар. Ол қайғы-мұңмен әркім әрқалай күреседі. Ал осы қиындықтардың ішінде қоғам болып алаңдайтын жайт бар. Ол – жетімнің көз жасы.

Иә, тамақ табылады, киім көбейеді. Бірақ жетімнің әкесі не анасы қайтадан баланы бауырына басуы екіталай. Сол себепті баланың ата-ана қамқорлығынсыз қалуы біздің елді ғана емес, дүние жүзін алаңдатуда. Қысқасын айтқанда, бұл әлемдегі бірінші орында тұрған мәселе.
Шиелі ауданында да түрлі себептерге байланысты ата-анасынан айырылған балалар аз емес. Кейбірінің әкесі мен анасы жан тәсілім етсе, кейбіреулері жалғызбасты болғандықтан баладан бас тартқан. Ал әлдекімдер заң бойынша ата-ана құқығынан айырылған. Жалпы ауданда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 60-тан астам бала бар. Олардың жартысы қорғаншылықта болса, енді бірі қамқоршылықта. Ал 10 бала патронаттық отбасында тәрбиеленуде. Олардың арасында бір емес, бірнеше баланы бауырына басқандары да бар. Асырап алушыларға мемлекет тарапынан бала тәрбиесімен айналысқаны үшін жәрдемақы төленеді. Ал мектеп жасындағы балалар киім, кітап және ыстық тамақпен қамтылады. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жыл сайын тынығу лагерлеріне, сауықтыру шипажайларына сапар шегеді.

– Жетімнің басын сипағанның өзі сауап емес пе? Сондықтан ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды бауырыма басуды әбестік санамадым. Керісінше бір балам екеу болды деп қуанамын. Оларға отбасындағы жайлылықты, ата-ана махаббатын сезіндіру үшін бар мейірімімді төгуге тырысамын. Өз балалармды қалай жұмсасам, оларды дәл солай тең ұстаймын. Олар бір-біріне бауыр. Әр қазақ біріне-бірі бауыр екенін ұмытпаса деймін, – дейді қос баланы бауырына басқан Ләззат Парманқұлова.
Тастанды бала тағдырына талай мәрте қалам тербегенбіз. Бірақ бұл жолы оң босағада отырып жүкті болған бойжеткендердің ойсыз әрекетін де айта кеткенді жөн көрдік. Жарық дүниенің есігін аша салып, тастанды бала атану қандай қиын? Содан болар қоқыс жәшігіне, әжетхана ішіне тастап кеткен шақалақтардың шырылы «Аңсаған сәбиді» дүниеге алып келгендей. Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіредінің кері емес пе? Біреу сәби таппай жүр, біреу тапқанын тастап жүр. Бір кем дүние-ай!

Әкенің мұз ба жүрегі...
Қазақ мәдениетiнде қашаннан еркек – басшы, әйел – қосшы, еркек – бас, әйел – мойын деп те тұспалдайды. Олай болатын себебi – еркекті құдiреттi Көк Тәңiрiнiң баласы, әйелді – жер рухы Ұмай Ананың баласына теңеген. Атаның күші, ананың сүті деп те тегін айтпайды. Әйел күшті ер адамнан алады. Қорғаным, қамқорым деп сенім артады. Себебі, отбасын асырайтын еркек, ұрпақ көбейтуші – әйел. Бірақ бүгінде бұл түсінік көмескіленіп барады. Әке деген асқар тауды маскүнемдер мен өгей әкелер аласартып жіберді. Әке дегені арам пиғылын жүзеге асырып, қанша бүлдіршіннің тағдырын бүлдірді. «Ішпеші, әке» деп жылаған қаншама бала әкенің қаһарына ілінді. Көпбалалы аналар алимент ала алмай зар жылады. Әйелін балталаған тиран әкенің тірлігін көрген бала түйсігіне не түйді екен? Расыменде, әкелердің жүрегі мұз болған ба?

Түйін. Шаңырағының шырқын алғандардың «алды – жар, арты – соқпақ» екені заң негізінде нақтыланды. Алайда әйел мен бала құқын қорғаушылар заңнаманың әлі де жетіле түсуі керектігін жоққа шығармайды. «Бақытты бала – бақытты отбасында ғана өсіп-өнеді» деседі. Жөн уәж.
10 қаңтар 2024 ж. 257 0