Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 2024 жылы зейнетақы мөлшері 9 пайызға артады

2024 жылы зейнетақы мөлшері 9 пайызға артады

Әні-міне дегенше табалдырықтан ұлу жылы аттағалы тұр. Ал халық арасында «Жаңа жылдан бастап әлеуметтік төлемдердің көлемі артады» деген сыбыс жүр. Жыл сайын осы сынды ақпараттар тарап, базардағы баға да құбыла кетуші еді. Бұл сыбыстың анық-қанығын нақтылау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының әлеуметтік қамсыздандыру ­бойынша аудандық бөлімнің бас маманы ­Олжас Куздеубаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– «Қоры мол ел – халқы тоқ ел» демекші, қай мемлекеттің де береке-бірлікте өмір кешкені – басты мүддесі. Әсіресе,қариясын қажытпаған, жетімін жылатпаған ел – дәулетті. Осы орайда келер жылы қарттардың зейнетақысы мен балалардың жәрдемақысына байланысты қандай өзгерістер болмақ, толығырақ тарқатып өтсеңіз...
– Дұрыс айтасыз. Хабар жедел тарайтын қазіргі кезде ақпараттың шынайылығына көз жеткізу қиын. Әсіресе, халық арасында түсініспеушілік орын алады. Сондықтан осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін сенімді бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат беруді жөн санадық. Алдағы жылы әлеуметтік төлемдерде өзгерістер болады. Нақтырақ айтсақ 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3692 теңгеге өседі. Ал, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге, зейнетақының ең азы 57 853 теңге болып белгіленді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгені құрайды.
– Ал жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай есептелмек?
– 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап зейнетақы мөлшері 9 пайызға артады. Жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК-ні (203 060 теңге) құрайды. 2024 жылғы 1 қаңтардан ­бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР-ның Әлеуметтік Кодексінің 205-бабына сәйкес, ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.
Мәселен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болғанда немесе болмаған жағдайда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 65 пайызы (60 пайыздың орнына) мөлшерінде есептелетін болады. Ал зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылады. Бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 105 ­пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі. Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2024 жылдың 1 қаңтар айына дейін зейнетке шыққандарға да қатысты.
Жоғарыда аталған Заңға сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырып отыр. Ал №1, №2 тізім бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақының бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толық толғанға дейін оның күтіміне ­байланысты мемлекеттік жәрдемақысы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) ұлғаюына ­байланысты көбейетін болады.
– Олжас Асанұлы, бұл өзгерістен мүмкіндігі шектеулі жандар шет қалмайды ма?
– Әрине. Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақыда да өзгерістер болады. Атап айтқанда, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан 95 496 теңге алса, екінші топ 76 397 теңге, ал үшінші топ 52 089 теңге алатын болады. Ал 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 69 886 теңге жәрдемақы беріледі. 7 жастан бастап балалардың мүгедектік топтары белгіленген кезде, бірінші топтағы мүгедек балаларға 95 496 теңге, екінші топтағы мүгедек балаларға 79 435 теңге, үшінші топтағы мүгедек балаларға 69 886 теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Оған қоса Әскери қызмет атқару кезінде денсаулығына зиян келген мүгедектерге де жәрдемақы қарастырылған. Мәселен, I топтағы мүмкіндігі шектеулі жан 139 771 теңге, II топ 119 370 теңге, III топ 100 271 теңге жәрдемақы алады. Ал мүгедек баланың күтіміне 69 886 теңге беріледі.
Сондай-ақ асыраушысынан айырылғандарға байланысты жәрдемақы мөлшерінде де өсім бар. Халыққа түсінікті болу үшін барлығын нақтырақ айтып өтейін. Жәрдемақы мөлшері 1 балаға 39 935 теңге, 2 балаға 73 792 теңге, 3 балаға 97 666 теңге, 4 балаға 112 859 теңге, 5 балаға 119 370 теңге, алты және одан жоғары балаға 130 221 теңге. Тұлдыр жетім 1 балаға 66 847 теңге берілсе, 2 балаға 133 694 теңге, 3 балаға 200 541 теңге, 4 балаға 267 388 теңге, 5 балаға 334 234 теңге, 6 балаға 401 081 теңге, 7 балаға 467 928 теңге, 8 және одан жоғары балаға 534 775 теңге бекітілген.
Бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы 4 балаға дейін 140 296 теңге, 4 және одан да жоғары бала туғанда 232 596 қазақ теңгесін құрайды. 1,5 жасқа дейін бала күтіміне байланысты бірінші балаға 21 266 теңге, екінші балаға 25 143 теңге, үшінші балаға 28 983 теңге, төртінші және одан да жоғары балаға 32 859 теңге болады.
– Көпті толғандырған күрделі мәселенің бірі – көпбалалы аналардың жайы. Табыс табу үшін 4 баласын тастап жұмысқа шыққан қаншама ана қапыда қайғы жұтты. Ендігі жерде көпбалалы ­отбасына көрсетілетін көмектің көлемі арта ма?
– Иә. Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар, барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төленеді. Нақтырақ айтар болсақ, 4 баласы бар отбасыларға – 59 183теңге, 5 баласы барларға – 73 988 теңге, 6 балаға – 88 793 теңге, 7 балаға – 103 598 теңге беріледі. Одан әрі 8 балаға – 118 144 теңге, 9 балаға – 132 912 теңге, 10 балаға – 147 680 теңге, 11 балаға – 162 448 теңге, 12 балаға – 177 216 теңге жәрдемақы қарастырылған.
Сонымен қатар «Алтын Алқа» алқасы мен «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналарға 27 321 теңге, «Күміс алқа» алған аналардың арнаулы мемлекеттік жәрдемақысы 23 629 теңгеге көбейетін болады.
Айта кетейін, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап арттыру ­туралы» ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 19 қазандағы №925 қаулысына сәйкес, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға артады.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
19 желтоқсан 2023 ж. 486 0