Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыс қамсыздықты көтермейді

Қыс қамсыздықты көтермейді

Қызылордада күшті жел тұрса, қалпағын жел айдаған пақырдай, үйлердің қаңылтыр шатырларының қағазша ұшуы тұңғыш емес. Кәдімгідей көз үйреніп, бірақ көңіл қоңылтақсып қалатын ғадетке айнала бастаған. Шиеліде де шатырдың «шайқалуымен» қазір біреуді таң қалдыру бос әуре. Тамыры шіріген діңгегі жуан ағашты дауылдың жұлмалап «ойнауы» да алғаш дей алмайсыз. Мұндай жайттар бұған дейін де болған.
Иә, Сыр өңірінде де табиғат тосын мінез танытты. Жасыратыны жоқ, Қызылорданың желіне етіміз әбден үйреністі десек те, бұл жолғы дауылдың қарқыны қатты. Жойқын жел тіпті көптеген құрылыс нысандарына да кесірін тигізбей қоймады. Шаң мен желдің зардабын шиеліліктер де көрді. Жұртшылықтың жұмыс істеуіне кедергісін келтірген күн райы әуелі жарықтың жиі сөнуінен басталды. Кейін жел тұрып, арты дауылға ұласты. Бұны қалыпты жағдай деп қабылдаған тұрғындар бастапқыда аса мән бере қоймады. Алайда, бастауыш сынып оқушылары сәрсенбі күні онлайн оқуға көшті. Сейсенбіде дауылды боран күшіне еніп, барлық оқушылар қашықтан білім алады деп шешілді.
Алайда, жел үп етсе, жарықтың жылп етіп сөніп қалатын әдеті бар. Бұл жолғы қатты дауылға жарық бағаналарының төтеп бере алмасы айдан анық еді. Қайта-қайта сөнген жарық, көгілдір отынмен жылынып отырған тұрғындардың берекесін қашырды.
– Желтоқсанның желі ызғарлы болатынын білеміз. Алайда, дауылды күні электр сымы үзіліп, жарық сөнді. Жарықпен бірге жылу да болмай қалды. Кішкентай балаларымыз үшін алаңдадық. Қатты дауыл соққанда жарық өшсе, табиғи құбылысқа балар едік, алайда сәл жел тұрса жарықтың жыпылықтап шыға келетіні шаршатты. Тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыруды бірінші кезекте қарастыратын уақыт жеткен шығар. Алдымыз қыс болған соң, бұл жағдай қайталанбаса деп тілейміз, – деді кент тұрғыны.
Тұрғындардың тілегі электр желілерін жаңалау жұмыстары жүргізілсе дегенге саяды. Ал бұл мәселе төңірегінде аудандық құрлыс-сәулет бөлімінің басшысы Дана Смаханұлы «Шиелі кентіндегі электр желілерін ауыстыру үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, жоба құны – 808 млн теңгені құрап отыр. Шиелі кентінде тозығы жеткен қолданыстағы КТПГ-10/0,4 кВ – 10 дана және ВЛЗ-10 КВ ұзындығы – 16,05 шақырым, ВЛИ-0,4 кВ ұзындығы – 12,68 шақырым электр желілері жаңадан ауыстырылатын болады. Қазір электр желілерін реконструкциялау жобасы бойынша өтпелі нысан ретінде биыл ҚР Ұлттық қорынан бөлінетін нысаналы трансферт есебінен 100 млн теңге қаржы игеріліп, 6 учаскеге электр бағаналары орнатылып, 3,5 км СИП желісі жүргізілді. Бас мердігер компания «Энергомера» ЖШС-і» деген болатын.
Сырдың желі мен жаңбыры, бораны көп жайттың астарына үңілуге меңзейді. Олай етпейінше, жалт-жұлт еткен жарықтың жанып-сөніп әбігерге салуы біте қоймайды. Өйткені, салдармен күрес – бір күндік, ал себеппен күрес – мың күндік іс.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
18 желтоқсан 2023 ж. 126 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031